Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кішкентай Қасым-Жомарт Тоқаев тұратын ауылда ұялы байланыс пен интернет жоқ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аттасы тұратын Қостанай облысының Үштоғай ауылында әлі күнге дейін ұялы байланыс пен интернет жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

12 жасар Қасым-Жомарт Тоқаев Үштоғай ауылындағы мектепте оқиды. Баланың атын нағашы апасы таңдаған. Қазір кішкентай Қасым-Жомарт есімі ел президентімен бірдей екенін мақтан етеді. Көпшіл, сабағын жақсы оқитын бала арманы орындалса, бағаларының бұдан да жақсы болатынын айтады.

“Менің арманым – президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу. Егер ол кісімен кездесіп жатсам, ауылымызға ұялы байланыс пен ғаламтор желісін орнатуын сұраймын”, – деді оқушы Қасым-Жомарт.

Үштоғай мектебінде елуден астам оқушы білім алуда. Дүниежүзілік желіге қол жеткізу олар үшін әлі арман. Ұялы байланыс пен интернет арқылы білімнің мүлдем басқа деңгейде өсетініне мұғалімдер сенімді. Әзірге мектеп оқушылары да, мұғалімдер де заманауи әзірлемелер мен жетістіктерге қол жеткізе алмай келеді.

“Біз 200+ бағдарламасына кірдік деп үнемі естиміз. Бірақ әлі күтіп жүрміз. Аяз бен боран кезінде онлайн сабақтар өткізгіміз келеді. Бізге интернетпен жұмыс істеу оңай болатынына сенімдімін”, – дейді ауыл тұрғыны Бексұлтан Салдыбеков.

Ауылда интернеттің жоқтығынан қымбат құрал-жабдықтардың жұмысы тоқтап тұр немесе толық қуатында пайдаланылмайды. Фермерлер қазіргі ауылшаруашылық техникасының қандай функциялары немесе бағдарламалары бар екенін білмейді.

“Бұл мәселені шешу үшін біз байланыс жүйелерін енгізумен айналысатын тиісті құзырлы органдарға жүгіндік. Жыл соңына дейін нәтиже болады деп сенеміз”,- деді Амангелді ауданының әкімі Талғат Қарбозов. 

Аудан билігінің айтуынша, ұялы байланыс мәселесі алдағы үш-төрт айда толық шешіледі. Үштоғай, Степняк ауылдарында күзге дейін мұнара орнатуға уәде беріп отыр. Қалған елді мекендерде ұялы байланыс пен интернет келер жылы қолжетімді болады.



Интернет пен байланыстың жоқтығы 2020 жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша Үштоғай ауылының тұрғындарының саны 234 адамды құрайтынымен және бұл ауыл ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кестесінде енгізілмегенімен түсіндірілді. Ал интернетке тек 250-ден аса адамы бар ауылдық жерлер қосыла алады.

"Алайда 2021 жылы Үштоғай ауылының тұрғындарының саны 286 адамға дейін өсті, бұл ауыл даму әлеуеті бар МҰТП тізімінде", - деп атап өтті министрлік.

"Қостанай облысының әкімдігі "Кар-Тел" ЖШС-мен (Beeline) бірлесіп ағымдағы жылдың  31 шілдесіне дейін Үштоғай ауылын ұялы байланыспен және 3G интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтағанын хабарлаймыз", - деп қосты министрлік.

STAN.KZ
Сенбі, 07 Мамыр, 2022 15:32
Талқылау