Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Кезек көп, иістендіргіштерді жиі себеді, дүкендер ерте жабылады": Қазақстандықтар Англияда не ұнамайтынын айтып берді

Фотолар Назерке Ақанова мен Гүлшекер Қуанбайдың жеке архивтеріненФотолар Назерке Ақанова мен Гүлшекер Қуанбайдың жеке архивтерінен

Лондонда тұратын отандастарымыз қалада барлық жерде ұзын-cонар кезек болатыны, супермаркеттердің ерте жабылып қалатыны өздеріне ыңғайсыздық тудыратынын айтып, видео түсірді. Желі қолданушылары да олардың бұл сөзіне қосылып жатыр. Осыған орай Stan.kz ақпарат агенттігі Англияда тұратын қазақстандықтардан елде не нәрселер ұнамайтынын сұрап көрді.

Желіде жарияланған видеода ортаазиялық қыздар кезек-кезек Лондонда өздеріне не ұнамайтынын айтты. 

"Супермаркеттер түстен кейін сағат 16.00-де жабылып қалатыны және демалыстарда жабық болатыны ұнамайды. Барлық жерде үлкен кезек болатыны ұнамайды. Адамдар бірнәрсе ұнамайтынын бетіңе айтпайды. Автобустар кез келген жерге тоқтай салады және діттеген жеріңе апармауы да мүмкін екені ұнамайды. Метро мен автобустар үнемі кешігіп жүреді. Соның кесірінен жұмыс пен үйге кешігіп барамын. Ал бұл мұнда қалыпты болып кеткен. Пәтер жалдағанда база болып саналатын бұйымдарға, мысалы, теледидар үшін қосымша ақша төлеуің керек, осы жағы ұнамайды", – деді қазақ қызы мен қырғыз қызы видеода.

 

@dikasummer @Кыргыз кызы а что не нравится вам ? пишите в комментариях #казахивлондоне#кыргызывлондоне#казахиванглии#казахивевропе#англияработа#англия ♬ original sound - SpongeBob background music

Осы ретте отбасымен Лондонда тұратын Назерке Ақановадан қаладағы ыңғайсыздықтар туралы сұрап көрдік. Оның сөзінше, Лондонда адамдар қатты дауыс шығарып сөйлейді. Содан қоғамдық жерлерде ұнамсыз шу тұратын көрінеді.

"Адамдардың іште де, сыртта да, көшеде жүргенде де дауыстап қатты сөйлейтіні, әрдайым мейрамханаларда шу тұратыны ұнамайды. Екіншіден, қалада қоғамдық транспортта үлкен кісілерге, аяғы ауыр немесе мүгедек адамдарға көбіне орын бермейді. Үшіншіден, жолда көлік айдау ережелері бiртүрлі немесе оны сақтамайды. Мысалы, көшенің ортасында кері бұрыла салады, бағдаршам орнына айналма жолдар (roundabout) көп, сәл қауіпті", – дейді Назерке Ақанова.

Сонымен қатар қазақстандық қыз Англияда үйді жалға аларда немесе банк картасын ашқанда қиналатынын жеткізді.

"Үй жалдарда, банк картасын ашатын кезде немесе қандай бір сұрақты шешуге мұнда көп уақыт кетеді. Көп жерде қағаз жүзінде құжат рәсімдеу керек немесе email-мен шешу керек. Сол себепті кейбір мәселелер ұзақ шешіледі. Қазақстандағыдай онлайн рәсімдеу деген жоқ", – дейді Назерке.

Сонымен қатар ол жергілікті ағылшындармен достасып кету қиынға соғатынын да қоса кетті. Сол себепті елден алыста жүргенде туған-туысты сағынады екен. Керек кезде, мысалы, баланы, үйді кімге қалдырарымды, кімнен көмек сұрарымды білмей қаламын дейді ол.

Ал журналист, психолог Гүлшекер Қуанбай Англияда оқыған және біраз жылдан бері отбасымен сонда тұрады. Ол видеодағы пікірмен келісті және қоғамдық орындардың ерте жабылып, көп жерде кезек күтетінін растады.

"Супермаркеттер сенбі күні 17.00-де, ал жексенбі күні 14.00-де жабылып қалады. Біздің елдікімен салыстырғанда ресторандар да ерте жабылады. Кезек үлкен болады, мысалы поликлиникаға жазылсаңыз, айлап күтеміз. Теледидар көргіңіз келсе, оның жыл сайын төлейтін төлемі бар, ол пәтер ақысынан бөлек жүреді", – деді ол.

