Қазақтың ұлттық ойыны «көкпар» сөзінің шығу тарихы қандай?
Сөз қадірі – өз қадірің. Себебі әдепті сөйлеу, сөзді өз орнымен қолдану –ақылдылықтың белгісі. Оған халық ауыз әдебиетін, әсіресе, мақал-мәтелдерді жетік біліп, әр сөздің сырына үңіліп, кітапты көп оқу арқылы жаттығып, төселеді.
Ұлттық ойын атауы «көкпар» сөзінің шығу тегіне байланысты ғалымдар арасында пікірлер көп.
Бірі – көк және бөрі сөздерімен байланыстырса, енді бірі "көк бөрте" дейді. Тағы бір нұсқасында "көкпар" сөзіндегі "пар" бөлшегі паршалау, пәрелеу деген сөздерден шыққандығы айтылады. Мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алып, оны ат үстінде жүріп бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналыпты.
Бертін келе қазандыққа бөрінің орнына үш-төрт жасар серке салып ойнау үрдісі қалыптасқан.
Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз тілінде "көк бөрү", “улак тартыш (тартуу)”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған.
Ал abai.kz сайтында Серік Әбдірешұлының «көкпар» сөзіне жасаған мынадай талдауын береді:
«Көкпар» сөзінің этимологиясына келсек, оның негізінен екі нұсқасы бар. Біреуі – «көкпар» сөзінің «көк бөрі» тіркесінен шыққандығы. Алайда, түркілер кие тұтатын бөріні құрбан етіп, көкпарға тартса не болғаны?! Бұл ешбір тарихи-рухани мәнсіз, қисынсыз жорамал. Екінші нұсқа бойынша көкпар – «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Олай болса, ол сол күйінде «көкбөрте» болып неге өзгермей қалмады? Үндестік жағынан қарағанда «көкпар» дегеннен «көкбөрте» немесе «көкбөрі» күйінде өзгермей қалу мүмкіндігі зор еді... Мәселе «көкпар» сөзінің бөріге де, бөртеге де қатысының жоқтығында! Сонымен, мәселе «пар» сөзінде...
«Пар» сөзі жалпыадамзаттық аса ежелгі сөздердің бірі және ол көп тілдерге жайылғанымен негізгі семантикасын жоймаған. Пар – бөлік, бөлшек.
Көз жеткізу үшін бұл сөзге қатысты біршама сөздерге тоқталсақ.
- пар – екі бөліктен тұратын жұп;
- пара – түрікше ақша, «кесек», «бөлік» деген мағынада;
- пара – бiр нәрсенiң бөлшегi, бөлiгi, саласы,үлесі, «Бұл жұрттың сөз тыңдамас бiр парасы» (Абай);
- пара-пара – быт-шыт, күл-талқан, дал-дал: бірнеше бөлшекке бөліну,
- пар+тия – тауардың не әлеуметтік топтың бір бөлігі;
- парша – жіктелгіш, бөлінгіш мата;
- паршалау – осу, бөлу, үлестеу.
«Көкпар» сөзінің ежелгі сөз екенін ескерсек, мұндағы «пар» буыны бұл жерде «үлес», «сыбаға» мағынасында қолданылған. Дәлірек үңілсек, «көк+пар» тіркесі: «Көктің үлесі», «Көктің жыртысы» мағынасында. Демек, көкпар тарту - түпкі мазмұны бойынша Көктің үлесіне, несібесіне таласу болып табылады. Дәлірегі – Көктегі ай-жыртықты жамау қызметіне жарау. Тәжіктерде сақталған түркілік «боз қаш» - «боз қас(қа)» тіркесінің мәні де осында болса керек.
Қазақтың кез келген сөзі қасиетті. Ол бір жылда қалыптаспайды, бірнеше жылдардың, тіпті, бірнеше ғасырдың жемісі болуы мүмкін. Сөздің тарихын білу арқылы ұлтымыздың тарихына үңілеміз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген екен. Сондықтан, аузымыздан шыққан әрбір сөзімізді бағалаған жөн.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
