Кенжебек Жанәбілов: “Музарт” деген кезде көлеңкеде қалғандай сезінемін
Атақты “Музарт” тобында ән салса да, Кенжебек Жанәбілов түрлі байқауларға қатысып, өзін сынаудан тайынбайды. Мәселен, қазіргі уақытта әнші “Жұлдызды жекпе-жек” бағдарламасына қатысуда. Кенжебектің мұндағы мақсаты “Музарт” тобына дайын асқа тік қасық болып келді” деп сынаушыларға өз өнерін дәлелдеу, деп жазады Stan.kz.
Өткен сенбіде Кенжебек “Заман” тобының әншісі Әсетпен сайысқа түсті. Ән сайысы басталмас бұрын Кенжебек не себепті додаға түсіп жатқанын түсіндірді.
“Құдай маған сондай бақ берген шығар. Дүркіреп тұрған “Музартқа” келіп, бірден кіріп кеттім. Оны теріс түсінгендер де бар. “Дайын асқа тік қасық болып келді. Кеше ғана ауылда жүрген бала еді”, – деп. Бірақ менің өнерге қалай келгенімді білмейді. Сырттан тон піше беретіндер көп болды. Бұл сайысқа қатысып жатқан себебім, сол өнерімді көрсе екен деп… Бұл уақытқа дейін де көрді ғой, соны әлі де көрсеткім келеді. Алда да жоспарларым бар. “Жеке концерт неге бермеске?” деп қаншама ағаларымыз ұсыныс тастап жатыр. Одан бөлек, тірі дауыста қалай айтатынымды көрсетейінші деген ниетім бар.
“Музарт” деген кезде көлеңкеде қалып қоя беретін сияқты сезінем өзімді. Өйткені “Музарт” десе Мейрамбек пен Сәкен деп елестетеді көбісі. Бірақ екеуіне қарағанда, мені көрген адамдар: “Музарт” кетіп барады” деп айтады. Бір жағынан, бізден бұрын шұлық тоздырған адамдар. Содан кейін де халықтың есінде қалған. Ол мен үшін ешқандай да өкінішті емес. Дегенмен өзімді көрсеткім келеді”, – деді Кенжебек ағынан жарылып.
Еске сала кетейік, Кенжебек қарсыласынан басым түсіп, жобаның жартылай финалына жолдама алды. Ендігі кезеңде “Музарттың” кенжесі әнші Нұрболат Абдуллинмен бақталасатын болады.
Жіберіп алмаңыз:
Қайрат Нұртастың жарымен сүйісіп тұрған суреті желіні шулатты
Алтынай Жорабаева экс-күйеуі Әбдіхалықовтың қыздарын іздемейтінін айтты