"Кімнің баласы?!": Арбаға таңылған күйеуімен гендер пати жасаған блогер келіншек жан сырын ақтарды
Арбаға таңылған жігітке тұрмысқа шыққан блогер Құралай Зеит жеке өміріндегі соңғы жаңалықтарын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/krlaim/
Блогер журналист Анна Данченкоға сұхбат беріп, жақында сәбилі болатынын жеткізді.
“Бақдәулеттің денсаулығына не болғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Біз үйленгеннен кейін балалы болуды жсопарладық. Қазір медицинада қолдан ұрықтандыру арқылы да балалы болып жатқандар бар. Бір күні ойымды жолдасыма айтып көрдім. Ол кісі қатты уайымдады. “Менен кінә болып қалса, қайтеміз” деді. Алдымен өзім дәрігерлерге көрініп, анализ тапсыра бастадым. Тіпті, репродуктолог дәрігер: “Мүгедек адам түгілі сау адамдар табиғи жолмен балалы бола алмай жүр” деді. Соны естігенде өзіме сенім пайда болды. Бірақ жолдасымның денсаулығына қатты алаңдадық. Генетика тестін тапсырғанда қатты күйзелдік. Жолдасымның тест нәтижесі жылатты. Одан басқа анализ орталығына барып тапсырдық. Олар бізге жақсы нәтиже айтты. Содан балалы болуға қатысты отаны бастадық”, – деді блогер келіншек.
Желі белсендісінің сөзінше, жүктіліктің оң нәтижесін екі апта күтіп, қатты қобалжыған.
“Бас-аяғы жарты сағатта ұрықты жатырға орналастырып, бізді үйге жіберді. Біз ауруханада жатамыз деп ойладық. Содан мені төркініме алып келіп, олар бір апта көмектесті. Өйткені ұрық дамып кеткенше қозғалмай жатып, ауыр жұмыс істемеу керек. Екі аптаны екі жыл күткендей болдық. Соңғы күні екі сызықты бірінші қайынсіңлім көрді. Өзіміз көруге жүрегіміз шыдамады. Ол қуанып, басқалардан сүйінші сұрады. Әлеуметтік желідегі парақшамызға салдық. Бірақ кейін өкініп қалдық. “Кімнің баласы?!”, “Кімнен көтердің?!”, “Күйеуіңнің бала көтеретіндей күші бар ме еді?!” деп жазатындар табылды. Сол сөздер қатты көңілімізге тиді. Мен соларды оқып, жылап қаламын. Жолдасым мені жұбатып, демеу болды”, – деді жүкті келіншек.