Көк тиыным жоқ: Мақпал Жүнісова қызының болашағына неге ақша жинамайтынын айтты
Мақпал Жүнісованы әріптестері бай әншілердің қатарына жатқызады. Алайда Халық артисі өзгелер ұқсап банкте миллиондап ақша ұстамайды, қосымша табыс әкелетін ешқандай бизнесі де жоқ. Бір қызығы, өнер иесі жалғыз қызының болашағы үшін де аса алаңдамайтын көрінеді.
Бұл туралы Мақпал Жүнісова Әйгерім Сейфолланың “Сырласу” бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.
Сұхбат барысында әнші не себепті тойға жиі шығатынын түсіндірді.
“Бізге: – Сендерге не жетпейді, неге тойға шығасыңдар, – дейді. Бірақ әннің бәрін кім жасатады? Композитор оны төлемейді. Әр өлеңнің аранжировкасы 1000 доллардан”, – дейді Мақпал Жүнісова.
Бүгінде өнерде жүрген әншілердің көпшілігі жеке студиясын ашып, табыс тауып жүр. Осылайша өнер иелері өз әндерін өздері жазып, ақша үнемдеудің жолын тапқан. Алайда Мақпал Жүнісова оны да ойламаған көрінеді.
“Кассада әлі көк тиын ақшам жоқ. Мен жан-жағымдағы адамдардың бәрі жақсы өмір сүрсе деймін. Кезінде Зәкең екеуміз 20 жыл ақша жинадық. Сол жинаған ақшамызды бір күнде тонап кетті. Содан кейін ақша жинамаймын. Құрып кетсін әрі, аштан қалып өлмеспін. Өлсем, өз обалым өзіме. Мерейге айттым, мен саған ақша жинамаймын дедім. – Мама, неге? – деп көзі бадырайып таңғалды”, – деген Халық артисі жалғыз қызын өз еңбегімен ақша табуға үйретіп жүргенін айтып қалды.
“Басыңда миың бар, өз еңбегіңмен өзіңе ақша табасың, дайындап бермеймін, – дедім. Мысалы, менің әкем бай болған жоқ, әкем – шопыр. Зәкең әкесін де көрмеген, жалғыз шешесінің тәрбиесін көрген. Институтты 6-мен бітіріп, қаланы басқаруға дейін жеткен. Мерейге айттым, ол да байдың тұқымы емес, мен де байдың қызы емеспін. Құдайға шүкір, зәулім үйіміз тұр. Осы үйді сатып, бір бөлмелі үйде тұрсаң да өлмейсің. Осы үйді саған қалдырып кетемін, ар жаққа алып кетпеймін ғой. Ал мен саған арнайы ақша жинамаймын. Сонда сен не істейсің? Аузыңды ашып, тамақты салып жата бересің бе? Еңбек ет, – дедім.
Егер жұмыс табылмаса қайтем? – дейді. Қазіргі жағдайды да зерттеп біліп жүр. Көптеген жастар жұмыссыз жүр. Пәленбай дипломмен базарда тұрған адамдар да бар. Сондай болып қалсам қайтем, дейді. Жақсы өмір сүргің келе ма, үш жерде жұмыс істесең де табасың. Жалғыз қыз болса қайтейін? Мен оған қазірден бәрін үйретіп жатырмын”, – дейді Мақпал Жүнісова.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.