Қазақстандық қыз күйеу жігітінен қалыңмал алып, артынша полицейге тұрмысқа шығып кеткен
Фото ЖИ көмегімен жасалды
Желі қолданушылар үйленемін деп алаяққа тап болған оқиғаларын бөлісті. Қыздар қалыңмалын алып, тойға аз уақыт қалғанда бәрінен бас тартып кетіп қалған. Ал ата-анасы қалыңмалға берілген қаржыны ішінара қайтарамыз деп, уәдеде тұрмаған. Олардың сөзінше, көбіне алданған тарап шағым түсірмейді. Ал алаяқтар әрі қарай да арам ойын іске асыра береді. Stan.kz ақпарат агенттігі заңгерден мұндай жағдайда қалай шағым түсіруге болатынын сұрап білді.
“Қалыңмалға берілген 3 миллион теңгені алып, тайып тұрған”
Қазақстандық жігіт қызы үшін 3 млн теңге қалыңмал берген. Бәрі ұйымдастырылып, уақыты белгіленіп қойғанда қыз тойдан бас тартып, тайып тұрған. Оқиғаны досы баяндады.
"Досым қуанып тойға дайындалып жүрді. Қызына сақина салды, кәдімгідей ұсыныс жасады, екі жақты таныстырып, тәтті шай өткізді. Сол шайда 3 миллион теңге қалыңмалын беріп қойды. Тойға әлі екі ай бар еді. Досым тойға бәрін дайындап қойған еді. Шақыру билеттері де таратылып қойған. Бір күні қыз тойдан бас тартып, жігітке жақсы көрмейтінін айтқан. Ал досым ол қыз үшін бәрін істеді, алақанында аялады, сұрағанын әперді, оны қатты жақсы көрді. Досым үйінің үлкен баласы еді. Сондықтан қыздың бұл қылығын ол түсінбеді, көңілін аулап, қайтаруға тырысты. Бірақ ештеңе шықпады”, – дейді ол Threads-тегі парақшасында.
Жігіттің ата-анасы той болмаса, онда ақшаны қайтарсын деген. Басында олар жасау, жиһаздар, ыдыстар алып қойдық, ақша жоқ, бірақ сіздерге ақшаны жартылай қайтарамыз депті. Бірақ аз уақытта оқиға басқаша өрбіген.
“Бірақ бір айдан соң қыз тұрмысқа шығып кеткенін естідік, ал күйеуі полицей болып шыққанын білгенде мүлдем таңданып қалдық. Ал қыздың әке-шешесі мүлдем жоқ болып кеткен, ақшаны қайтармаған. Тіпті басқа жаққа көшіп кеткен. Қазір қыздың аяғы ауыр және алаяқтықпен тапқан ақшасына бақытты өмір сүріп жатыр. Ал досыма бұл ауыр соққы болды. Оның ата-анасына да оңай емес. Досым қыздың атына шағым білдіргенімен, еш нәтиже жоқ", – деп бөлісті желі қолданушы өзінің досы туралы әңгімені.
“Алаяқ қызды үшінші тойдың үстінде ұстаған”
Өзге тұрғындар осыған ұқсас оқиғаны білетінін жазып жатыр. Бірақ бұл жолы алаяқты үшінші рет байқағаннан кейін ұстау мүмкін болыпты.
"Менің де танысым осындай оқиғаға тап болды. Бір қыз үш рет тұрмысқа шығып, алаяқ болып шыққан. Той үстінде қашып кеткен екен. Тек үшінші тойда ол қызды ұстап алды. Себебі қонақтардың бірі қызды танып, оның кім екенін айтып берген", – дейді ол.
Мұндай жағдайда не істеу керек?
Желі қолданушылары естімеген елде көп деп таңданып, әрі жігітке қолдау білдіріп жатыр. Осы ретте біз заңгерден қандай шара қолдануға болатынын сұрап көрдік. Заңгер Ермек Тілеукеев мұндай жағдайда тиісті нормаларға сәйкес шағым түсіруге болатынын айтты.
"Азаматтық кодексте және Қылмыстық кодексте осыған қатысты тиісті нормалар бар. Егер бір тарап екінші тарапты алдап, ақша немесе мүлік иеленсе, бұл алаяқтық деп бағаланады (Қылмыстық кодекстің 190-бабы). Сонымен қатар азаматтық-құқықтық даулар ретінде де қаралады. Шағым қабылданады. Азамат арызымен полицияға (алаяқтық болса) және азаматтық сотқа (ақша қайтару мақсатында) жүгіне алады", – дейді заңгер.
Ауызша келісім де заңды, бірақ оны дәлелдеу қиын. Дәлел ретінде мыналар жарайды:
- WhatsApp, аудио/видео жазбалар;
- Куәлардың айғақтары;
- Ақша аударымдары (квитанциялар, скриншоттар).
Заңгер үйленеміз деп жүріп алаяқтардың құрығына түсетіндердің ісі қаралатынын айтты.
"Тәжірибеде мұндай істер бар. Көп жағдайда жәбірленуші полицияға арыз жазып, Қылмыстық кодектің 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, сот арқылы жаза тағайындалады. Сонымен қатар азаматтық тәртіпте ақшаны өндіру туралы шешімдер де шығарылып жатады. Заң бойынша қорғану мүмкіндігі бар. Бастысы – әр қадамда дәлелдемелерді сақтау. Жігіттің 3 млн теңге беруі неке алдындағы қалыңмал деп қабылданса да, бұл – жеке азаматтық-құқықтық қатынас. Егер қыз немесе отбасы қасақана алдап, үйлену ниеті жоқ бола тұра ақша алса, бұл Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша қаралуы мүмкін", – деп түсіндірді заңгер ермек Тілеукеев.
Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қандай шара қолдану қажет?
Қалыңмал, сыйлық, неке алдындағы келісім бойынша жазбаша келісім-шарт жасасуға болады:
- Берген сома немесе сыйлық бойынша қолхат жаздырып алу немесе жазу;
- Ақша аударғанда тағайындау мақсатында "қалыңмал" деп көрсету;
- Тек жақын куәлардың көзінше беру;
- Жазбаша келісім жасау. Мысалы, "берілген сома неке қиылған соң қайтарылмайды. Ал неке қиылмаса, қайтарылады" деген мазмұнда жазуға болады.
"Егер құқық қорғау органында отырған адамның (қыздың күйеуі) ықпалы болса, шағым объективті қаралмауы мүмкін. Бірақ бұл қызметті теріс пайдалану және полиция әрекетіне шағымдану арқылы қаралуға тиіс", – дейді заңгер.
Мұндайда мына органдарға шағым білдіруге болады:
- Жоғары тұрған органға шағым: Облыстық Полиция департаменті, Ішкі қауіпсіздік басқармасы немесе Прокуратура.
- Ақшаны қайтару талабы бойынша Азаматтық сотқа жүгіну. Қолхат, аудио, жазба, куәгерлер болса, дәлелдеме ретінде беріледі.
- Полиция істі тіркемесе немесе қысым көрсетілсе, прокуратураға тікелей шағым беруге болады.

Қазақстандық қыз күйеу жігітінен қалыңмал алып, артынша полицейге тұрмысқа шығып кеткен
