"Керек десе президентке шағымдан": FlyArystan әуе компаниясы тағы бір жанжалға тап болды
Астанадан өз үйіне қайтпақ болған Ақтаулық жас спортшыларға FlyArystan әуе компаниясы дөрекілік танытты деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: FlyArystan
Ата-ананың айтуынша, әуе компания қызметкерлері Астана әуежайында балаларға дөрекілік танытып, қатаң түрде тексерген.
Мәліметке сәйкес, 6 мен 11 жас аралығындағы жас гимнастшылар командасы жарыста сәтті өнер көрсетіп, Астанаға оралған. Оның ішінде Қазақстан мен ТМД чемпиондары бар.
Алайда, спортшылар, олардың жаттықтырушысы және ата-аналары FlyArystan стендіне келгенде, күтпеген жағдайға тап болған.
"Біз онлайн тіркелдік. Балалардың қолында құрал-жабдықтары мен сыйлықтары бар қол жүгі болды. Бірақ кассада қызметкерлер отырғызу талондарын басып шығаруға мәжбүрлеп, әрқайсысы үшін 500 теңге талап етті. Оның үстіне қызметкерлер дөрекі сөйледі", – дtді ата-аналардың бірі.
Сосын ұшаққа отырғызатын есіктен өткен соң кездейсоқ тексеру басталған.
"FlyArystan қызметкерлері балалардың жүгінде артық салмақ барын айтып, жүктерін өлшеп, Kaspi терминалы арқылы төлеуді талап етті. Тіркеу кезінде таразы болған жоқ. Олар бізден ашық түрде ақша бопсалады!", – дейді ата-аналар.
Содан кейін олар балаларды бортқа жібермейміз деп қорқытқан.
"Кешігіп қалдықһңдар, балалар Астанада қалады деп айғайлады. Сағат 22:00-де кассада болдық, ал рейс 23:25-те ұшуы керек еді. Қыздар қорқып жылады", – дейді қыздардың ата-анасы.
Ата-аналар қарсылық білдіруге тырысқанымен әуе компаниясы қызметкерлері оларды келеке еткен.
"Керек десе президентке телефон соғыңдар. Бізге бәрібір!", - деген авиакомпания өкілдері.
Ұзақ жанжалдан кейін олар балаларды бортқа жіберген.
"Стюардессалар: "Сіздің кесіріңізден рейс кешігіп жатыр. Біз тезірек қозғалайық" деп айтты. Балаларға жүктерін қоюға ешкім көмектеспеді", – деді ата-аналар.
Әуе компаниясы өз қызметкерлерінің әрекеттері ережелерге сәйкес келетінін айтты.
"Жолаушыларға жолжүктің рұқсаты туралы алдын ала хабарланған. Егер артық салмақ болса, олар артық затқа төлем жасауы керек. Біздің қызметкерлер нұсқауларға сәйкес қатаң түрде әрекет етті", – деді FlyArystan өкілі.
Алайда, ата-аналар әділдікке жетуді көздеп, Азаматтық авиация комитетіне ресми шағым дайындап жатыр. Олар тергеу жүргізіп, кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін FlyArystan бортында жолаушының рюкзагы өртеніп, ұшақ қайта қонған еді.