Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелдердің тілі ұзын" деген депутат Баққожаев көпшіліктен кешірім сұраудан бас тартты

Журналистер мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес еліміздің күнтәртібінде тұрған күрделі мәселе екеніне қарамастан, не себепті мұндай пікір айтқанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

"Біріншіден, сол күні сөз алғанда жаңа заң жобасын қолдайтыным туралы нақтылап өттім. Мұнда әрбір ер адам өзінің жасаған іс-әрекетіне жауап беретінін тілге тиек еттім. Мұның себебін бірден айттым, не себепті бұқаралық ақпарат құралдары бұл бөлімді ескермегенін білмеймін, бірақ мен бұл туралы бірден айтқан едім. Екінші мәселе – психологиялық құралдарға назар аудардым. Егер ер адам әйелді физикалық тұрғыдан жарақаттаса тиісінше, әйел оның психикасын бұзады. Мұнда жанжалдың соңы міндетті түрде зорлық-зомбылықпен немесе төбелеспен аяқталу керек деген сөз емес. Физикалық зорлық-зомбылықты мүлде жоққа шығарамын. Кез келген физикалық зорлық-зомбылыққа қарсымын", – деп түсіндірді Анас Баққожаев.

Сонымен қатар депутат қазақстандықтардан кешірім сұрайтын реті жоқ екенін айтты.



"Менің ойымша, бұл – нағыз хейт. Егер логикалық тұрғыдан қарасақ, әрбір журналист неліктен бұлай айтылды деп ойлануы керек еді. Адам жалпы нені меңзеп тұр? Айтып тұрмын ғой. Бұған дейін әлеуметтік желіде "Отбасы кодексі" кітабын шығармай тұрып, тұрмыс мәселелерін көп зерттедік. Шынтуайтында, жанжалдың шығуына әйелдің тікелей себепкер екенін және мұндай жайттар көп екенін атап өткім келеді. Сол кезде, әуелі, әйелдер мені кешірсін, бірақ мұндай фактілер де бар деп айттым. Бірақ дөрекі бірнәрсе айттым деп ойламаймын. Пікір айтуға құқығым бар. Егер бұл туралы он мыңнан аса отбасы талқыласа, ойымның оң болғаны", – деп түйіндеді депутат Анас Баққожаев.

Еске салайық, мәжіліс депутаты Анас Баққожаев әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру барысында жанжалдың шығуына әйелдің тікелей себепкер екенін айтты.

Сонымен қатар 13 ақпанда орталық коммуникациялар қызметінде “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ішкі істер министрлігі, еңбек, денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері мен сенат және мәжіліс депутаттары қатысты. Дөңгелек үстел қатысушыларына “тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары өзі соған итермелейді” дейтін депутаттардың пікіріне қалай қарайтыны туралы сұрақ қойылды. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева көп әйел бала тәрбиелеуге дайын емес және отбасы құндылығын толық түсінбейді деп мәлімдеді. 

Талқылау