Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоғам қайраткері: Дүнгендер жергілікті билікті сатып алған

Қордай оқиғасы тұрмыстық жанжал, түсініспеушіліктің салдарынан туындап, жаппай төбелеске ұласқан тәртіпсіздік деген сияқты пайымдар айтылғанымен мен мұндалап тұрған түйткілдерді ешкім жасырып жаба алмайды. Қайнай қайнай сүт те тасиды. Ерегес, төбелес, жаппай тәртіпсіздік, қирату, өртеу. Иә, бұл келеңсіздіктер болды, бірақ еріккенің, желіккенің ісі емес, басынғанға ашынғанның жауабы. Иә артық та кеткен шығар, бірақ алдын алуға болар еді. Қордаланған проблемаларға көз жұмылмағанда. Қоғам өкілдері, ғаламтор, жұртышылық қазір осы пікірді жиі айтып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Қордай

Жабулы қазан күйінде жабылып келген түйткілдердің түбі жарып шығатыны күмән туғызбайды. Аптада Ақ Ордада өткен жиында да осы жайттар айтылды. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жауапты орындарды сынға алды. Болар іс болды, ендігіде мұндай жаттарды болдырмау ләзім. Қауымдасып өмір сүрмей, ауылдасып бірге жасаудың жолы мен жөнін ойлау басты міндет. Ассемблея болсын, жергілікті билік болсын, ел, қоғам үшін ортақ бір мүдде керек.

"Менің ойымша жергілікті билікті олар түгел сатып алған", - деп пікір білдірді экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан. 

Аптаның басын ала жиі жинала бермейтін Қауіпсіздік кеңесінің отырысы шақырылды. Кеңес төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған оқиғаға өз бағасын берді. 

Елге белгілі қаржыгер, экономист Меруерт Махмұтова да Қазақстан халықтар Ассамблеясына шүйлігіп отыр. Бірнеше құрылымнан тұратын ұйымды қаржыландыруға жергілікті бюджеттен шамаман 2,7 миллиард, республикадан үш жарым миллиардтай ақша бөлінеді дейді. 

"Ондай қаржыға қаншалықты жұмыс атқарылып жатыр деген сұрақ туып отыр. Бұл қаражат ақталып жатқан жоқ. Этникалық қарым-қатынасты зерттеу, тұрақтандыру керек дегендей. Ассамблеяда тек қана би билеп, ән айтудан басқа осындай мәселелерді анықтаумен айналыспаған", - деді Меруерт Махмұтова.

Қаржыгер ұлтаралық қатынастарды тәртіптеу міндетін жергілікті мәслихаттарға жүктеп, артылған қаражатты білім сапасын арттыруға, ағартушылыққа бағыттаған дұрыс деп пайымдайды.

Айтпақшы, Ассамблеядан сайланатын тоғыз депутаттардың бірі  Шәкір Хахазов - дүнген ұлтының өкілі. Қордай қақтығысы орын алғаннан соң өңірге келіп, қандастарының алдына келіп сөйлеген сөзі қазір ғаламторды кезіп жүр. 

"Турасын айтайық, біз дүнгендер, бақуатты халықпыз. Бізде ақша бар. Қолымыздан жұмыс келеді, бір-бірімізді қолдай аламыз. Бірақ осы ақша кейде бізді бұзады", депті дүнген депутаты. 

Қордай ауданында өткен халықтық жиындарда жұрт біраз базын айтты. Билікке де олардың біраз-кем өкпелері бар. Кезінде қазақ қызы зорланған кезде ауыз аштыртпаған: қойыңдар, ушықтырмаңдар деп тиған. Мұғалім соққыға жығылғанда да басу айтып тоқтатылған екен. Енді міне 80-дегі қарияны соққыға жыққандарды жазалауға құлықсыздық танытқан. 

Қазір Алматыда ауруханада жатқан Төлеген ақсақалдың жағдай жақсы көрінеді. Беті бері қарапты. Жаппай қақтығыстан үш күн бұрын таяққа жығылған қарияға түсірілім тобы кіргізілмегендіктен, журналистер оның халін телефон арқылы сұрап біліпті. 

"Бұл бүгін пайда болған мәселе емес. Сол себепті үлкен зерттеуді қажет етеді. Мұның арты шенділерді жаулап алған жемқорлық мәселесі екендігі анық. Парақорлық елімізге абырой алып келмейді", - деді қоғам белсендісі Арман Шораев. 

Талқылау