Қызылорда облысында биыл 48,6 миллиард теңгеге 43 медициналық нысан іске қосылды

Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 10 миллиард 763 млн. теңгеге 28 медициналық нысан салынатынын мәлімдеді.
"Қызылорда қаласында 36 миллиард 400 миллион теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқын алды, 5 миллиард 400 миллион теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар салынды. Шиелі ауданында 2 миллиард 300 миллион теңгеге бой көтерген жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты ел игілігіне табысталды. Құрылысына 2 миллиард 200 миллион теңге бөлінген дәл осындай жаңа нысан жақын күндері Арал ауданында ашылады”, – деді өңір басшысы.

Қызылода облысының әкімі бұрын-соңды өз ғимараты болмаған Қан орталығы бүгінде жаңадан салынған нысанда халыққа қызмет көрсетіп жатқанын айтады.
“Оған қоса Үкімет облыс орталығында 48 миллиард 500 миллион теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық, 14 миллиард 780 млн теңгеге 500 орындық емхана салуға тиісті қаулы қабылдады. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталады. Тағы бір 400 орындық емхана салу жоспарланып жатыр. Халық сұранысына сәйкес соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен бөлінген 5 миллиард 400 млн. теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынып, барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды", – деді Н.Нәлібаев.

Кейінгі жылдары 24 медициналық нысан 6 миллиард теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткізілді, 15 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жабдықталу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға артты (республикада 85,6 пайыз).

Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру мәселесі ұдайы назарда. Халықаралық байланыстың артуы мамандардың тәжірибе алмасуына жол ашты. Өткен жылы 15 дәрігер Түркияның жетекші медициналық клиникасында білім жетілдірді. Биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі үздік клиникаларда біліктілік арттырды.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған