Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хиджаб кию – өрескел қателік": Мамандар хиджаб киюдің насихатталуы қазақы құндылықтарға қалай әсер ететінін айтты

Бұған дейін журналист әрі блогер Динара Сәтжан әйелдердің хиджаб киюіне қатысты жазба жариялап, "Болашақта қазақ әйелдері қара хиджаб киіп жүрсе ше?" деп алаңдаушылығын білдірген. Жазба жарияланған соң бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі екіге бөлінген. Бұл мәселеге қатысты Stan.kz тілшісіне сұхбат берген этнограф Бұлбұл Кәпқызы жастардың жаппай хиджаб киюін "қазаққа төнген қауіп" деп бағалап, қазақ әйелдерінің киім үлгісі туралы айтып берді. 

хиджаб

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы қазақ қыздарының жас мөлшеріне қарай киініп, табиғат ерекшелігіне байланысты киім таңдағанын айтты.

"Қазақ қыздары еш уақытта оранып, тұмшаланып жүрмеген. Мәдениетті түрде, жас-жасына қарай киінген. Мысалы, қыздар үкілі тақия, құндыз бөрік немесе кәмшат бөрік киген. Одан бөлек кепеш, қасаба, сораба, жаулық орамал, кимешектің өзінің қанша түрі бар. Ал бірінші баласын дүниеге әкелген соң кимешек киеді. Қазақта әйелдер әурет жерін жауып жүрген, наным-сенімге байланысты шашты көрсетпеген. Себебі тіл-көз бірінші шашқа тиеді деп есептеген. Әурет жерді жабу дегеніміз қай халықта болмасын бар наным", – деп түсіндірді ол. 

Өз сөзінде этнограф қазақ әйелдеріне тән киімдер мен оның тұрмыс-тіршіліктегі мәнін де айтып берді. 

"Кимешек иықты, желкені, омырауды жауып тұрады. Жалпы қазақ халқы киімді табиғат пен орналасқан аймағына қарай таңдаған. Мәселен, әйелдерге арналған "белдемше" деген киім бар. Көп жағдайда түйенің жүнінен дайындап, бала туған келіншектер киген. Ол құрсақ бөлігін тартып тұрады, белге суық өткізбейді. Сондай-ақ сегізкөзге суық тиюден сақтайды. Ал орамал халқымыздың бір бөлшегіне айналып кеткен. "Ақ жаулықты ана" деген сөз осыдан шыққан", – деді Бұлбұл Кәпқызы. 

Бұлбұл Кәпқызының сөзінше, қазақ әйелдері басына қара жамылмаған. Тіпті аза тұтқанда да ақ түсті киім киген, дейді ол. 

"Халық қара түсті жамандықпен балаған. Сондықтан басына қара жамылмаған, қыздарға қара түсті бас киім кигізбеген. Әрине, қазақтар дін мен дәстүрді қатар ұстанған. Діндегі тыйымдарды аттап өтпеген. Әйткенмен хиджаб қазаққа тән киім емес. Кимешек пен хиджабты шатастырудың керегі жоқ. Кимешекке әйелдің статусына, өңірлік ерекшеліктеріне байланысты ою салып, кестелеп зерлеген. Себебі қазақ әйелдері сәнді ұнатқан, тек ақ түсті кимешек кимеген. Тіпті "Ақ пен қара жарысар, аққа Құдай болысар" деген мақалдар бар. Хиджаб – арабтардың ұлттық киімі. Ол жақта құмды дауыл соғады, Күн сәулесі қатты түседі. Өңірлік-табиғи ерекшелікке байланысты қорғанып, тұмшаланып жүрген", – деп қосты маман. 

Этнограф ұлттық киімнің орнына хиджаб киюді "өрескел қателік" деп бағалады. 

