Екі күнде 3 тоннасы сатылған: Ақтөбеде ақбөкен етіне сұраныс артты
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбеде ақбөкен етіне деген сұраныс жоғары. Соңғы екі күннің ішінде үш тонна ет сатылып кеткен. Өйткені ақбөкен етінің бағасы сиыр етінің бағасымен салыстырғанда әллдеқайда төмен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбедегі “Алтай” сауда орталығында киік етін сатып алушылар көп. Сатушылар киік етін тұтас, мұздатылған күйі әкеліп жатыр. Айтуынша, батыс Қазақстаннан келетін киік еті арнайы зертханада тексеріледі.
“Бүкіл құжаттарымен сапасы, бәрі тексерілген. Халық жақсы алып жатыр. Бағасы келісіне 1800 теңгеден. Екі күннен бері 3 тоннадай сатылды. Алдағы уақытта тағы да кіргіземіз деп отырмыз. Құжаттары, бәрі дұрыс болып, халықтан сұраныс болып жатса. Оралдан бүкіл құжаттар тексеріліп бізге келеді. Бізге келген соң ақтөбелік мамандар қайта тексереді. Сол рұқсат қағазбен бізге саудаға кіреді”, – дейді сауда орталығының әкімшісі Гүлнара Тілеу.
Киіктің тұтас етінің бағасы шамамен 30-35 мың теңге тұрады. Оның бағасы да, сапасы да тұрғындардың көңілінен шығып тұр.
Мамандар ақбөкен етінің адам денсаулығына пайдалы екенін айтады. Әсіресе қант диабеті, бауыр және асқазан ауруларымен ауыратындарға ем ретінде ұсынылады екен.
“Ауылда үнемі киіктің етін жаздай қуырдақ қылып жейтінбіз, асып жегенін көрген жоқпыз. Бала күнімізде осы киіктің етімен өстік. Қалтаны көтеретін. Күнделікті қуырдақ қылуға пайдалы. Сол үшін келіп тұрмын”, – дейді тұрғындардың бірі Шәрбат Сәрсенбаева.
Сондай-ақ олардың айтуынша, киік етінің артықшылығы мен пайдасы көп.
“Қазір сиыр етінің бағасы 4 мыңға жуық. Оның қасында бұл арзан. Әрі диеталық тағам, тез піседі. Борщқа қосуға, қуырып жеуге болады. Әлі есімде Кеңес Үкіметінің кезінде киік етінің келісі 1 рубль болды. Сондықтан киік еті сатыла бергені жақсы”, – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Светлана Иванова.
Мамандардың сөзінше, сатылымдағы ет сапалы, барлық санитарлық талаптар сақталған. Ал Ақтөбе облысында қазір 450 мыңға жуық киік бар. Бірақ оларды атуға рұқсат жоқ.

"Металлургияға 50 балмен түсуге болады": Биыл қазақстандық талапкерлер қанша балмен грант иесі атанды
