Қырғыз кәсіпкерлері де қытайлық маркетплейстерге қарсы дабыл қақты
Қиыр Шығыс пен Батыс елдерінен кейін Қырғызстанда да қытайлық маркетплейстерге бақылауды күшейту мәселесі көтерілді. Басты себеп – Temu мен Alibaba сынды сауда платформаларындағы қауіпсіздіктің сақталмауы. Қырғызстандық шенділер аталған маркетплейстер тіркеуден өтпегендіктен, сапасыз тауарды қайтаруды реттей алмай отырғанын мәлімдеді. Бұл мәселелер Қазақстанда да өз шешімін таппаған. Сондықтан отандық кәсіпкерлер қытайлық маркетплейстермен додаға түсе алмайтынын айтып, дабыл қағып отыр.

Фото: dgmu.ru
Қырғызстанның антимонополиялық реттеу қызметінің басшысы Женалы Орозбаев парламентте Ozon мен Wildberries маркетплейстерінің тіркеуден өткенін айтты. Алайда Alibaba сынды Қытайдың алпауыт платформалары бұл процедураны әлі бастамаған. Салдарынан антимонополиялық қызмет сапасыз тауарды қайтару мәселесін толыққанды реттей алмай отыр.
Сонымен қатар депутаттар қытайлық маркетплейстердің Қырғызстандағы табысы мен салық аударымдары жайлы нақты деректердің жоғына назар аударған. Сондықтан электронды сауда туралы заңды толықтырып, қытайлық сауда платформаларының қызметін реттеу үшін жағдай жасау керек деді.
Қазақстанда қазіргі жағдай қандай?
Елімізде қытайлық маркетплейстердің жұмысын бақылауға алу және отандық кәсіпкерлерді қорғап, әділ бәсекелестік қалыптастыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі кейінгі жылдары жиі айтылып келеді. Себебі шетелдік платформалардың сауда нарығын жаулап алуы шағын және орта бизнестің дамуын тежеп, қауіп төндіреді дейді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, кей тауарларды елге кіргізу үшін фитосанитарлық және ветеринарлық рұқсаттар керек екен. Алайда қытайлық маркетплейстер мұндай тауарларды еш шектеусіз жеткізеді. Бұл жергілікті кәсіпкерлер үшін жасалып отырған әділетсіздік дейді. Сондай-ақ шетелдік сауда платформаларында белгілі маркалардың сертификатталмаған және контрафактілі тауарлары еркін саудаланады. Бұл да түпнұсқа тауар сататын кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіріп, сатып алушыларды сенімінен айыратыны анық.
Қазір елде 101 шетелдік компания тіркелген. Алайда олардың қатарында Temu, Alibaba, Pinduoduo сынды қытайлық маркетплейстер жоқ. Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес бұл компаниялар 2024 жылдың соңында шартты тіркеуден өткен.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2025 жылдың қаңтарында шетелдік онлайн дүкендердің қызметін қайта қарау бастамасын көтерді. Шендінің сөзіне сенсек, енді елде шетелдік маркетплейстер тіркеуден өтуге міндеттеледі. Дегенмен "Қазпошта" Қытайдан тауар жеткізуді жеңілдетіп, Temu және YTO Express логистикалық операторымен интеграциялау жұмысын жүргізді. Мұндай екіұшты ұстаным терең сараптама мен кешенді стратегияны қажет етеді.
Қытайлық маркетплейстердің агрессивті маркетингіне өзге елдердің жауабы
Әлем елдері қытайлық сауда платформалары қызметінің салдарымен әлі де күресіп келеді. Мәселен, 2023 жылы Индонезияда Temu қосымшасын өшіру туралы шешім қабылданды. Ел үкіметі мұны жергілікті кәсіпкерлерді қорғау қажет екенімен түсіндірді. Ал Вьетнам билігі қытайлық онлайн дүкендердің қызметін ел аумағында шектеу керегін айтқан. Өйткені баға демпингі мен отандық кәсіпкерлерге төнетін қауіп артқан.
АҚШ та қытайлық онлайн сауда компаниялары үшін ережені күшейтуге қатысты алғашқы қадамдар жасады. Алдымен Қытайдан келетін арзан тауар импортына арналған тарифті айналып өту жолдарын жаппақ. Мәселен, Temu компаниясы бағасы 800 долларға дейінгі тауарларға арналған жеңілдіктерді қолданып келген. Осылайша баж салығын төлемейді.
Еуроодақ алдағы уақытта Temu маркетплейсіне бақылауды күшейтпек. Себебі шетелдік сарапшылар онлайн дүкенде сатылатын тауарлардың сапасына күмәнмен қарайды. Оның үстіне қосымша қолданушыларының жеке деректері толыққанды қорғалмаған. Ал алаяқ саудагерлердің жұмысына тоқтау салатын тұрақты жүйе жоқ екен. Сондықтан Еуропалық Одақ қауіпті әрі заңсыз тауарлармен күресу үшін жаңа ережелер енгізуді жоспарлап отыр.
Мәселені қалай шешу керек?
Өзге елдердің тәжірибесіне көз салсақ, Temu мен Alibaba сынды қытайлық платформалардың жұмысы экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан залал тигізетінін көреміз. Таиландта Қытаймен бәсеке күшейген кейінгі жылдың өзінде 2 мың зауыт жабылып, 50 мыңнан аса адам жұмыссыз қалған. Сондықтан елімізде кәсіпкерлерді тоқыраудан құтқару үшін бірқатар шаралар қабылдау керек.
Бірінші кезекте, шетелдік онлайн дүкендерден Қазақстанда тіркелуін талап еткен жөн. Тек осы жағдайда қытайлық платформалар ел қазынасына салық төлеп, жергілікті заңнаманы сақтауға міндеттеледі. Ал тұтынушыларды сапасыз әрі контрафактілі тауардан қорғау үшін өнімді сертификаттаудың қатаң стандарттарын қабылдау қажет.
Сондай-ақ Қазақстанға өзге елдердің тәжірибесін сараптай отырып, шетелдік маркетплейстердің жұмысын реттеуге арналған кешенді стратегия құру керек. Осылайша жергілікті бизнестің дамуына жол ашады. Нәтижесінде тұрақты салық түсімдерінің әсерінен елде тұрақты бюджет қалыптасары анық.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?