Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстан көршісінің есебінен аумағын кеңейте бастады

Қырғызстан аумағын үлкейтті e-cisoФото: e-ciso

Қырғызстанның жер көлемі ұлғайып, шамамен 18 Сингапур сия алатын аумаққа жетті. Қырғызстан Өзбекстаннан мемлекеттік меншікке ірі жер телімдерін қабылдады. Алайда бұл өзгерістер қырғызстандықтардың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Іnbusiness.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті Ош облысындағы қырғыз-өзбек мемлекеттік шекарасында Өзбекстан Қырғызстан пайдасына берген екі жер телімін мемлекеттік меншікке қабылдау туралы тарихи қаулыны бекітті.

Бірінші жер телімі 100 гектар, яғни екі Ватикан сия алатын аумақ Қара-Суу ауданында №312/4 және №312/6 шекаралық бақылау-өткізу пункттерінің арасында орналасқан.

Екінші телімнің аумағы бұдан екі есе үлкен 198,44 гектар. Ол Араван ауданында №324 пен №328 шекара бекеттерінің арасында орналасқан. Басылым мәліметінше, бұл шешімдер 2022 жылғы 3 қарашада Бішкекте қол қойылған "Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелері туралы келісімді" ратификациялау туралы заң аясында қабылданған. Енді бір айда мемлекеттік жер ресурстары, кадастр, геодезия және картография агенттігі президенттің Ош облысындағы өкілетті өкілімен бірлесіп, бұл жер телімдерін түгендеп, мемлекеттік тіркеуден өткізеді.

Сонымен қатар әкімшілік шекаралардың жаңа картасы дайындалып, мемлекеттік шекараны демаркациялау аяқталған соң құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіледі. Жаңа аумақтардағы жер құнарлы болғандықтан, онда егін және мал шаруашылығын тиімді дамытуға, яғни бақ өсіріп, мал бағуға болады. Қырғызстан министрлер кабинетінің тарихи қаулысын орындауға бағытталған шараларды қаржыландыру жергілікті бюджеттер есебінен жүргізіледі. Ал аталған қаулының орындалуына бақылау жүргізу міндеті президент әкімшілігінің жанындағы президент пен  министрлер кабинетінің шешімдерінің орындалуын бақылау басқармасына жүктелген. Қаулы жеті күннен кейін күшіне енеді.

Айта кетейік, 2022 жылғы қарашада Қырғызстан мен Өзбекстан арасында қырғыз-өзбек мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы келісімге қол қойылған еді. Сондай-ақ келіссөздердің нәтижесінде тараптар Кемпирабад су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару туралы мәмілеге келді.

Осылайша, бұрынғы екі кеңестік республика арасындағы көпжылдық жер дауына нүкте қойылғандай болды. Дегенмен, бұл келісімді жүзеге асыру оңайға соқпады. Әсіресе Қырғызстанда қоғамда үлкен резонанс тудырып, түрлі наразылық акцияларына себеп болды. 20-дан астам наразылық акциясының жетекшілері ұсталып, қылмыстық істер қозғалды. Өйткені екіжақты келісім тек қазір айтылып жатқан 300 гектар жермен шектелмейді.

2022 жылғы 17 қарашада, қоғам мен кейбір саясаткерлердің наразылығына қарамастан, Жогорку Кеңеш Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның жекелеген учаскелерін делимитациялау туралы келісімді үш оқылымда бірден ратификациялады. Құжатқа сәйкес Кемпирабад су қоймасы орналасқан 4957 гектар және оған іргелес жатқан 19,5 мың гектар жер көрші мемлекетке берілді. Оның орнына Қырғызстан шекараның басқа бөліктерінен шамамен 14 мың гектар жаңа жер алды. Сөйтіп Қырғызстанның аумағы ұлғайып, шамамен 18 Сингапур сия алатындай жер көлеміне жетті. Алайда Қырғызстандағы Кемпирабад су қоймасы секілді стратегиялық маңызды нысанның көрші Өзбекстанның меншігіне толықтай өтуі жұртшылықтың наразылығын туғызды. Қырғыз билігі бұл жер алмасуды "табысты келісім" деп бағалап, Өзбекстанмен шекара мәселесі толық шешілгенін мәлімдеді.

БАҚ деректеріне сенсек, Кемпирабад су қоймасы 1983 жылы Қырғыз КСР аумағында салынған. Ал Өзбекстанда бұл су қоймасы Андижан су қоймасы (Andijon suv ombori) деп аталады. Оның аумағы – 4400 гектар, ал толық сыйымдылығы – 1,9 текше километр. Кемпирабад су қоймасы кеңес заманынан бері Өзбекстанның пайдалануында болған. Оның үстінде Андижан су электр станцияларының екі ГЭС-і орналасқан. Келісім бойынша Өзбекстан су деңгейін 900 метрден асырмауға, қырғыз азаматтарының суға еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндеттелді.

Су қоймасы айналасына қоршау салуға болмайды. Су қоймасы 8000-нан астам өзбек шаруашылығын сумен қамтып, жылына 2,5 млн тонна өнім өсіруге мүмкіндік береді.


Қазақстан Байқоңырдағы жалға беру аумағын қысқартуды жоспарлап отыр


Жетісу облысында 100 миллион теңгеге бағаланған жер телімдері мемлекетке қайтарылды


Еске салайық, бұған дейін генерал-майор Алматының тау бөктеріндегі 840 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарғанын жазған едік. Kompra.kz порталының мәліметінше, аталған ЖШС-ны Жанна Байтенова басқарады. Ал құрылтайшылары генерал-майор Павел Новиков пен "Халықаралық клубтар қауымдастығы" қоғамдық қоры. Қордың құрылтайшылары да Байтенова мен Новиков. Айта кетейік, 1992–2007 жылдары Павел Новиков Қазақстан теннис федерациясының президенті қызметін атқарған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 17:04
Талқылау