Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кейуана: Қарттар үйіне келгелі көзімнен жас, көкірегімнен шер кетпеді

Қарттар мен мүгедектер үйіне келген Ағила Әмірова екі аяғын жамбасынан кестірген. Балалары анасының күтімін жасай алмаған соң 4 ай бұрын мемлекеттің қамқорлығына өтуге шешім қабылдапты.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Бүгін Ақтөбе облыстық қарттар мен мүгедектер үйінде мерекелік кеш өтті. Студенттер қарияларға арнап концерт қойып, олармен бірге би биледі. Бүгінгі таңда аталған интернат үйінде 240 адам бар. олардың тең жартысы мүгедек. Аталған үйге 4 ай бұрын келген Ағила әмірова бұл шешімді қабылдаудың өте қиын болғанын айтып жатыр.

“Өзім Ақтөбе облысы Темір ауданы Алтықарасу ауылында тұрдым. Сауатым жоқ, тек 7 кластық білімім бар. Әкем соғысқа кетіп, інімді бақтым. Қазір жасым 83-ке келді. Күні-түні тылда еңбек етіп, қара жұмысты талғамай істеген едім. Шөп шабу, мал бағу, сиыр сауып, қырманға бару біздің негізгі жұмысымыз болды. Кеудемдегі төсбелгілер Жеңістің 60, 70, 80 жылдығында берілді. Қарттар үйіне келгеніме 4 ай болды. Қалада үйім болды, бірақ балаларым қартайып, баға алмайтын күйге түсті”, – деді Ағила Әміров.

Кейуана осы күнге дейін үш бала тәрбиелеп өсірген. Олардың екеуі – қыз, біреуі – ұл. Тіпті, немере-шөберелері бар екен. “Ұлым жүрегіне ота жасап, мүгедек болды. Үлкен қызым 65 жаста, зейнеткер. Ал кіші қызымның екі бүйрегі ауырады. Мені көтеріп, күтім жасауға мүмкіндігі жоқ. Екі аяғымды 6 жыл бұрын кестірдім. Себебі, қант диабеті ауруына шалдығып, жара шығып, іріңдай бастады. Күн сайын ем аламын, 6 рет инсулин беріледі. Қант асса, басымды көтере алмай, төсекте жатамын. Диета ұстау да мүмкін емес. Бар тамақты ішіп, жан сақтап отырмын. Дәрігерлерге алғыс айтамын, күні-түні күтім жасайды”, – деді қария.

Ағила әже екі ай бойы жылаумен болғанын жасырмайды. “Көкірегімнен шер, көзімнен жас кетпеді. Үйімді тастап келу оңай емес. Қазір жаңа ортаға үйреніп келемін. Менен де басқа адамдар бар, мен жалғыз емеспін. Дегенмен ауыл тамағын сағынамын. Келген адамдарға “талқан, қаймақ әкеліп бер” деп өтініш айтамын. Диета сақтап жүрген адамға бұл тағамдарды жеуге болмайды. Бірақ құрт пен ірімшікті аңсаймын, жасырын сақтап, жеп аламын”, – деді Ағила Әмірова.

Арасында кейуананың туысқандары мен балалары қалын сұрап келіп тұрады екен. Десе де, әже бұл шешімді өз еркімен қабылдағанын жасырмайды.


Жіберіп алмаңыз:

Бекболат Тілеухан қазақша сөйлемейтін депутаттарды тексіздер деп атады

Алматыда мемлекеттік қызметкер пара ретінде ақша мен Iphone алған

Назарбаев пен Путинмен телефон арқылы алдағы жоспарларды талқылады

Мәжіліс депутаты қазақ тілін білмейтін әріптестерін сынап, ұятқа қалдырды

Талқылау