"Әлеуметтік желіде хиджаб киіп, оранып жүрген блогерлерді көріп отырмыз. Бір ел екінші елді жаулап алу үшін ақпарат әлеміне шабуыл жасайды. Бәлкім осының да әсері бар шығар. Әрі мұнда имамдардың да кінәсі бар деп есептеймін. Иә, дін дәріптелуі керек. Бірақ дінмен қатар тәрбие тұруы шарт. Ал біздің имамдар тек дінді насихаттайды. Сан ғасырлық тарихы бар дәстүрді ысырып қоюға болмайды. Жастарға дін мен дәстүрді ұштастыра отырып тәрбие беруіміз керек. Бір кісі оранып жүру керек деп айтты деп айтқанының барлығын екі етпей орындау – қателік. Өйткені қазақтың өз сенімі мен нанымы бар", – деді ол. 

Бұлбұл Кәпқызы өз сөзінде жастардың жаппай хиджаб киюі қазақы құндылықтарға кері әсер ететінін мәлімдеді. 

"Жастарымыздың жаппай хиджаб киюі – қазаққа төніп тұрған қауіп. Алдағы уақытта мектеп оқушылары да орана бастайды. Сосын "Балаларымызды мектепке хиджабпен жібереміз" дейтіндер көбейеді. Қазірдің өзінде кей өңірлерде бұл мәселенің көтеріліп жатқанын байқадық. Оның үстіне қазақы идеологиямызды құрдымға жібереді. Қазақтың жастары хиджабқа емес, білім-ғылымға ұмтылғаны абзал. Осы тұста ашық-шашық киін демейміз. Әркім қазақи наным-сенімді ұстанса, тура жолдан ауытқымаймыз деп ойлаймын", – деп қосты Бұлбұл Кәпқызы. 

Сөз соңында этнограф қазақтың ұлттық киімдерін дәріптеуде мемлекет тарапынан да қолдау болуы керегін мәлімдеді. 

Дінді дәстүрге қарсы қою дұрыс емес

Дінтанушы Асылбек Ізбайыров Ислам дінінде балиғат жасына (13-14 жас) толған әйелдерге хиджаб кию парыз екенін атап өтті. Сондай-ақ хиджабтың мәні мен оны қалай кию керегі туралы да айтып берді. 

"Бірақ Құранда хиджабтың қандай болу керегі, түрі мен түсі нақты жазылмаған. Әрі "Қара түс кисін" деп айтылмаған, әурет жерін жабуы керек делінген. Оны өз қалауына қарай сәндеп киюіне болады. Хиджабтың барлығына белгіленген "униформасы" жоқ. Осы тұста бұл мәселенің екінші жағы бар. Қазір  әлеуметтік желідегі блогерлер хиджабты денесіне жабыстырып киіп алады. Негізінде хиджаб кеңдеу тұруы керек. Сондай-ақ бетті жабуға болмайды. Үйде болғанда, егер бөгде адам болмаса, хиджабсыз жүруіне рұқсат берілген", – деді дінтанушы. 

Асылбек Ізбайыров хиджаб киген адамның түрінен-ақ иманы көрініп тұру қажет дейді. 

"Бізде көбісі хиджаб киіп алады, бірақ ерініне пластикалық ота жасатып, қасын жұлады. Тіпті қатты бояну да Ислам дінінде құпталмайды. Себебі адамның түрінен Аллаға мойынсұнғаны білініп тұруы керек", - деп қосты ол. 

Дінтанушының сөзінше, жастардың хиджаб киюі қазақылыққа кері әсер етеді деп айтуға болмайды. Себебі қазақ әйелдері әурет жерін жауып, орамал таққан дейді. 

"Талай мұражай, талай тарихи суреттерді көрдім. Суреттердің 80-90%-да қазақ әйелдері шашын жауып, орамал тағып жүрген. Жасы келген соң кимешек киеді. Бұл тұрғыда ешқандай мәселе жоқ. Жақында Сингапур президенті елге келді. Хиджаб киген президент еліміздің басшысымен кездесті. Сингапур халқы туралы “Заман талабынан қалып жатыр, өмірдің рахатын көре алмайды” деп айта алмайсың. Себебі Сингапур технология тұрғысынан да дамыған мемлекет. Сондықтан дінді дәстүрге қарсы қою дұрыс емес", – деп аяқтады дінтанушы.

баннер

Талқылау