Қытай билігі Шыңжаңдағы саяси лагерьлерге қатысты саясатын өзгертпейтін болды
Қаншама қандасымыз саяси лагерьге қамалып жатқан Шыңжаңдағы жағдай күрделене түсетін сыңайлы. Америка Құрама штаттары бастаған бірнеше мемлекет сынап жатса да, Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиясына қатысты саясатын өзгертпейтін болды. Мұны ел төрағасы Си Цзиньпиннің өзі айтты. Ал АҚШ тарапы адамдарды мәжбүрлеп жұмыс істетіп жатқан компаниялармен қарым-қатынас жасаушыларға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жуырда ғана АҚШ Шыңжаңнан әкелінетін тауарлардың импортына тыйым салған еді, өйткені ел ондағылар жұмысшыларды мәжбүрлеп, еңбегін пайдаланып жатыр деген пікірде. Тіпті баласы 18 айлық аналарды қара жұмысқа міндеттейді деген АҚШ билігі қытайлық өндірушілермен сауда-саттық жасайтындарға ескерту сипатындағы кеңес берді.
"Өз азаматтарына қатыгездік танытып отырған үкіметті қолдауға болмайды дер едім. Қытаймен қарым-қатынас жасаушылар өздеріне келетін тауардың қайдан шыққанын және оны өндіруде мәжбүрлі жұмыс күшін пайдаланбағанын қатаң қадағалауы керек деген кеңес береміз. Бар әлем қосылып, Қытайдың өз ұстанымынан бас тартуын талап етуі тиіс", - деді АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Андреа Калан.
Ал Қытай ойынан қайтпайтын сынды. Шыңжаң мәселесі бойынша жиын өткізген Си Цзиньпин автономиялық аймақтық экономикалық тұрғыда қарыштап жатқанын айтты. Осыған сүйеніп ол ұстанған саясаттың дұрыс екенін айтты, сонымен қатар, ары қарай елдегі ұлттардың бірігуін жалғастыратынын мәлімдеді.
Шыңжаңдағы қазақстардың мәселесін көтеріп жүрген белсенділер Си Цзиньпиннің бұл сөзі жағдайды күрделендіреді деп отыр.
"Көп ақпарат көздері мен сол жақтан келген азаматтармен сөйлескенде, азаматтар мәселенің әлі де қиын күйде екенін, сонымен қатар, дәлелдерді жою үшін барлық жұмыс істеліп жатқаны айтылды", - деді белсенді Бейсен Ахметов.
БҰҰ-ның бұған дейінгі деректерінде Қытайдағы саяси лагерьлерде миллионға жуық адам бар екені көрсетілген. Алайда, ресми Бейжің өкілдері мұны жоққа шығарған. Қамалып жатқандардың қаншасы этникалық қазақ екені туралы да нақты ақпарат жоқ. Елдің жауапты органдары да тың дерек айта алмай отыр.