Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қызылордалық азаматтар "Еркін Әуелбеков" медалімен марапатталды

22 қарашада Қызылордада Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің ескерткішінің бой көтеруіне үлес қосқан сырбойылықтарды марапаттау шарасы өтті. Аталған шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәліұлы сөз сөйлеп, қоғам қайраткерінің өмірі мен өнегесі туралы баяндады. Басқосуға сондай-ақ жергілікті зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Осыдан бірнеше күн бұрын Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Көкшетау қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің еңселі ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі болды. Тарихи тұлғаға арналған нысан құрылысына қызылордалықтар да ерекше үлес қосты. Сырбойылық азаматтардың демеушілігімен ескерткіштің бой көтеруіне 8 млн теңге қаражат жиналған. Танымал тұлға тұғырын орнатуға атсалысқан жергілікті азаматтарды "Еркін Әуелбеков" қоры облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат "Еркін Әуелбеков" медалімен марапаттады.

Қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарында басшылық лауазымда болып, аталған аймақтардың экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында еңбек еткен. Бірнеше мәрте ауыл шаруашылығы министрі ретінде аграрлы саланың өрістеуіне елеулі үлес қосқан. Елдің дамуы жолында аянбай тер төккен тұлғаны ардақтау мақсатында өткен жылы Еркін Әуелбековтің Қызылорда облысында 90 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Дидар Халық
Сейсенбі, 23 Қараша, 2021 10:05
Талқылау