14 жасында зорланған Қызғалдақтың ісі: Оқиғаны алғаш көтерген журналист іске көз жұма қарағандардың жазаланбағанын мәлімдеді
2016 жылы 14 жасында үш азамат жабылып зорлап, соның нәтижесінде жүкті болып қалған Қызғалдақ Талғатқызының оқиғасы көпшілікті дүр сілкіндірген. Қызға зәбір көрсеткендердің ісі белгісіз жағдайларға байланысты сол жылы жабылып қалған. Сұмдық жайттың беті биыл қайта ашылып, қылмыскерлер тиісті жазасын тек бес жыл өткен соң алған. Дегенмен, оқиғаны 2020 жылы алғашқы болып қозғаған журналист Айдос Тұрған ауыр жағдайға кінәлілердің барлығы жазасын алмады деп отыр. Stan.kz тілшісі журналистен істің мән-жайын сұрап білді.
Елдің жағасын ұстатқан жағдай Райымбек ауданында 2016 жылы орын алған. Қызғалдақты зорлағандарға қатысты іс қозғалғанымен, олар жазадан сытылып кеткен. Тек 2020 жылы 31 арнаның “Кел, татуласайық” бағдарламасына арқау болған қыздың оқиғасы жария болған соң, іс қайта қолға алынған. Нәтижесінде кәмелетке толмаған оқушы қызды жабылып зорлаған үш қылмыскер тиісті жазасын алды. Алайда жабылып қалған істі 2020 жылы алғашқы болып қайта ашқанын айтқан журналист Айдос Тұрған кінәлілер толығымен жазасын алмады деп отыр.
“Оқиға бойынша 2016 жылы тергеу жүргізіліп, іс соңына жетпей жабылып қалған. Қызғалдақтың анасы қайтыс болып кеткен. Әкесі маскүнемдікке салынған. Қаршадай қыздың қараусыз қалғанын көріп, осындай қатігез қылмыс жасалынып отыр. Үш қылмыскерден бөлек, осы жағдайды біле тұра көз жұма қараған Райымбек ауданының прокуратура қызметкерлері мен ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, басшылары тексеріліп, олардың үстілерінен қылмыстық іс қозғалуы керек. Бұл істі ішкі істер министрлігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жеке бақылауына алып, тергеуі жүргізуі тиіс. Тіпті Қазақстанның Бас прокуратурасы істі қолға алса дұрыс болар еді. Нақты қарайтын болсақ істі жабуда жемқорлық іс-әрекеттің болғаны көрініп тұр. “Қызғалдақтың ісі” барлығына сабақ болуы керек. Жай ғана бетін жаба салуға болмайды. Егер бұл істі жабулы қазан күйінде қарағандар жазаланатын болса, келесіде бұндай істер қайталануы азаяды”, – дейді журналист.
Stan.kz жағдайдың анық-қанығын білу үшін Алматы облыстық сотынан жауап алды. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда іске байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен полиция департаменті тергеу жүргізуде.
“22 қыркүйек күні Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Е.Амантай, Д.М.Қазанғапов, Д.Б.Уркимбаевқа қатысты үкім шығарды. Аталған азаматтар Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, Е.Амантай, Д.Б.Уркимбаев 11 жыл және Д.М.Қазанғапов 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Аталған қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, 2021 жылғы 1 ақпанда қылмыстық іс құжаттарынан Алматы облысы Райымбек ауданы полиция бөлімінің жекелеген қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты құжаттар шешім қабылдау үшін жеке өндіріс жіберілді. Бүгінгі таңда тергеу жалғасуда. Осыған орай, мән-жайларды ескере отырып, полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты жеке қаулы шығаруға негіз болмады”, – дейді судья А.Бақытова.
Ал Қызғалдақтың адвокаты Альбина Бахтиярқызы істі жапқандардың үстінен ешқандай арыз түсірілмегенін айтады.
“Осы іс қайта қозғалған уақытта бастапқыда оқиғаны тергеген тергеушінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық іске Қызғалдақ қатыспағаннан кейін бізге ештеңе айтылмайды. Алматы облысының полиция депатаментінде тергеу жүргізілген. Ол істе мен адвокат болмағандықтан, ештеңе айта алмаймын. Тергеушіге қатысты іс болғандықтан жеке қозғалады. Қызметтік тексерістер жүргізіледі. Сондықтан Қызғалдақтың ісіне тікелей қатыспады”, – дейді адвокат.