Қызылорда облысында ауыр босанған әйелге қан құю кезінде "ВИЧ" инфекциясын жұқтырған
Әлеуметтік желіде Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында босанғаннан кейін ауыр жағдайда түскен әйелге 12 донордан қан құйғаны туралы ақпарат тарады. Әйелге қан құйылған бір айдан кейін оған АИТВ диагнозы қойылған. Оқиға тіркеліп, денсаулық сақтау министрлігіне жолданғаны айтылды. Алайда ауруды жұқтырған адамға мүлдем шара қолданбаған. Дәрігерлер тергеу жүргізудің орнына, медициналық БАҚ-қа жария етпеу туралы ескерту жасалған. Ең сорақысы, науқасқа ақша ұсынылған деген дерек бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: belta.by
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылау басқармасына былтыр 11 желтоқсанда сағат 09.50-де В.20 диагнозы бойынша жедел хабарлама түсті. Алғашқы эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес жаңа босанған әйелге қан құйылған. Себебі әйел босану кезінде көп қан жоғалтып, 12 донордан қан алуға мәжбүр болған. Алайда 1 айдан соң қан реципиенті ретінде АИТВ-ға (Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы) 14 қарашада 110.2 коды бойынша мамандар қан сынамасы алған.
Мәліметтерге сенсек, ИФА, Genscreen HIV және ИХЛА Архитек әдістерімен тексеріліп, нәтижесінде "күмәнді" нәтиже берген. Қызылорда облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мәліметінше, науқас былтыр 22 қыркүйекте сағат 17:55-те жедел жәрдеммен облыстық перинаталдық орталыққа жүктіліктің 40-аптасында жеткізілген.
"2024 жылдың 23 қыркүйегінде сағат 02:25 табиғи жолмен ұл бала босанған. 23 қыркүйекте сағат 04:25-06:00 аралығында жатырдан қан кетуіне байланысты лапаротомия әдісімен бірінші ота жасалған. 23 қыркүйекте 17:00-19:05 аралығында қайтадан жатырдан қан кетуіне байланысты екінші ота жасалған (жуырда жасалған лапаротомия орнында қайта лапаротомия жүргізіліп, оның барысында жатыр экстирпациясы жасалды). 23 қыркүйек пен 16 қазан аралығында облыстық перинаталдық орталықта емін алып, 16 қазан күні үйіне шығарылған", – делінген жазбада.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл іске қатысты ведомство тексеру жүргіліп жатқанын мәлімдеді.
"Әрине, бұл жағдайда денсаулық сақтау министрлігі тиісті тексерулер жүргізіп жатыр. Сондықтан қазір ешкімнің жауапкершілікке тартылмағаны туралы айту мүмкін емес. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады", – деді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар қызылордалық полиция қылмыстық іс қозғап тергеу жүргізіп жатыр.
"Аталған факті бойынша медицина қызметкерінің өз кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау белгілері бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша заңда белгіленген тәртіпте процессуалдық шешім қабылданады", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Германияның Берлин қаласында Шарите емханасы тағы да адамның иммун тапшылығы вирусынан науқасты емдеп шығарды. Алғаш рет клиника 2008 жылы адам ағзасынан АИТВ-ны алып тастай алды. Клиниканың мәліметінше, 60 жастағы науқаста бес жыл бойы АҚТҚ белгілері байқалмағаны айтылған. Алайда ол осы уақыт бойы вирусқа қарсы ем қабылдамаған. Дәрігерлер оның иммун жүйесі қазір қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтты. Әлемде АИТВ жұқтырған 39 миллион адам бар, сондықтан ауруды емдеу деңгейі өте төмен болып қала береді.