"Кішкентайларым кінәлі емес қой": Алты баланы жалғыз асырап отырған әке көмекке мұқтаж
Алты баласын жалғыз өзі асырап отырған Досхан Исмағұлов әкелерге де үкіметтен көмек берілуін сұрайды. Өйткені елімізде "алтын" мен "күміс" алқа тек аналарға тиесілі. Яғни, алқамен марапатталған көп балалы әйелдер салықтан босатылады, үй алуда жеңілдіктер қарастырлады, зейнетке ерте шығады және 28 айлық есептік көрсеткішке дейін жәрдемақы төленеді. Ал балаларын жалғыз асырап отырған әкелерде ондай мүмкіндік жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “31” арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап.
Елорда тұрғыны Досхан Исмағұлов алты баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Жалғызбасты әке Нұр-Сұлтан іргесіндегі саяжайлардың бірінде тұрады. Балалардың үлкені 8-де, ең кішісі әлі екіге де толмаған егіздер. Өткен жылдың ақпанында жары Назира жүрек талмасынан көз жұмған.
“Міне 6 балам қалды. Анам балаларға қарауға көмектеседі. Балалар кішкентай. Тұрғын үй мәселесі бар”, – дейді ол.
Ананың жоғын білдірмей, бәйек болып жүрген балалардың әжесі - Бәтима. 67 жастағы зейнеткер немерелерінің асын дайындап, барынша көңілдерін аулауға тырысады.
“Келінім жақсы еді. Пысық болды. Өте пысық болды. Кішкентай егіздерін босануға болмайды деді. Жүрегі ауырды”, – деді Бәтима Исмағұлова.
Досханның жарына алты баланы дүниеге әкелгені үшін "күміс алқа" берілуі керек болған. Аналары дүниеден өткенде кішкентайлар небәрі 7 айлық болған. Ал алқа балалар 1 жасқа толғанда ғана беріледі.
“Анасының көз жұмғанына балаларым кінәлі емес қой. Біз мемлекеттен төлемдерді алмай отырмыз. Олар алуы керек. Жалпы, бұл оларға тиесілі”, – дейді Досхан Исмағұлов
- "23 мың теңге алимент аламын": Элизат Берікова ажырасқан әйелдердің жан айқайын жеткізді
- Алматы облысында 4 баланың әкесі бұрынғы әйелінен алимент өндіре алмай жүр
Заң бойынша алтын, күміс алқа тек әйелдерге ғана қарастырылған. Оның үстіне, 6-шы, не 7-ші бала 1-ден асқаннан кейін ғана беріледі.
“Заңның ішінде 6-тармаққа сәйкес "Алтын алқа" және "Күміс алқа" наградалары тек қана аналарға беріледі. Бірақ "Алтын алқа" болмаса "Күміс алқамен" наградталу, өкінішке орай, әкеге мүмкін емес. Өйткені заңда солай көрсетілген анаға деп аталып жазылған”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің аппарат басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Досхан жәрдемақысыз тапқан табысым алты балаға бірдей жетпейді дейді. Айтуынша, өзі сияқты шиеттей балаларымен жалғыз қалған әкелер көп. Сол себепті Үкімет заңға өзгеріс енгізсе деп сұрайды.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
