"Қымбат көлікті екі пәтерге айырбастауға келіскен": Астаналық ерлі-зайыпты алаяқтық схеманың кесірінен екі көлігінен айырылып қалды
Фото: ЖИ
Астаналық ерлі-зайыпты алаяқтық схемасының құрбаны болып, салдарынан 2 көлігінен айырылып қалды. Одан бөлек 11 миллион теңгеден қағылған екен. Олар көліктердің орнына екі пәтер алуы керек еді. Алайда келісімшарттардағы құйтырқылықтың кесірінен алданғандарын дәлелдей алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі хабарлайды.
Астаналық Райхан Хамза 9 ай бойы әділдікке қол жеткізе алмай жүр. Оның күйеуі Ғафуназар Усманов көлік жөндеумен айналысады екен. Сөзінше, 2024 жылдың ақпанында күйеуіне Төлеген Қодасов есімді адам көлік жөндетуге келген.
“Көлігін жөндетуге берген соң, ол паркингтегі Lexus 570 көлігі сатыла ма деп сұрады. Күйеуім көлік 45 миллион теңге тұратынын айтты. Сол кезде Қодасов көлікті Шұғыла тұрғын үй комплексіндегі екі пәтерге айырбастауды сұраған. Оны “Рост Инвест” салған. Күйеуім екі пәтердің үстіне тағы бес миллион теңге қолма-қол берсе, келісетінін айтты”, – деді ол.
18 ақпанда олар үйді көруге барған. Ал 28 ақпанда “Рост Инвест” кеңсесіне барып, екі пәтер көлікке айырбас ретінде сатылатыны айтылған дейді.
“Броньдау келісімшартын жасау үшін компания күйеуімнің жеке куәлігін алды. Екі келісімшарт төрт данада шығарылып, құжатқа қол қойылып, мөр басылды. Келісімшарттың соңғы бетінде әр пәтер үшін 20,8 миллион теңге төленді деп жазылған. Күйеуім бірнеше мәрте пәтер енді оған тиесілі ме және бәрі рәсімделді ме деп сұрап нақтылады. Кешен 2024 жылы мамырда қолданысқа беріледі, ал қыркүйектен бастап сату-сатып алу келісімшарты рәсімделетінін айтты. Мамырда күйеуім пәтерлердің жөндеу жұмысын бастағысы келді”, – деді Хамза.
Айтуынша, Қодасов барлық міндетті орындап болғанын, енді көлікті анасының атына ресімдеу керегін айтқан. Енді көлікті ресімдеу күні Қодасовтың көзі Усмановтың екінші көлігіне түскен көрінеді.
“Күйеуім Mersedes 222 көлігімен келді. Қодасов осы көлікті Lexus 570-ке айырбастап, үстінен 11 миллион теңге беруге уәде берген. 2 мамырда Mersedes көлігі Қодасовтың әйеліне ресімделді. Алайда пәтер кілтін беру кейінге қалдырыла берген. 30 шілдеде “Рост Инвест” компаниясы келісімшарт талабы орындалмады деген уәжбен келісімшарт бұзылғанын мәлімдеді. Яғни пәтерлердің ақшасы берілмеді деген. Алғашында Қодасов мәселені өзі шешетінін, алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Кейін кездесуге келмей, хабарға шығуды қойды”, – деді астаналық әйел.
Сөйтсе Қодасовтың трансформатор жеткізу компаниясы болған. Ол пәтерлердің ақысына Шұғыла тұрғын үй кешеніне трансформатор жеткізу керек болған. Алайда астаналық жұпқа бұл айтылмапты.
“Келісімшартта пәтер ақысы төленгені жазылды.Сонымен қатар үшжақты келісімшарт болған жоқ. Мұның бәрі алаяқтықтың белгісіне ұқсайды. Алайда іс 9 ай тергеліп жатыр. Тергеу екі рет жабылып, қайта ашылды. Меніңше, істі жылы жауып, әкімшілік жауапкершілік ретінде қарастырмақ. Онымен қоса айыптұрағындағы көлікті Қодасов заңсыз алып кетті. Рост Инвесттің түгі де кеткен жоқ. Қодасов 2 көлікті иемденіп, 11 миллион теңгені қайтармады. Ал біз екі баламен бар мүлкімізден айырылып, баспанасыз қалдық”, – деді ол.
Астана полициясы жағдайға қатысты пікір білдірді.
“Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, қылмыстық процеске қатысушылармен барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіледі. Соңғы процессуалдық шешім сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қабылданады”, – деп мәлімдеді Астана ПД баспасөз қызметі.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
