Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада аула сыпырушылар қоғамдық көлікпен қалада тегін жүретін болды

Қызылордада 1 маусымнан бастап "Қызылорда тазалығы" мекемесінің жұмысшылары қоғамдық көлікпен тегін жүретін болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен болған кездесуде айтты.

автобус 2022

"Қызылорда тазалығы" кәсіпорнында 18 жылдан бері еңбек етіп етіп жүрген Гүлайым Қарғабаева қабылдау кезінде қоғамдық көлікпен жиі қатынайтынын, ол қалтаға едәуір салмақ салатынын айтып көмек сұраған.

"Мысалы үшін, ең болмағанда қалалық автобустармен жүру кезінде жеңілдіктер болғанын қалаймын. Өйткені біз қоғамдық көлікпен күнделікті жүреміз, ал жалақымыз болса бұған жетпейді", – деген әйел.

Облыс әкімі бұл мәселенің табан астында шешімін тапты.



"Сіздердің мекеме қызметкерлеріне қалалық автопарк автобустарында тегін жүруді қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын. ЖШС-да қанша қызметкер болса, соларға арнайы билет шығарылады. Екі жүз болса екі жүз, үш жүз болса демек үш жүз", –  деді Нәлібаев.

Облыс әкімі "Қызылорда тазалығы" мекемесінің жұмысшыларының еңбегі аса жауапты әрі қиын екенін атап өтті.

"Сіздер күн сайын, ауа райының қандай екеніне қарамастан, көшеге шығып жұмыстарыңызды жасайсыздар және біз мұны жоғары бағалаймыз", –  деді Қызылорда облысының әкімі.

Тазалық мекемесінің жұмысшылары енді 1 маусымнан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру билетіне ие болады. Бұл туралы қала әкімі Асылбек Шәменовке тапсырма берілді.

Талқылау