"Кеңес үкіметі кезінде киік етін жеп көрдік": БҚО әкімінің киік етіне қатысты жауабы
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев киік етіне қатысты шыққан даулы мәселеге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Аймақ басшысы киіктердің еті бұзылып, жарамсыз болып жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Журналистердің “ет комбинаты жеткілікті ме?”,- деген сауалына да жауап берді.
Киіктің еті басқа өңірлерге тасымалданған сәтте еттің бұзылу дерегі анықталған жоқ. Алдағы уақытта сайғақтардың етін өткізетін ет комбинаттарын салу жоспарымызда бар. Күні кеше бізге бірнеше инвесторлар келді. Киіктердің санын реттеуге, ет комбинатын салуға қызығушылық танытып жатыр. Егер біз олармен жақсы келісімге келіп, ет комбинаттарын саламыз десе, біз оларға жер береміз. Ет комбинаты жетіспегендіктен, көрші облыстарға жүгіндік, ол жасырын емес”, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі киіктерден әсерінен өңірдегі шаруалар 8 миллиард теңге шығынға ұшырағанын айтты. Шаруалар болса өтемақыны әлі ала алмай жүр.
“Бізде қазір облыс бюджеті 481 млрд теңге, соның 60%-ы әлеуметтік мәселелеге жұмсалады. Біз әр адамның жағдайын субсидиямен шеше алмаймыз. Өтемақы жөнінде ешнарсе айта аламаймын. Болашақта жағдай болса ғана бұл мәселе шешілуі мүмкін”, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Сондай-ақ, Нариман Төреғалиев соңғы рет киік етін қашан жегенін айтты.
“Мен киік етін жеп көрмедім. Бірақ, бала кезім есімде, яғни Кеңес үкіметі кезінде жеп көрдік. 9-сыныпта бригадада жұмыс істедік. Сол кезде асханада бізге арнайы киік етін берді. Бала кезімде соны жеп көрдім. Қазір ауланған киік етін жеп көрген жоқпын”, - деді Нариман Төреғалиев.
Айта кетейік, 2023 жылғы 13 қарашадағы мәлімет бойынша, Қазақстанда жалпы саны 15 380 киік ауланған. Оның ішінде 3 954 киік (Ақмола облысы – 10 киік, Батыс Қазақстан облысы – 3 944) арнайы қоршауға алынып ұсталса, ату арқылы 11 426 киік (Ақмола облысында 1 833, Қарағанды облысында 2049, Қостанай облысында 1 479 және Батыс Қазақстан облысында 6065 бас) ауланды.
Еске салайық, бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстан Қытайға ақбөкен мүйізін сататынын айтқан еді.