Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қылмыстық сана да, жемқорлық та кеңес дәуірінен жалғасып келе жатыр – Мәжіліс депутаты 

Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда бірінші сөз депутат Айдос Сарымға берілді. Оның айтуынша, Кеңес үкіметіндегі идеология – қазіргі қылмыстың тамыры. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым құрылтайда идеология тақырыбын қозғады. Идеологияның орнықпау себептері ретінде посткеңестік инерция, қоғамның этно-демографиялық әртүрлілігі, аймақтық айырмашылықтар және сөз бен істің алшақтығы аталады.

"Біріншіден, иделогияның орнықпау себептерін анықтау. Оны айқындау мен арылу. Осы кезге дейін елімізде бірнеше идеологиялық саясат, тұжырымдама жасау үшін талпыныс жасалғаны белгілі. Алайда оның көпшіліктің қолдауына ие болмауынан посткеңестік, посткоммунистік инерция, қоғамның этно-демографиялық құрамы, аймақтардың әркелкілігі, нарративтердің әртүрлігі, идеология мен шынайы өмір сөз бен іс арасындағы алшақтық белгілі бір дәрежеде кедергі болды. Мысалы, ұзақ жылдар бойы байлықты, "бай" сөзін жамандықпен синонимдес ретінде түсінген қоғамда нарық туралы түрлі керағар пікірлер қалыптасты", – деді Айдос Сарым. 

Мәжіліс депутаты мұның кейбір қайшылықтарын әлі күнге дейін көріп келе жатқанымызды атап өтті.

"Тағы бір мысал, бүгінде кеңес заманынан бері "кеңес өкіметі керемет таза, ізгі кезең" деген нарратив қалыптасқан. Ал шынында біздегі қылмыстар, қылмыстық сана да, жемқорлық та, парақорлық та, сол кеңес дәуірінен жалғасып келе жатыр. Оларға нарықтық экономиканың да, демократияның да еш қатысы жоқ", – деді депутат Айдос Сарым.



Еске салайық, таяуда ғана Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған экс-депутат Руслан Берденов қалада сыбайлас жемқорлық жоқ екенін мәлімдеді. Әкім орынбасары Берденовтың мемлекеттік сатып алулар мен құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық жоқ деген мәлімдемесі әлеуметтік желіде кең тарады. Алайда бұл пікір желі қолданушылары арасында күмән туғызып, қызу талқыланды. Кейбірі оны әзілге айналдырып, сыни пікірлер қалдырды. Қолданушылар оның сөзіне сенбей, жемқорлықтың толық жойылғанына күмән келтірді.

Талқылау