Қылмыспен күресудің заманауи құралы: "102" мобильді қосымшасы қалай жұмыс істейді?
"102" мобильді қосымшасы 2021 жылдың 1 ақпанында іске қосылды. ҚР Ішкі істер министрлігі аталған қосымша еліміздегі қылмыс және заң бұзушылықпен күресте халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Сол мақсатта жедел басқару орталықтары мен өзара іс-қимылда жасайтын азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың бірегей жүйесі іске қосылған. Өз кезегінде Stan.kz тілшісі "102" мобильді қосымшасының жұмысына талдау жасап шықты.
Қосымша қалай жұмыс істейді?
"102" мобильді қосымшасы жұмысын бастаған екі күннің ішінде оны 5 мыңға жуық тұрғын жүктеп үлгерген. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов айтқан болатын. Вице-министрдің сөзінше, қосымша көп функционалды жүйенің негізінде жасалған.
"Бұған дейін азаматтар тек 102 нөміріне ғана қоңырау шала алатын еді және ол уақытта біздің қызметкерлер қоңырау шалушының аты-жөнін, тұрғылықты жерін анықтау үшін біраз уақыт жұмсайтын. Ал қазір мобильді қосымшаға тіркелу арқылы аудио және бейне қоңырау шалған кезде қызметкерлер азамат туралы барлық деректерді алдын ала көріп тұрады, бұл өз кезегінде жедел әрекет етуге, сондай-ақ азаматтардың құқығын қорғауға көмектеседі", – деді ішкі істер министрінің орынбасары.
Аталған мобильді қосымшаның көмегімен еліміздің әрбір тұрғыны ішкі істер органдарына орын алған заң бұзушылық – вандализм, қоғамдық орындарда қоқыс шашу, есірткі саудасы және басқа да жағдайлар туралы ақпарат жібере алады.
Министрліктің мәліметінше, қосымша іске қосылған сәттен бастап 2021 жылдың 22 қараша айындағы жағдай бойынша "102" мобильді қосымшасы арқылы 8 772 хабарлама келіп түскен. Олардың ішінде басым көпшілігі жол қозғалыс ережесін бұзушыларға қатысты (5 483 хабарлама). Сонымен қатар:
- Жалпы оқиғалар туралы хабарламалар – 2 320;
- Тұрмыстық зомбылық бойынша – 191;
- Жол-көліктік оқиғалар – 589;
- Балалармен болған оқиғалар – 189.
Қазірдің өзінде қосымшаға тіркелгеннен кейін министрлікке хабарлама жіберуге және полицияның әрекеті жөнінде ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік қызметіне шағымдануға болады. Сонымен қатар алдағы уақытта аталған қосымша арқылы департамент ұсынатын мемлекеттік ұсыныстарды алуға мүмкіндік ашылады. Қосымша қазіргі таңда орыс тілінде жұмыс істеп тұр, біраз уақыттан кейін техникалық мәселелер пысықталған соң қазақ тіліндегі нұсқасы да іске қосылады.
Қылмыспен күресудің заманауи құралы
2020 жылдың 1 желтоқсанында "102" қосымшасы пилоттық режимде іске қосылды. Осы уақыт ішінде қазақстандықтардан 2 283 бейнеқоңырау түсіп, олардың жартысында азаматтар жүйенің жұмысын тексерсе, қалған жағдайларда нақты орын алған оқиғалар хабарланған. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар қалаларының тұрғындары жоғары белсенділік танытқан.
Министрлік аталған жүйеде азаматтарға Telegram және Facebook чат-боттары арқылы, сондай-ақ электрондық пошта арқылы жаппай хабарлау модулі көзделгенін айтады. Әсіресе Вконтакте, жеделхаттар, Facebook және виджеттегі ақылды виртуалды ассистенттер азаматтарға өз бетінше сұрақтарға жауап табуға көмектеседі.
Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желілердің көмегі арқылы 25 804 мәтіндік өтінімдер келіп түскен. Атап айтатын болсақ, Telegram арқылы – 4 653, Facebook – 3 433, Вконтакте – 372, E-mail – 17 346.
