Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстандағы "Жеңіс" шыңына шығып, аяғын сындырған ресейлік альпинист қаза тапқан болуы мүмкін

Наталья Наговицина

Фото: Gazeta.ru

Қырғызстандағы “Жеңіс” шыңында аяғын сындырып, қалып қойған ресейлік альпинист Наталья Наговицына алдын ала мәлімет бойынша қайтыс болды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Shot Telegram арнасының дерегінше, Наталья Наговицынадан тіршілік белгілері байқалмайды. Жеті мың метр биіктікте аяғын сындырып алған ол бір аптадан астам уақыттан бері көрпе қапта жатып, құтқарушылардан көмек күтуде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Натальяны құтқару мүмкін болмай отыр. Қазір онда ауа температурасы шамамен 23 градус аязды көрсетіп тұр.

Қырғызстандық құтқарушылар Натальяға көмектесуге бірнеше күн бұрын шығуға тиіс еді. Алайда тауға көтерілу 5–6 күнге созылуы мүмкін. Жеңіс шыңына шығатын ең жақын орын – "Оңтүстік Энильчек" лагері. Ол тік бағытта 3,5 шақырым биікте орналасқан. Shot-тың мәліметінше, дәл сол жерден бірнеше альпинист құтқарушылар тобынан бөлініп, Наговицинаны іздеуге жиналған.

Ресейлік алпинист қалып қойған рельефтен адамды төменге түсіру қиын. Оның шатыры бірнеше жыл бұрын альпинист Михаил Ишутин қаза тапқан жерде тұр. Оның денесі әлі күнге дейін эвакуацияланбаған. Тіпті ауа райы қолайлы болған күннің өзінде мамандарға тауда қалып қойған әйелді лагерьге жеткізу үшін кемінде екі күн қажет.

“Құтқарушылардың бір бөлігі жарақат алып, іздеу жұмыстарына қатыса алмайды. Шыңдағы ауа температурасы күн өткен сайын төмендеп барады, ертең -26 градусқа дейін төмендеп, қар жаууы мүмкін. Ал Натальяда еш қимыл жоқ”, — деп жазды Telegram-арнасы.

Әзірге Наговицинаның өліміне қатысты ресми ақпарат жоқ. Сонымен қатар Ресейдің сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, алпинисті құтқару үшін 16 тамыз күні Қырғызстан Қорғаныс министрлігінің тікұшағы жіберіліп, ол 4600 метр биіктікте қатты қонған еді. Салдарынан екі адам зардап шекті. Көмекке тағы бір әуе борты жіберілді, алайда тауда авиацияның қонуы мүмкін болмай тұр.

Айым Болатқызы
Жұма, 22 Тамыз, 2025 09:04
Талқылау