"Электр энергиясына артық ақша төлейтін боламыз": Сарапшылар Қазақстанда алғаш рет салынатын АЭС құрылысына қатысты ойын айтты
22 тамызда Алматы облысындағы Үлкен ауылында жергілікті тұрғындармен бірге атом электр станциясын салуға қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға энергетика министрлігінің өкілдері мен қоғам белсенділері де қатысқан. АЭС құрылысына қатысты пікір қолдайтындар мен қолдамайтындар болып екіге жарылды. Әсіресе, көптеген қоғам қайраткерлері дәл қазір Қазақстанда АЭС салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Осы тұста Stan.kz тілшісі сарапшылармен тілдесіп, келешек станцияның пайдасы мен зияны туралы сұрап көрді.
Үлкен ауылындағы үлкен талқы
Айта кетсек, Жамбыл облысындағы Үлкен ауылы АЭС салатын орын ретінде таңдалған еді. Балхаш жағасында орналасқан бұл елді мекен 1970-жылдары Оңтүстік Қазақстан су электр станциясымен бірге салынған. Әкімдік мәліметінше, мұнда 1000-ға жуық халық тұрады. КСРО ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған тұста бұл жерге СЭС орнына атом станциясын салу жоспарланыпты. Ал 10 жыл өткен соң жылу электр станциясын салу туралы шешім қабылданған. Бірақ бұл жоспар да іске аспай қалды.
АЭС салу жоспарланған аймақ Балқаш көлінен 26 шақырым жерде орналасқан, толығымен күзетіледі. Алдын ала ақпарат бойынша, көл суы атом реакторларын суыту үшін қолданылады.
Бүгін ауылда өткен қоғамдық талқыға Мэлс Елеусізов, Рысбек Сәрсенбаев, Санжар Боқаев сынды белсенділер барған. Халық АЭС құрылысын қолдағанымен, белсенділер бұған қарсы шықты. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жергілікті тұрғындар атом станциясының құрылысы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өткен. АЭС салу мәселесі төңірегінде сарапшылардың да пікірі екіге жарылды.
Үлкен ауылы, видеодан скриншот
“Қазақстанда 3-5 жылдан кейін электр қуатының тапшылығы туындайды”
Экономист Арман Бейсембаев өткен ғасырдағы Семей полигонындағы атом бомбасы сынақтарынан кейін азаматтардың ядролық энергетикаға күдікпен қарайтынын айтады. Дегенмен ол АЭС құрылысының экономикалық тұрғыдан пайдалы екенін ұмытпау керек дейді.
"Атом электр станциясы салынған соң нысанның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандар керек. Оның тазалығына жауап беретін адамдарды жұмысқа алған жөн. Бір сөзбен айтқанда, АЭС қала қалыптастырушы нысанға айналуы мүмкін. Себебі мұнда жұмыс істейтін мамандар отбасыларымен көшіп келеді. Бір кәсіпорынға қызмет ететін ірілі-ұсақты бизнестер ашылады. Бұл дәмхана, балабақша немесе дүкен болуы мүмкін. Ал АЭС қызметкерлерінің балалары білім алатын мектеп қажет. Осылайша бір нысанның құрылысы аясында экожүйе қалыптасып, шағын қаланың пайда болуына әсер етеді", – дейді ол.
Алайда экономистің сөзінше, елде атом станциясында қызмет ететін мамандар жоқтың қасы.
"АЭС-ті салған мемлекет нысанда жұмыс істейтін инженер-мамандарды да даярлауы мүмкін. Белгілі бір мерзім өткеннен кейін олар станцияның жұмысын қамтамасыз етуді тоқтатып, мемлекетке береді. Әрі қарай бұл істі өзіміз жалғастырамыз. Осылайша елде ядролық физика саласындағы мамандарды дайындайтын жүйе қалыптасады. Мұның барлығы бір-бірімен тығыз байланысты", – деп қосты маман.
Сондай-ақ Арман Бейсембаев елдегі электр қуаты тапшылығын жою үшін АЭС салу керегін айтады. Оның пайындауынша, 3-5 жылдан кейін Қазақстанда электр тапшылығы мәселесі ушығады.
"Қазірдің өзінде Маңғыстау облысы және т.б. аймақтарда жарық сөніп қалып жатыр. Бұл елде электр қуаты тапшы екенін көрсетеді, ал энергетика инфрақұрылымы тозған. Сондықтан Қазақстан Ресей және Қытай секілді елдермен электр қуатын алу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін Күн немесе жел энергиясына арқа сүйей алмаймыз. Жел тұрақсыз. Ал бұлт басса, күннен қуат алынбайды. Көмірді жағып, қуат алу арзан дегенімізбен экологияға үлкен зиян келтіреді. Осы себепті АЭС салу маңызды болып отыр. Бірақ станцияның әрі қарай қалай жұмыс істейтіні өзімізге байланысты", – деп түсіндірді ол.
Экономистің сөзінше, елдегі электр қуаты тапшылығын жоймаса, ондаған жылдан кейін Қазақстан 90-жылдарға қайта оралуы әбден мүмкін.