Азаматтар негізінде әкімшілік құқықбұзушылық (соның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзу), көші-қон заңнамасы, қылмыстық істі жүргізу барысы, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметіне түсу мәселелері бойынша хабарласады.
Министрліктің мәліметінше, функционалды мақсаты бойынша "102" мобильді қосымшасы қылмыстың жалпы статистикасына әсер етпейді. Сонымен бірге мобильді қосымшасын енгізу қылмыспен және құқық бұзушылықпен күресте тұрғындармен жаңа серіптестікті қалыптастыруға бағытталған. Ол өз кезегінде олардың деңгейін қысқартуға мүмкіндік беруі әбден мүмкін.
Сондай-ақ еліміздегі байланыс құралдары нашар жұмыс істейтін аймақтың тұрғындары үшін де ерекше жағдай баса назарға алынған. Министрлік бұл жөнінде дыбыстық немесе бейнехабарламалар жасау мүмкіндігі болмаған жағдайда, нашар байланыс немесе ұялы байланыс операторлары сайттары жеткіліксіз қамтылғанда "102" мобильді қосымшасының функционалында мәтіндік хабарламаларды растайтын медиа деректерді қоса ұсынып жолдау көзделгенін айтып өтті.
Бюджет қаражатынсыз құрылған қосымша
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, "102" қосымшасын іске асырудың алдында министрлік үлкен жұмыстар атқарып, халықаралық тәжірибелерді зерттеген.
"Біз үлкен жұмыстар жасадық. Үлгі ретінде Дубай полициясының мобильді қосымшасын алдық. Менің ойымша "102" қосымшасының арқасында біздің полицейлердің қылмыстарды ашу жұмысы жедел әрі тиімді болып, көптеген заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді", - деді ол.
Министр орынбасары сондай-ақ қосымшаны жасап шығаруға қанша қаражат жұмсалғанын да айтты.
"Көпшілігі менен қосымшаны жасауға қанша қаражат жұмсалғаны жөнінде сұрап жатады, ендеше, біз оған бір тиын да бюджет қаражатын жұмсаған жоқпыз. Іске қосылған барлық қызметтер бюджет қаржысының орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жүйесі бойынша әзірленген", - деген Сәкен Сәрсенов.
Тағы бір айта кетерлігі, пайдаланушылардың "102" қосымшасына енгізілген мәліметтерінің құпиялылығы барынша сақталады.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта аталған қосымшаның қызметін және құрамдас бөліктерін жетілдіру мақсатында, оған жаңарту орнату арқылы жоспарлы және жоспарлы емес өзгертулер жүргізілуде, мысалы үшін:
– жаңа функционалды қосу;
– мобильді қосымшаны модификациялау (интерфейс);
– ұялы телефондардың операциалық жүйесінің жаңаруы (iOS, Android).
"102" мобильді қосымшасының шығарылған жаңартулары "Play Market", "App Store" интернет-дүкендерінде, олардың талаптарына сәйкестігін тексеруден өткеннен кейін біршама уақыттан соң пайда болады.
Бүгінгі таңда "102" мобильді қосымшасы арқылы азаматтардың мынадай мәліметтерді алу мүмкіндігі бар:
- Көлік құралының тарихы (маркасы, моделі, шыққан жылы, қозғалтқыш көлемі және автомобильдің өзге де техникалық және құрылымдық сипаттамалары, сондай-ақ қосымша орнатылған жабдықтар (ГБО, ДХО және ауыртпашылық, әкімшілік шектеу).
Алдағы күндері тұрғындарды құжаттандыру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, көлік құралын басқаруға куәлік алу және көлік құралдарын тіркеуге ішкі істер органдарының саласында мемлекеттік қызметтерін орналастыру бойынша жұмыстарды іске асыру жоспарланған.
"102" қосымшасы функционалдығы бойынша танымал әлеуметтік желілерге ұқсас болып жасалған, сондықтан әрбір пайдаланушыға интуитивті түрде түсінікті әрі қосымша қиындықтар туғызбайды. Сол себепті оның тиімділігі әлдеқайда жоғары.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
