Кенжебек Нұрдолдаев: "Менің барлық әнім бұрынғы қыздарыма арналған"
Зағип әнші Кенжебек Нұрдолдаев Тимур Балымбетовке берген сұхбатында барлық әндері өмірден алығанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
©instagram.com/mr.kenjebek
Бағдарлама жүргізушісінің: “Бақытты бол” әніндегі оқиға ойдан шығарылған ба?” деген сұрағына Кенжебек: “Жоқ, өмірде болған оқиға. Менің барлық әнім бұрынғы қыздарыма арналған. Бір кездері менімен кездескен қыздар, өтініш, маған ренжімеңіздер. Керісінше, сіздерге ән арнағаныма қуаныңыздар”, – деп әзілмен жауап берді ол.
Сондай-ақ жас әнші не себепті қарым-қатынас құрғысы келмейтінін айтты.
“Егер арақатынасымыздың нәтижесі некемен аяқталмаса, қарым-қатынас құрғым келмейді. Мен бәрін тура, ашық айтатын адаммын. Қызға гүл сыйлап, оны айналшықтап жүргім келмейді. Егер ол маған ұнаса, жанына барып кездесуге шақырамын. Кездескен кезде өзімнің алға қойған арман-мақсаттарымды айтамын. Кез келген өзін құрметтейтін қыз шындықты білуі керек. Көбіне жігіттер қыздарды жыландай арбайды. Ал қыздар соған алданып қалады. Мені анам кішкентай кезімнен: “Қыздың көз жасына қалма” деп тәрбиелеген. “Егер сен бір қыздың көз жасына себепкер болсаң, мен үшін еркек емессің” дейтін. Сол себепті мен барлығын ашық айтуға тырысамын. Ұнатсам, оны да жасырып қалмаймын. Бірақ уақыт өткізіп, жай қарым-қатынас құруға қарсымын. Өйткені жұмысым, шаруаларым бар, отбасымды асырау керекпін, өзімді дамыту қажетпін. Уақыт өткізіп, мені сыртымнан бақылап жүргеннен опа таппайсың. Мен бұрын қандай болдым, қазір де сондаймын, өзгермеймін. Әр кез ғашық болған сайын махаббаттан көңілің қалады, оны сезінуден қаласың. Алғашқы махаббат қандай тәтті болатын, есіңде ме? Қалтырап, жақындауға ұялып, ғашық екенімді айта алмай, хат жолдайтынмын. Ал қазір ондай сезімді өте сирек бастан өткеремін”, – дейді Кенжебек ақтарыла.