Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызыл адвокат": Абзал Құспан мен Болат Әбіловтің арасындағы сот неден басталды?

Белгілі заңгер Абзал Құспан кәсіпкер-меценат, қазіргі оппозиция өкілдерінің бірі Болат Әбіловті өзіне "жала жапты" деп айыптап, сотқа берген. 23 тамызда өткен сот заңгердің шағымын қанағаттандырып, Әбіловке айыппұл салады. Істің мән-жайын айтқан Құспан кәсіпкерге не себепті шүйліккенін түсіндірді, ал айыпты болған Әбілов сотқа қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Куспан Абилов коллаж

Заңгердің сөзінше, Әбілов сұхбаттарының бірінде өзін және "Аманат" комиссиясын көрінеу қаралап, жала жапқан.

"Әуелі, жүргізушінің сұрағына орай "Абзал Құспан және Айман Умарова – биліктің, үкіметтің қызыл адвокаттары"  деп алады да, оған дәлел ретінде мына сөздерді айтады: (түрмеде азап көрдім деген Қосай Маханбетовтің сөзі – ред.) "Сол күнде Қосай түрмеде азап көріп жатқанда есік ашылып, адвокат Абзал Құспан келеді. Мен заңгермін, қасымда прокурор тұр, қандай шағымдарыңыз бар дейді. Біз барлығын Абзалға тура айтып бердік. Ол жазып алды да есікті жауып, шығып кетті! Ештеңе өзгерген жоқ! Азаптау әрі қарай жалғаса берді". Мына сөздерді тыңдаған адам бізді, яғни комиссияны адамдарды ұрып жатқан сәтте камераға келіп, ешқандай көмек көрсетпестен кетіп қалды және біз кеткеннен кейінде азаптау жалғасқан деп тура түсінеді, солай ғой?" –  деп таңданады Құспан.

Заңгер Қосай Маханбетовтің айтқан сөздері шындық екенін айтып, оған сәйкес ұрып-соғу 8 қаңтарда орын алғанын, 3 күн бойы, яғни 11 қаңтарға дейін ас-су бермегенін, 15 қаңтарға дейін салқын жерде жатқанын растап, алайда өзі бастаған комиссияның 25 қаңтарда кіргенін мойындайды. Маханбетов осы оқиғалардың барлығын сол күні айтып берген.



"Бірақ көпшілікке таратқан ақпаратында Болат Әбілов бізді тек қана "биліктің адамы", "қызыл адвокат" деп айтқаны үшін сотқа берді деп көрсетті. Шындығында сотқа жүгінуіміздің ең негізгі себебі Қосай айтты деп бізді ел алдында қаралауы болатын және ол тек менің емес, бүкіл комиссиямызға жабылған жала еді", – деп түсіндіреді ол.

Өткен аптада Алматы қалалық сотында Болат Әбілов 23 тамызда шыққан сот қаулысына шағым түсірген. Онда Әбілов өз сөздеріне дәлел ретінде Қосай Маханбетовтің сөздерін жалғап, Құспан бастаған комиссияның көз алдында айыпталушыларды ұрып-соғып, қорлап жатқан сәтін дәлелдегісі келеді. Алайда әкімшілік сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, шешім күшіне енеді.

Болат Әбілов өз кезегінде заңгер жайлы айтқан сөздерінен таймайтынын айтады.

"Бұған дейін сұхбаттарымның бірінде заңгер Абзал Құспанды "биліктің адамы" әрі "қызыл адвокат" деп атауымнан бас тартпаймын, осы пікірде қала беремін. Ол билікпен келісімге келген. Қаңтар оқиғаларынан бері ол Каринмен келіскенін (Ерлан Карин мемлекеттік хатшы – ред.), биліктен рұқсат алғанын айтып келеді", – дейді ол.

Өзіне қатысты соттың "күлкілі" өткенін айтқан Әбілов Абзал Құспан секілді "билікті жақтайтын" заңгерлердің жұмыс істемеуі қажет екенін жеткізген.

"Ол өзін қорғаған адам секілді билікті, сотты, прокуратураны қорғайды. Бұдан былай "қызыл адвокат" деген атау оның қыр соңынан қалмайды деп ойлаймын", – деп түйіндеді Әбілов.

Еске салайық, бұған дейін Абзал Құспанға қатысты “қызыл адвокат”, “биліктің адамы” деп пікір білдірген саясаткер Болат Әбіловтың үстінен іс қозғалғаны белгілі болған.

Талқылау