Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кептеліс мені құтқарып қалды": Үндістандық студент апатқа ұшыраған Air India ұшағына 10 минутқа кешігіп, аман қалды

Фото: bbc.com

Бхуми Чаухан есімді үндістандық студент апатқа ұшыраған Air India ұшағына небәрі 10 минутқа кешігіп, аман қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бристоль қаласында күйеуімен бірге тұратын, “бизнес басқару” мамандығы бойынша оқып жүрген Бхуми Чаухан Үндістанға демалысқа барған.

28 жастағы Чаухан бейсенбі күні үйіне AI171 рейсімен ұшуы керек болған. Ахмедабад әуежайына бара жатқан жолда әйел көлік кептелісінде ұзақ бөгеліп, ол Лондонға ұшатын ұшағына небәрі 10 минутқа кешігіп қалған.

Алайда бұл рейс әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшырап, борттағы 241 адам қаза тапты.


"Айналамда мәйіттер жатты": Үндістандағы апаттан тірі қалған жолаушы ұшақтың қалай құлағанын айтып берді

Үндістандағы ұшақ апаты: Ұшқыштардың бірі қарт әкесіне қарау үшін жұмыстан шықпақ болған


Чаухан жергілікті уақыт бойынша сағат 12:20-да, яғни жолаушыларды ұшаққа отырғызу басталу керек болған уақыттан 10 минут кеш келгенін айтады. Ол онлайн тіркеуден өткенімен, әуе компаниясының қызметкерлері оған ұшаққа отыруға рұқсат бермеген. 

"Мен әуе компаниясының қызметкерлерінен мені кіргізуді өтіндім, себебі мен бар болғаны 10 минутқа кешіктім. Мен соңғы жолаушымын, өтінемін, ұшаққа мінуге рұқсат етіңіздер деп жалындым, бірақ олар келіспеді", – дейді жолаушы әйел. 

Ұшаққа отыра алмаған әйел ашуланып, әуедайжан кетіп қалған. 

"Біз жүргізушімізге қатты ашуландық, әуежайдан ренжіп кетіп қалдық. Менің қатты көңілім қалды. Әуежайдан шыққан соң, бір жерге тоқтап шай іштік. Кейін билет ақшасын қалай қайтаруға болатынын сұрастырып жаттық. Дәл сол жерде маған қоңырау шалып, ұшақ апатқа ұшырағанын хабарлады", – дейді Бхуми Чаухан.

Жантүршігерлік апаттан аман қалған студент бұл оқиғаны “нағыз ғажайып" деп бағалайды. 

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаны туралы жазған едік. Ұшақ апатынан 241 адам көз жұмып, тек бір жолаушы тірі қалды. 

Дана Русланқызы
Жұма, 13 Маусым, 2025 23:27
Талқылау