Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қылмыскерді ұстасақ, полиция босатып жібереді": Шымкенттік тұрғындар ұрылардан әбден үрейленіп отыр

Шымкенттің Асар-2 шағын ауданы тұрғындары полицейлердің орнына өздері кезекшілік етіп, үйлерін күзетуге мәжбүр. Себебі ұрлық көп. Күніне бір үй тонайтындардың басынғаны сонша, тіпті уақыт таңдамайтын болған. Он алты мыңдай халқы бар шағын аудан тұрғындары ұрлықтың бір де біреуі ашылмады деп отыр. Есесіне асарлықтардың өздері ұстап апарған ұры-қарыны полицейлер көп ұзамай босатып жібереді екен. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

шымкенттт

Шымкенттің "Асар-2" шағын ауданына халықтың қоныстана бастағанына он жыл болған. Үй салғанымызға 3-4 жыл өтті дегендердің өзі соңғы бірнеше жылда ұрлықтың жиілегенін айтады. Қараңғы түнді қойып, ұрылардың тапа-тал түсте үйге түсе бастағаны қараша халықтың қорқынышын еселей түскен. 

"Кімнің үйі той жасайын деп жатыр, соның "қалың малын" алып кетеді. Құдаларға дайындап қойған кәделерін алып кетеді. Алтындарын әйелдердің, бір көзі түсіп қалған алтын болса да, алып кетеді", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гауһар Әбішева.

Нөмірсіз көлікпен жүріп, бетперде киіп басынғандар тіпті балаларымыздың аты-жөндерін атаған сәттер де болды дейді ашынған халық. Тұрғындар өз қолдарымен осындай ұрыларды ұстап, тіпті полицияға да тапсырған екен. Алайда құзырлылар "іс дәлелін таппады" деген сылтаумен ұрыны жібере салды дейді.



"Ұстаған адамды міне деп апарып берген уақытта оны қамамаса, ол кетеді. Жоқ, бізде Қазақстанда заң жоқ. Әншейін айтылуы былай. Әдемі қағаз жүзінде ғана кетеді бар нәрсе", – дейді тағы бір тұрғын Қалдыгүл Сәбденқұлова.

Ұрылар далада жайылып жүрген қой, сиыр мен жылқының да біразын қолды қылды дейді жұрт. Ал аудандық полиция басқармасынан келген жауапты маман биылғы жылғы үй ұрлығының бірде-бірі ашылмағанын мойындады.

"Күдікті адамымыз бар біздің қазіргі уақытта. Сол бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Тергеу амалдарына байланысты атын қазір айтпаймыз", – деді  Шымкент қаласы Қаратау аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы Бауыржан Оразымбетов.

Бөлім басшысы "Асар-2" ықшам ауданында екі учаскелік инспектор барын жеткізді. Олар көрші елді мекеннен қатынап жұмыс істейді екен.

Ақберен Амангелді
Сенбі, 05 Ақпан, 2022 14:45
Талқылау