"Көбісі нарықтан кетеді": Дәріхана иелері дәрілерді міндетті таңбалауға қарсы шықты
Дәріхана иелері дәрі-дәрмекті таңбалауды міндеттеу мәселесіне алаңдаулы. Олар қоймаға дәріні қабылдау үшін қымбат сканерлер сатып алып, қосымша қызметкер жалдауға тура келетінін айтады. Ал денсаулық сақтау министрлігі жалған дәрі-дәрмекпен күресу үшін таңбалау енгізіліп жатқанын алға тартады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек тек арнайы таңбалаумен сатылады. Бірақ дәріхана иелері бұған қарсы. Дәрілік заттарға арналған кодтарды фармацевтикалық өндірушілердің өздері қолданады. Оларды сату үшін дәріханалар кассалық аппарат пен тауарларды бақылайтын 2D сканерін сатып алуы керек. Бизнесмендер бұл шағын дәріханалар үшін қолжетімсіз дейді. Себебі олар қосымша шығынға ұшырайды.
“Екі сканер орташа есеппен 500 мың тұрады. Бір сканер, екі сканер – миллион. Қазіргі уақытта фармацевт-кәсіпкерлердің көпшілігі мұндай шығындарды көтере алмайды”, – деді дәріхана иесі Камилла Коберидзе.
Ал оларға жеңілдетілген несие берілмейді екен. Демек көптеген шағын дәріханалар нарықтан кетуі мүмкін дейді. Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпкерлер үлкен шығынға ұшырамайды деп сендіреді. Олар 2D сканерлерін алмастыратын қосымшаны әзірлеп жатыр.
“Дәріханалар утилизацияны жүзеге асыра алатын қосымша болады. Немесе бұл – 2D сканері. Олардың базарлардағы бағасы 25 мыңнан 110 мыңға дейін”, – деді денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті басқармасының басшысы Ерік Құлшанов.
Сарапшылар таңбалау контрафактілікпен күресуге көмектесетініне сенімді. Өткен жылы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, заңсыз өнімді сатудың 66 фактісі анықталған. Сонымен қатар контрафактілік тауарлардың нақты көлемін анықтау қиын.
"Бұл жерде біз тек халықтың, халықтың қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Біз нарықта тіркелмеген, контрафактілік дәрілерді кездестіреміз”, – деді "Даму" Оңтүстік Қазақстан облысы фармацевтикалық және медициналық ұйымдар қауымдастығының жетекшісі Хадиша Әлжанова.
Кәсіпкерлер таңбалау жүйесін жеңілдетуді сұрап отыр. Сонымен қатар қазір дәріханалар GPP стандартын енгізіп жатыр, бұл бизнесмендердің әмияндарына да әсер етеді.