Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кейбір ата-әжейлер отбасы құрған: Қызылордадағы қарттар үйінде қазақтың қариялары көбейген

Қызылордадағы қарттар үйінде 148 қария тұрады. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, олардың арасында жұп құрып, қол ұстасып өмір сүріп жатқандары да бар көрінеді. Мереке қарсаңында Stan.kz тілшісі Қызылордадағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып қайтқан еді.

Бұл мекеме облыс орталығында орналасқан. Ғимараттың іші жып-жылы, дәмді тағамдардың иісі бұрқырап тұрады. Мамандар орталық ішін мейрамға орай безендіріп, сәндеп қойған. Әр қабатта орналасқан шыршалар адамға мерекелік көңіл күй сыйлайды. Бүгінгі таңда мұнда стационарлық жағдайда 148 адам қызмет алса, оның 55-і мүгедек азаматтар. Барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.

"Бір өкініштісі, қазіргі қоғамда жалғыз немесе қараусыз қалып қойып жатқан қарияларымыз жетерлік. Біздің көмегімізді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі азаматтар да аз емес. Орталықты үй сияқты жайлы етуге тырысып жатырмыз. Жаны жабырқаулы жандарға мамандар жылы сөзін аямайды. Қарт кісілер бала тәрізді болады. Олардың көңілін тауып отыруға тиіспіз", –  дейді орталық директоры Лариса Кәрібаева.

Қариялардың бос уақытын тиімді өткізу үшін арнайы іс-шаралар  ұйымдастырылып тұрады. Орталықта заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спортзал, сыртқы спорт алаңы, кітапхана, караоке мен еңбек бөлмесі бар. Бұдан бөлек қариялар кез келген уақытта дойбы мен шахмат ойнап, көңілін бөле алады.

Қызылордалық Расима Ганиева бұл орталыққа 2016 жылы келген. Осыдан біршама жыл бұрын жолдасы мен екі ұлы қайтыс болған. Немересі болғанымен, қария осы орталықты паналап жүр. 83 жастағы кейуана арагідік денсаулығы сыр беретінін айтады. Дегенмен мамандар жанында болғандықтан, өзін қауіпсіз сезінеді.

"Мұнда өзім сияқты қариялар бар. Бірге шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырамыз. Тағдырымыз ұқсас жандар көп. Ешкім қартайған шағында жалғыз қалуды қаламайды. Тағдырдың жазуымен жақындарымнан айырылып қалдым. Жүрегімдегі жара әлі сыздайды. Орталықтың қызметкерлері көңілімізді аулап, жағдайымызды жасайды", –  дейді кейуана.

Орталық тұрғындары – Цзю Владимир мен Любовь Юрченко отбасылық жұп. 2019 жылы қос қария шаңырақ көтеріп, бірге болуды қалаған. Қарттардың ересек балалары болғанымен, олар осы орталықты паналап жүр. Қариялар бір-біріне серік, айтатын ортақ әңгімелері де аз емес.

"Біздің кішігірім тойымыз осы орталықта болды. Мамандар бізге мереке жасап берді. Біз сияқты мұнда 6 отбасылық жұп бар. Қарттық кезеңді бірге өткізейік деп шештік. Күйеуім – өте жақсы азамат. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Ауырып қалсам, Владимир күтіп-баптайды. Біз кішігірім отбасымыз", – дейді Любовь Юрченко.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, уақыт өте келе отбасына қайта оралатын қариялар да бар екен. Биылғы жылы алты қарт орталықтан кетіп, жақындарына қосылған. Дегенмен, "Қарттар үйінің" қақпасын қағатындардың саны да көбейген. Ең өкініштісі, бала-шағасынан ажырап келетіндер қазақтың ата-әжелері екен.

"Қазір орталықта 148 адам қызмет алса, оның 111-і қазақтың қариялары. Бұрын орыс немесе татар ұлтының азаматтары көп болатын. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Қолымыздан келгенше олардың жағдайын жасаймыз. Алайда отбасын, баласы мен немерелерін сағынған кісілерді көргенде жаның ауырады", – дейді директоры Лариса Кәрібаева.

Талқылау