Көкшетау имамы өз еркімен мешітті тазалап, қарын күрейтін ер адамға велосипед сыйлады (фото)
Жер бетіндегі «Алланың үйі» – мешіттің есігін ашқан әрбір адам өзінің сауапқа кенелетінін біле ме екен?..
Жаратушыға құлшылық етіп, Оның разылығы үшін бес уақыт намаз оқып қана емес, адам баласы өзінің шынайы ықыласымен де Алла Тағаланың мейіріне бөлене алады. Алла разылығы үшін, мешітке қолынан келген жақсылығын аямайтын жандар туралы да айта кету артықтық етпейді, деп жазады muftyat.kz.
Көкшетаудағы ескі және жаңа «Науан хазірет» мешітінің байырғы намазханы Рамазан есімді орта жастан асқан азаматтың қашан көрсең де жанарынан жылылық есіп тұрады. Осы бір иманжүзді адамды мешіт жамағатының білмейтіні жоқ шығар, ол кісі «Алланың үйіне» жүрегі байланған адам.
Адамдар бұл намазханды осы мешіт қызметшісі деп ойлап қалуының да өз себебі бар, өйткені қыстың қаһарлы аяз күндерінде мешіттің ауласын қардан тазалап жатқанын, ал күннің аптап ыстығында мешіт ауласына су сеуіп, ауаны салқындатып, шашылып қалған қоқыстарды сыпырып жүргенін көреді. Ол кісіге мешіттің ауласына қарап, қарын күреп, қоқыстарын тазалап, мешіт жамағатымен отырғызылған көшеттерді суғаратын арнайы адамдардың бар екенін айтсаң да, күлімсіреп қана, сабырлы қалпын сақтап, бұл жұмыстарды шын жүрегімен, Алланның разылығын алып, сауапқа кенелу үшін еңбектеніп жүргендігін айтатын. Рамазан ағамыз өзі қаланың шалғай ауданында тұрғанына қарамастан, күннің ыстық-суығына қарамай, мешітке келіп бес уақыт құлшылығын орындап жүреді. Қар кетіп, жер кебе бастаған уақыттан бастап, қыс түскенше өзінің ескі велосипедімен жүреді. Шынайы мұсылманның сипаты деген де осы шығар-ау.
Жақында облыс имамы Қанат Қыдырмин мешіттің осы бір намазханы — Рамазан ағамызға арнайы құрмет жасады. Алланың қалауымен, ол кісіге су жаңа велосипедті сыйға тартты. Сондағы Рамазан ағаның балаша қуанғанын көрсеңіздер… Қуанышын жасыра алмай, оған жаңа «тұлпар» сыйлаған жандарға жүрекжарды ақ батасын берді. Ырыс пен береке, иман мен жақсылықтың ошағы – «Алланың үйіне» жасаған әр ісіңізге Алла разы болып, мол сауаптан жазсын деп тілегімізді білдірдік.
Бақыт Смағұл
Жіберіп алмаңыз:
Қазақстанда депутаттардың жалақысы көтерілді
Медбикелер шетінеді деген сәби денесін өртейтін кезде тіріліп кетті