Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кешкі ас құны 7 мың теңге": Мүфтияттың ауызашар мәзірі бағасының көтерілуіне қатысты ескертуіне мейрамхана иелері не дейді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана қожайындарының мәзір бағасын көтеруіне қатысты пікір білдірді. Бас мүфтидің айтуынша, ораза күндері тағам бағасы қатты көтеріледі. Сондықтан дін өкілдері кәсіпкерлерді қолжетімді ас мәзірін жасауға шақырды. Қазір бір адамға ауызашар құны орташа есеппен 5 мың теңге. Бизнесмендер мәзір бағасын одан әрі төмендетпейміз деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: ru.pinterest.com

Еліміздегі кей мейрамханаларда ауызашар уақытына арнайы ас мәзірі жасалған. Онда бірінші тағамға сорпа, ал екінші тағамға қуырылған ет пен салат бар. Бұл кешкі ас құны 7 мың теңге тұрады. Ораза ұстаған келушіге кез келген ас мәзірімен қоса су, құрма, бауырсақ ұсынылады. Бұл тағамдар толығымен тегін екен. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ауызашар мәзірі бағасының көтерілуіне қатты алаңдаулы. Басқарма мәліметінше, мейрамхана, дәмхана мен асханалардағы кешкі ас құны тұрғындар арасында түсініспеушілік тудырады. Сондықтан мүфтият өкілдері кәсіпкерлерді ораза ұстағандар үшін қолжетімді ас мәзірін жасауға шақырды.

"Өкінішке қарай, кейінгі кездері мейрамхана мен дәмхана қожайындары ауызашар мәзірінің бағасын негізсіз көтеріп жіберді. Бұл тұрғындар арасында түсініспеушілік тудырды. Сондықтан кәсіпкерлерді түсіністік танытып, кешкі асқа қолжетімді баға ұсынуға шақырамыз", – дейді ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы. 



Қазақстандықтар да ауызашар мәзірі бағасының көтерілгеніне наразы. Олардың айтуынша, биыл бір адамға ауызашар асының құны 5-10 мың теңге аралығында. 

"Биыл біраз қымбаттағанын байқадым. Орташа баға бір адамға шамамен 10 мың теңге. Өткен жылмен салыстырғанда қымбат. Әдетте баратын жерімде баға сәл көтерілді", – дейді тұрғын. 

Бірақ бұл пікірмен кәсіпкерлер келіспейді. Олардың айтуынша, тағамның бағасы өнімнің өзіндік құнына байланысты айтарлықтай өсті. 

"Биыл ет және ет өнімдері әлдеқайда қымбаттады: сиыр, қой, жылқы еттері өте қымбат. Ет бағасы 25-30% қымбаттады. Келген қонаққа, "ең арзаны – 5 мың теңге" дейміз. Келушілер өздері "балық тағамын аламыз, тағы бір нәрсе аламыз" дейді. Сосын баға өсе бастайды. Дегенмен алған тағамдары босқа қалып кетіп жатады", – дейді мейрамханалар желісінің менеджері Гүлнар Тасығожина. 

Рестораторлардың айтуынша, дастарханы мол салтанатты кешкі асқа адамдар өздері тапсырыс береді. Содан кейін олар тамақты тауыспайды. Мұсылмандар діни басқармасының өкілдері мен мекеме қожайындары көпшілікті ысырапқа жол бермеуге шақырды.  

Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ еліміздегі бірқатар мейрамханалар ауызашар мәзірінің бағасын көтеріп жібергенін айтқан еді. 

Талқылау