Қытайда елдегі туу көрсеткішін арттыратын кампания іске қосылды
Қытай билігі бала тууға ынталандыратын кампанияның жұмысын іске қосты. Кампанияның міндеті – түрлі тәсілмен жалғызбасты жандарды бір-бірімен табыстырып, отбасылардың көп бала тууына жағдай жасау. Ынталандыру шаралары жергілікті және ұлттық деңгейде де ұйымдастырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Жергілікті билік тұрмыстағы қыз-келіншектерге хабарласып, олардың бала тууға қатысты жоспарын біледі. Кейбір келіншектерді денсаулығын тексерту үшін әйелдерге арналған консультацияға шақырады. Ал бір немесе одан да көп баласы бар отбасыларға тағы да бала туу үшін арнайы жәрдемақы беріледі.
Елдегі жоғарғы оқу орындары жұбын таба алмай жүрген студенттерге арнайы “неке және махаббат” курстарын енгізуге міндеттелді.
Желтоқсан айының басында The Wall Street Journal “Қытай 2035 жылға қарай демографиялық дағдарысқа ұшырауы мүмкін” деп жазды. Сондай-ақ мамандар Фушунь қаласында жастардың азайып, егде жастағы тұрғындардың үлес салмағының артып келе жатқанын атап өтті.
Бұған дейін жапониялық саясаткер 30 жастан асқан әйелдерге босануға тыйым салуды ұсынған еді.