Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Егер жасанды интеллектіні қазір реттемесек, майнингтің қателігін қайталаймыз – Депутат

Фото: parlam.kz

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысында "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Заң жобасы Қазақстан Республикасындағы жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оның ашық, қауіпсіз және реттеліп дамуының құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.

"Біз бүгін аса қызық, аса таңсық мәселемен алдарыңызға шығып отырмыз. Бұл – жасанды интеллект мәселесі. Қазақстан біздің аймақта, тіпті ТМД аймағында тұңғыш рет “Жасанды интеллект туралы” заң әзірлегелі отырғанын жақсы білесіздер. Осындай заңды жасап, мүмкіндігінше Орта Азия аймағында, ТМД аймағында өзінің көшбасшылық позицияларын сақтағысы келеді. Сол үшін еңбектеніп жатырмыз", - деді мәжіліс депутаты Айдос Сарым. 

Жаңа заң жобасын мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева таныстырып, көп елдер әлі мұндай заң қабылдауға асықпай отырғанын атап өтті.

“Бұл құжатты әзірлеу барысында біз технологиялардың дамуын тежеуді емес, оны сүйемелдеуді, сонымен қатар қандай да бір құқықтық дәліз белгілеуді басшылыққа алдық. Әлгі технологиялар соның аясында дамуы керек. Бұл бір жағынан оның дамуына ықпал етеді. Минималды құқықтық реттеусіз технологиялар да дамымайды. Өйткені бұл технологиялар ірі инвестицияларды талап етеді. Бірақ ешқандай инвестор заңнамасы белгісіз юрисдикцияға келмейді”, – деді ол.

Бұл ретте ол заңнамамен реттелмегендіктен, майнерлермен болған жайтты еске салып өтті.

"2017 жылы компаниялар келіп: "Майнинг бойынша қандай да бір шектеулер бар ма?" деп сұрағанда: "Жоқ, орната беріңдер" дедік. Орнатты. "Қайда қосуға болады?" дегенде, "Қайда қосқыларың келеді, сонда қоса беріңдер" дедік. Өйткені (заңнамамен – ред.) реттелмеген ғой, 2017, 2018, 2019 жылдары олар қосты. Ал 2021 жылы біз жарықсыз қалдық. Сол кезде майнерлерді шектеу, өшіру, тәркілеу және т.б. арқылы қыса бастадық. Сондықтан о баста ойын ережелерін белгілеп алмасақ, заңнама тұрғысынан реттеуді кешеуілдетсек, бұл да үлкен қателік болады. Міне, заң жобасында осындай ойын ережелері қарастырылған”, – деп түсіндірді ол.

Заң әзірлеушілердің түсіндіруінше, жасанды интеллект саласы:

  • барлық жасанды интеллект жүйелері қауіп деңгейі бойынша реттеледі;
  • өндірушілер мен иелері жасанды иентеллекті таңбалауға міндеттеледі;
  • толық автономды жасанды интеллект жүйелерін құруға, пайдалануға, дамытуға тыйым салынады.

Сондай-ақ, заң жобасына сәйкес, жеке тұлғаның жүріс-тұрысын бұрмалайтын түйсіксіз, манипулятивті әдістер қолданатын; жеке тұлғаның жасына, мүгедектігіне және т.б. осалдығын пайдаланатын; Интернеттен бет бейнесін мақсатсыз алу арқылы бет-әлпетті тану деректер базасын құратын; келісімсіз жеке тұлғаның эмоцияларын анықтайтын жасанды интеллектер жүйесіне де тыйым салынбақ.

Заң жобасы 7 тараудан, 27 баптан тұрады. Ол деректерді қорғау, азаматтардың қауіпсіздігі, жасанды интеллект жүйелерінің ашықтығы және отандық технологияларды дамыту сияқты бағыттарды қамтиды.

Заң жобасында бес негізгі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізу ұсынылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жасанды интеллект саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік енгізіледі. "Дербес деректер туралы" заң құпия ақпаратты қорғау талаптарымен толықтырылады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңда жасанды интеллектке байланысты қауіп туралы ақпараттандыру талабы енгізіледі. "Ақпараттандыру туралы" заңда мемлекеттік қызмет көрсетудегі жасанды интеллектке қатысты нормалар қарастырылады. “Масс-медиа туралы” заңға контенттің ЖИ көмегімен жасалғанын көрсету міндеті енгізіледі.

Құжатта осы саладағы әзірлеушілер мен ғылыми жобаларды мемлекеттік қолдау тетігі де белгіленген.

Айнұр Мұхади
Жұма, 25 Сәуір, 2025 16:56
Талқылау