Гүлшекер Қуанбай Лондонның қазақстандықтар үшін ыңғайсыз көрінетін тұстарын да айтып берді. Сөзінше, үй-жайға қатысты Азия халықтарына біртүрлі көрінетін тұстарды атады.

"Біз үшін ыңғайсыздау әдет-ғұрыптарды айтайын. Азия елдерінің халықтары үшін, оның ішінде түркітілдес халықтар үшін ұнамайтын тұсы – тазалық жағы. Өте қымбат қонақүй болмаса, қарапайым, орта деңгейдегі отельдерде тазалық дегенді таппай қаламыз. Екіншіден, мен үшін ең ерсі көрінген әрекет – үйде аяқкиіммен жүру. Оның үстіне Англия халқы үйінде көбіне ит ұстайды. Сондықтан олар үйге түрлі иістендіргіштер себеді. Осы жағы маған жақпайды. Сонымен қатар, меніңше, бұл жақта коммуналдық қызметтер қымбат, көп төлейді. Соған шығындалмас үшін бе әлде үй жылы болсын дей ме, бүкіл жерге кілем төсеп қояды. Үйге де, офиске де, университеттер мен қонақүйлерге де төсеп қояды", – деп бөлісті ол.

Гүлшекер Қуанбайдың айтуынша, қазақстандықтар үшін үйреншікті емес көрінетін нәрсе – англиялықтардың ерте ұйықтауы мен отырыстарды кішігірім тіскебасармен өткізе беретіні.

"Англия халқы кешке өте ерте ұйықтап қалады. Әрине, бұл адам денсаулығына пайдалы, бірақ біз ондайға үйренбегенбіз ғой. Кешкі 19.00-20.00-ден бастап ұйқыға кете бастайды. Есесіне таңертең ерте тұрады. Сонымен қатар англиялықтар арасында кеш, отырыс, party аз адаммен, бірақ өте қызық өтеді. Бұларда тойлау мәдениеті ішумен өлшенеді. Ішімдік пен тіскебасар бірнәрсе болса болды, сонымен-ақ отырыс жасай береді, сонымен ақ қонақ күтіп жібереді", – дейді ол.

Спикерлерден сұрай келе Англияда не нәрселер қазақстандықтан үшін ыңғайсыз болуы мүмкін екенін қорытындылайық:

  1. Супермаркеттердің ерте жабылуы. Көп дүкендер сенбі күні 16:00-17:00-де, ал жексенбі күні тіпті 14:00-де жабылып қалады. Бұл жұмысбасты жандарға және кешкісін дүкен аралап үйренгендерге ыңғайсыз.
  2. Кезек көп. Кез келген жерде: метро, банк, емхана, супермаркет. Медицина саласындағы қызметтерге жазылу апталар мен айларға созылады.
  3. Метро мен автобустар жиі кешігеді, ал бұл Лондонда қалыпты жағдай деп есептеледі. Автобустар нақты аялдамаларда емес, кез келген жерге тоқтай салады. Көлік жүргізушілер орталықта бұрылып кетіп, жол ережесін жиі сақтамай жатады. Айналма жолдар (roundabouts) көп, ал бағдаршам сирек кездеседі, бұл азиялықтар үшін түсініксіз көрінуі мүмкін.
  4. Пәтер жалдау кезінде  теледидар үшін бөлек төлем талап етіледі. Коммуналдық төлемдер қымбат. Үй жылы болсын деп жердің бәріне кілем төселеді.
  5. Банк шотын ашу немесе кез келген ресми мәселені шешу — ұзақ, күрделі процесс. Қазақстандағыдай онлайн шешімдер жетіспейді.
  6. Адамдар бетке тура айтпайды — бұл ашық мінезді қазақтарға түсініксіз болуы мүмкін. Қоғамдық көлікте үлкен кісілерге немесе аяғы ауыр әйелдерге орын бермеу жиі кездеседі.
  7. Орташа деңгейдегі отельдерде тазалық деңгейі төмен.
  8. Үйде аяқкиіммен жүру – Азия халықтары үшін ерсі көрінетін дағды.
  9. Ит ұстау жиі кездесетіндіктен, түрлі иіссулар мен спрейлер қолданылады.
  10. Ағылшындар ерте ұйықтап, ерте тұрады. Кешкі 19:00-ден бастап ұйқыға кетіп жатады.
  11. Отырыстар, мерекелер шағын ғана тіскебасар мен ішімдікпен өтеді.
     
Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 18:16
Талқылау