Қысқы Олимпиададағы дау: Комиссия жыныс мүшесін үлкейткен шаңғы спортшыларына қатысты тексеріс бастамақ

Шаңғы трамплинінен секіруші кейбір ер спортшылардың спорттық нәтижені арттыру үшін жыныс мүшесіне инъекция жасауы мүмкін деген ақпарат халықаралық деңгейдегі дауға ұласты. Немістің Bild басылымы таратқан мәліметтен кейін бұл іске Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (ВАДА) назар аударып, егер деректер расталса, ресми тергеу бастауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Егер шаңғы трамплинінен секіруші ер спортшылардың спорттық нәтижені жақсарту мақсатында жыныс мүшесіне инъекция жасағаны дәлелденсе, Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (ВАДА) ресми тергеу бастауға дайын. Қазір түрлі елдердің шаңғы федерациялары бұл мәселені тек өз деңгейінде тексерумен шектеліп отыр.
Алайда спорттағы алаяқтықтың тосын тәсілі жайлы жанжал кеңінен тарала бастаған соң, ВАДА президенті Витольд Банька алғаш рет ресми пікір білдірді. Ол Миланда өткен баспасөз мәслихатында, XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылуы қарсаңында осы мәселеге жеке өзі назар аударатынын айтты.
"Шаңғы трамплинінен секіру Польшада өте танымал спорт. Сондықтан бұл жағдайды міндетті түрде тексеремін", – деді ол.
Қаңтар айында Bild газеті Италияда өтетін Олимпиадаға арналған спорттық костюмдерді өлшеу алдында кейбір спортшылар жыныс мүшесіне гиалурон қышқылын енгізгені туралы жазған. Бұл препарат спортта тыйым салынған заттардың қатарына кірмейді. Алайда ол жыныс мүшесінің көлемін 1-2 сантиметрге ұлғайтуы мүмкін, ал көрсеткіш спортшыға арнайы тігілетін шаңғы костюмінің өлшеміне әсер етеді.
Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясы (FIS) дерегінше, костюмнің беткі аумағы үлкейсе, спортшының әуеде ұшу уақыты мен қашықтығы да артады.
"Костюмдегі әрбір қосымша сантиметр маңызды. Егер оның беткі ауданы 5% ұлғайса, спортшы ұзағырақ ұшады", – деді FIS-тің ерлер арасындағы жарыстар жөніндегі директоры Сандро Пертиле.
Соған қарамастан, федерация өкілдері мұндай "ерекше әдіс" туралы бұрын ешқашан естімегендерін айтады. FIS-тің коммуникациялар жөніндегі директоры Бруно Сасси BBC Sport-қа берген түсініктемесінде:
"Бұған дейін бірде-бір спортшы бәсекеде артықшылық алу үшін гиалурон қышқылын қолданды деген ишара да, нақты дәлел де болған емес", – деп мәлімдеді.
Егер мұндай жағдайлардың расталған деректері анықталса, Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (ВАДА) үшін бұл әрекетті допинг деп тануға бола ма деген мәселе туындайды. 6 ақпанда өткен баспасөз мәслихатында Bild басылымындағы жарияланымға қатысты қойылған сұраққа ВАДА-ның бас директоры Оливье Ниггли жауап берді. Оның айтуынша, ол шаңғы трамплинінен секіру спортын және мұндай тәсілдің нәтижеге қалай әсер етуі мүмкін екенін терең білмейді.
"Егер қандай да бір деректер анықталса, біз оны міндетті түрде қарастырамыз және бұл әрекеттің допингке жататынын не жатпайтынын анықтаймыз. Біз допингке қатысы жоқ, басқа тиімділікті арттыру тәсілдерімен айналыспаймыз", – деді ол.
Әр маусым басталар алдында шаңғы трамплинінен секіруші спортшылар дене өлшемдерінен 3D-сканерлердің көмегімен өтеді. Бұл процедура кезінде олар тек серпімді, денеге тығыз жабысатын іш киіммен ғана тұруы тиіс.
Ережеге сәйкес, спорттық костюм денеден небәрі 2-4 сантиметр ғана кең болуы керек. Өлшеу барысында спортшының шат аймағының биіктігі де тіркеледі. Ол атлеттің нақты анатомиялық өлшеміне дәл сәйкес келуі қажет, ерлер үшін оған қосымша 3 сантиметр ғана рұқсат етіледі. Жыныс мүшесіне енгізілген гиалурон қышқылының әсері 18 айға дейін сақталуы мүмкін. Бұған дейін де спорттық нәтижені жақсарту мақсатында костюмдермен түрлі айла-шарғылар жасалған. Алайда ол кезде әдістер бұдан әлдеқайда қарапайым болған.
Былтыр норвегиялық шаңғы трамплині спортшылары, Олимпиада жүлдегерлері Мариус Линдвик пен Йоханн Андре Форфанг 2025 жылы Тронхеймде өткен шаңғы спортынан әлем чемпионаты кезінде костюмдерінің шат аймағындағы тігістер өзгертілгені анықталған соң, үш айға жарыстардан шеттетілген еді.
Тексеруден соң өзгерістер полиэфир талшықтары өрілген "күшейтілген жіптер" арқылы жасалғаны белгілі болды. Кейінірек спортшылардың өздері бұл алаяқтық туралы мүлде хабарсыз болғаны анықталды. Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясы (FIS) бұл әрекетті Норвегия құрамасының бапкерлер штабы "жүйені алдау үшін" жасағанын мәлімдеді. Соған қарамастан, аталған екі спортшы да Милан-Кортина қысқы Олимпиадасы ойындарына қатысады. Ерлер арасындағы шаңғы трамплинінен секіру жарыстары дүйсенбі күні басталады.
- Францияда Брижит Макронды "трансгендер" деп айыптаған он адам сотталды
- Допинг дауына іліккен Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белдігін сақтап қалды
Еске салайық, бұған дейін Трамп трансгендер спортшылардың әйелдер жарысына қатысуына тыйым салғанын жазған едік. Оның айтуынша, АҚШ трансгендер спортшыларға виза беруден бас тартады. Жарлық негізінен мектептік, университеттік және әуесқой жарыстарға қатысты болады. Алайда Трамп 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дейін трансгендер спортшыларға қатысты ережелерді өзгерту үшін Халықаралық Олимпиада комитетіне қысым көрсететінін мәлімдеді.