"Басқа қозғайтын мәселе жоқ па": Депутат Дәулет Мұқаевтың жазбасы елдің наразылығын тудырды
Мәжіліс депутаты Даулет Мұқаевтың әлеуметтік желідегі жазбасы тағы да қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жолы Мұқаев кейбір адамдардың "Олжас" есімін қате айтуына қатысты пікір білдірген. Threads желісінде жарияланған қысқа жазба қолданушылардың наразылығын туғызып, 350-ден астам адам пікір жазған.
“Орыстар "Олжас" деген атты айтқанда неге "Алжас" дейді де, "Ольганы" айтқанда, "Альга" демейді?! Әлде біз білмейтін қандай да бір ережелер бар ма?”, – деп жазған депутат.
Пікір қалдырғандардың басым бөлігі елде қаншама мәселе шешілмей жатқанда депутаттың түкке тұрмайтын дүниені айтқанына кейіді.
"Сарбаз бейбіт уақытта әскерде көз жұмды. Азық-түлік қымбат. Ет қымбат. Коммуналдық қызметтер қымбат. Жарық, газ, су, бензин бәрі қымбаттады! Кешкі 17:30-да қараңғы түседі, уақытты кері қайтарыңдар. Ауыл мен басқа өңірлер дамымаған! Доллар қымбаттап жатыр, теңге күн сайын құнсызданып барады! Педофилдерге өлім жазасы қарастырылмаған", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Басқа пікір қалдырушылар да бағаның өсуі мен жалақының аздығына шағымданып, "депутаттар өз міндеттерін ұмытып кетті" деп сынады.
"Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылаңыз, мырза депутат. Басқа мәселе жоқ па? Даулет мырза, еліміздегі бағаның шарықтауына назар аударыңыз", – деп жазды көпшілік.
Желіде Мұқаев пен оның әріптестеріне қатысты сыни пікірлер де кездеседі.
“Мемлекет сені толық қамтамасыз етіп отырғанда қойылатын сұрақ осындай болады” дейді біреу.
“Ет 5-6 мың теңгеге жетті, біреуі анасын құттықтап, екіншісі тредсте түкке тұрмайтын дүние жазып ерігіп отыр" деді.
“Депутат бола тұра осындай қарапайым нәрсеге назар аударады. Депутаттың шаруасы жоқ па? Елдегі бүкіл мәселе шешілді ме? Енді тек екпінмен күресу қалған секілді. Азық-түлік неге қымбаттап барады, салық негізсіз көтеріледі, жалақы сол баяғы қалпында. Депутат секілді өзекті мәселелерді шешіңіз" деп ақыл айтты желі қолданушысы.
Бір пікірге депутат былай деп жауап берген.
"Мәселе жеткілікті. Қажет жерде айтамыз, қажет жерде жазамыз! Бұл – ең алдымен менің жеке әлеуметтік желідегі парақшам, не жариялайтынымды, не жазатынымды өзім шешемін. Бұл – менің парақшам, менің ойларым, менің әлемім. Бұл тек мәселелер туралы жазу үшін ғана ашылған парақша емес", – деді Даулет Мұқаев.
Кейбір қолданушылар Мұқаевты қолдап, оның да қарапайым адам екенін айтты.
Айта кетейік, Даулет Мукаевтың Threads парақшасында оның депутат екені көрсетілмеген. Бірақ оның суретінен пиджагындағы депутаттық төсбелгіні байқауға болады.
Наурыз айында Даулет Мұқаев әлеуметтік желіде үй киімдерін, ішкиім мен шұлықтарын сақтайтын шкафты көрсеткен видеосын жариялады. Бұл әрекеті де көпшіліктің ашуын туғызып, "елде шешілмеген мәселе жоқ па?" деген сұрақ тудырды.
Сәуірде депутат тағы да ел назарына ілікті. Ол көпшіліктің балаға тұсау кесу рәсімін өткізіп беруін сұрап жатқанын жазған. Әлеуметтік желі қолданушылары сол кезде "депутат деген – мемлекеттік билік өкілі, соған сай болу керек" деп сынаған.
Даулет Мұқаев – 2023 жылдың наурызынан бері Мәжіліс депутаты. Семе́й қаласында туған, 33 жаста, үйленген, үш баласы бар. Бұған дейін редактор, продюсер болып жұмыс істеген. 2019–2023 жылдары "Хабар" телеарнасында "Баспанаға бағыт", "Бизнеске бағыт" және "Әрекет" бағдарламаларын жүргізген.

"Бұттарыңызды жауып отырасыздар ма?": Қазақстандық қыз-келіншектер қоғамдық орындағы мэнспрендингке шағымданды