"90-жылдары жарықты 2-3 сағатқа қосатын. Электр қуатын үнемдеу үшін алдағы уақытта қайтадан осы әдіске көшуіміз мүмкін. Ал Қазақстанда атом станциясына арналған атом таблеткаларын "ҚазАтомПром" өндіреді. Сәйкесінше атом энергиясын алуға арналған барлық қор өзімізде бар", – деп түйіндеді ол.
“Қазақстан атом электр станциясына мұқтаж”
Қаржы сарапшысы Сапарбай Жұбаев та еліміз үшін АЭС салу аса маңызды екенін атап өтті.
"Қазақстан атом станциясына мұқтаж. Ал электр қуатын көмір жағу арқылы өндіру барысында төленетін салық көп. АЭС құрылысы – әлемдік үрдіс, бұдан қашып кете алмаймыз. Мысалы, Түркияда да электр энергетикасы тапшы болып отыр, сондықтан бірнеше жыл бұрын Аккую АЭС-інің құрылысын бастады. Қазір мемлекеттер атом станциясынсыз энергетикасын дамыта алмайды, олардың қатарында біз де бармыз. Ал нысанның құрылысы қанша жылға созылатыны оны салатын компанияға байланысты. МАГАТЭ ережесіне қарай тендерді кім ұтса, сол салады. Оның үстіне Чернобольдегі апаттан кейін АЭС қауіпсіздігіне қойылатын талап қатаңдатылды. Сондықтан бұдан қорқудың керегі жоқ", – дейді ол.
Атом станциясына қарсы топтың пікірі қандай?
АЭС құрылысына қарсы азаматтардың бірі – экономист және энергетик Әсет Наурызбаев. Ол Stan.kz тілшісімен әңгіме барысында неліктен атом станциясының құрылысына қарсы екенін түсіндіріп берді.
"Электр қуатының дәстүрлі өндірісі арзан, жылдам әрі қауіпсіз. АЭС салуға 10 жыл уақыт керек. Осылайша Қазақстанның энергетикалық әлеуетін тежейміз. Қазір энергетика министрлігі электр станцияларының қуат өнімділігін әдейі азайтып отыр, яғни тапшылық қолдан жасалған. Келесі мәселе – Балқаш көлінің жағдайы. АЭС-те апат орын алса, көлімізден айырыламыз. Ал мұндай апат екі рет орын алған. Апат болған жағдайда Алматы-Астана тас жолы жабылады. Қалалар арасындағы байланысты қалыптастыру үшін айналма жол салу керек. Бұған кем дегенде жарты жыл жұмсаймыз", – деп мәлімдеді Әсет Наурызбаев.
Сонымен қоса сарапшының айтуынша, АЭС қуаты қымбатқа түседі. Әрі радиоактивті қалдықтарын еліміздің аумағында мыңдаған жыл сақтауға тура келеді.
"Қазақтарда радиофобия қалыптасты деу – үлкен қателік. Себебі халықта "радиобілім" бар. Қазір семейліктердің атом сынағынан зардап шеккен немесе көз жұмған туыстары жетерлік. Бұл “радиобілімнің” қалыптасуына әсер етті. Тіпті АЭС 60 жылдан кейін жұмысын тоқтатса да радиоактивті қалдықтарды мыңдаған жыл бойы қоймада сақтаймыз. Тағы бір мәселе – атом станциясы қуатының қымбат екенінде. Атом станциясының қуаты қалпына келетін энергиямен салыстырғанда 4 есе қымбат. Сонда үстінен әр киловатт үшін 45 теңге артық төлейміз. АЭС жылына 15 миллиард киловатт энергия өндірсе, 15 миллиардты 45-ке көбейтеміз. Сонда жылына 675 миллиард теңгені артық төлейміз. Қорыта келе, атом станциясы ұзақ салынады, қымбат және қауіпті дер едім", – деді ол.
АЭС жайлы эколог не дейді?
Үлкен ауылындағы қоғамдық тыңдау кезінде экс-мәжілісмен Мэлс Елеусізов атом станциясы салынса, Балқаш көліне қауіп төнетінін айтқан. Бұл жайлы эколог, БҰҰ сарапшысы Вадим Ниден сұрап көрген едік.
Вадим Нидің айтуынша, АЭС-те апат болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Бірақ апат орын алады деп дөп басып айту да қиын дейді.
"Егер апат болса, Балқашты жоғалтатынымыз сөзсіз. Сонымен қатар болашақ станция туралы ақпарат жоқтың қасы. Қоршаған ортаға қалай әсер ететіні де белгісіз. Біз энергетика министрлігіне сұрау салсақ та, үкімет экологияға әсері туралы мәлімет ұсынбады. АЭС-те апат орын алса, тек Балқашқа ғана емес, Қазақстанның оңтүстік аймақтарына үлкен қатер төнеді. Біз атом станциясы емес, одан да кішкентай нысанның жұмысын ұйымдастыра алмай отырмыз. Менің ойымша, АЭС жобасы жүзеге аспайды. Себебі нысан құрылысына қарсы сыртқы факторлар бар. Қыруар қаржы желге ұшады", – деп түйіндеді Вадим Ни.