Қазақстандық әйел ақылы жолда жылқы үйіріне соғылып, жол апатына түскен

Желіде Алматы тұрғыны КазАвтожол компаниясы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді деп шағымданды. Оның сөзінше, ұлттық компанияға тиесілі ақылы трассада жолға кенеттен жылқы үйіні шығып, олар жол апатына ұшыраған. Әйел мұндай ақылы жолдар қауіпсіз болуға тиіс деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға жайлы алматылық фотограф Валерия Кирилюк Threads желісінде бөлісті. Жол апаты 1 сәуірде шамамен таңғы 5.00-де болған. Оның айтуынша, олар рұқсат етілген 90-110 шақырым/сағат жылдамдықпен қалыпты жүріп келе жатқан.
“Біз күйеуімнің жұмысына байланысты Қытайға жолға шықтық. Трасса мүлде бос еді, біз рұқсат етілген жылдамдықпен қалыпты жүріп бара жатыр едік. Шелек кентіне жақындағанда кенеттен жолға жылқы үйірі шықты”, – деп жазды ол.
Әйелдің сөзінше, күйеуі жануарларды айналып өтуге тырысқанымен, құлын көлікке соқтығысқан. Валерия Кирилюк бұл жолдың ҚазАвтоЖол компаниясына тиесілі ақылы трасса екенін атап өтіп, мұндай жолдар әрқашан қауіпсіз болуға тиіс деп мәлімдеді.
“Ақылы трассада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тағы қанша трагедия болуы керек?” – деп ашуланды әйел.
Валерия Кирилюк құлынның иесі анықталмағанын айтты. Сондай-ақ ол Қылмыстық кодекстің 408-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жануарларды жолға шығарып, апат жағдайын туғызғаны үшін жауапкершілік мал иесіне жүктелетінін еске салды. Алайда әйел мал иесі анықталмаған жағдайда, ақылы трассадағы қауіпсіздік үшін кім жауап береді деп сауал қойды.
“Заң бойынша туындайтын заңды сұрақ: ақылы трассадағы қауіпсіздік үшін кім жауап береді? Егер жол ҚазАвтоЖол мекемесінің қарамағында болса, малдың жолға шығуына жол бермейтін шаралар, әсіресе осындай оқиғалар жиі болатын учаскелерде, неге қамтамасыз етілмеген?” – деп наразылық білдірді ол.
Күтпеген жағдайға тап болған алматылық фотограф пен күйеуіне жедел жәрдем қызметкерлері көмектесіп, үнемі хабарласып отырған. Бұған қоса, ол жолда тоқтап, қолдау көрсеткен тағы үш автокөлік иелеріне алғыс айтты.
Stan.kz редакциясы ресми пікір алу мақсатында “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясына байланысқа шықты, алайда жауап ала алмады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық жүргізушілер жолдардың сапасына байланысты көлігіне келген залал үшін ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясын сотқа беріп жатқаны хабарланған еді. Мұны Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде Дархан Иманашев мәлімдеді.
Сонымен қатар ол компанияға қатысты шамамен жеті шағым бар екенін растады. Автокөлік иелері дөңгелек жарылуы немесе жолға зақым келуі себепті сотқа жүгінген. Өтемақы мәселесі заң аясында шешіледі: залал расталса, сот шешімі бойынша төленеді.
Қазақстандық ер адам егіз қызы мен ұлын зорлады деп айыпталды: Анасы бірнеше жылдан бері әділдікке жете алмай жүр