Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Келінімнің ішін қатты басып, жатырын алып тастаған: Немересінен айырылған Қызылорда тұрғыны дәрігерлердің кінәсін айтып берді

Stan.kz сайтының редакциясына Қызылорда облысы Шиелі ауданының Гүлзира Жантаева есімді тұрғыны хабарласқан болатын. Бірнеше аптадан бері қайғыдан қан жұтып жүрген жан әділеттілік іздеп шырылдап жүргенін айтады. Ақ халатты абзал жандарға кінә артқан Гүлзира дәрігерлер заң алдында жауап бергенін талап етеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгінген азаматша оқиғаны бастан-аяқ айтып берді.

«12 қазан күні келінімнің толғағы басталып, перзентханаға апардық. Дәрігерлер осы сәтте келініме көңіл бөлмей, жаны біраз қиналды. Суы кетіп қалған соң, перзентхана қызметкерлерінің бірі ішінен қатты басқан. Баламен бірге қан атқылап кетіпті. Нәресте жыламай туған. Бұл жағдайды Айбанумен бірге босануға барған құдашамызайтып берді. Мұнан соң, мені 6 шыны спирт әкелуге жұмсап жіберді. Ауруханада қарапайым спирт жоқ деген не сұмдық. Қайта келсем келінімді ота жасауға алып кетіпті», – дейді Гүлзира Жантаева.

Айбануға жасалған ота 6 сағатқа созылған. Қанды тоқтата алмаған соң дәрігерлер науқастың жатырын алып тастапты. Бұл жағдай отбасы үшін ауыр соққы болды. Ал, араға 4 күн салып жаңа туылған нәресте шетінеп кеткен.

«Аман қалсыншы деп немеремнің есімін Аман деп қойғанмын. Бізге дәрігерлер тіпті оның көз жұмғанын уақытында айтқан да жоқ. Келінімнің шырылдап жылаған дауысы әлі құлағымда. Өз-өзіне қол жұмсай ма деп қорықтық. Отбасымызға бұл қайғының келгеніне біз келінімізді босандырған, перзентхана бөлімінің меңгерушісі Ақзияш Күздібаеваны кінәлаймыз. Егер бұл кісі дер кезінде көңіл бөліп, кесір тілігін жасағанда нәрестеміз аман қалар еді. Шу шыққаннан кейін дәрігер өз еркімен жұмыстан кетіпті. Бірақ бізге өз еркімен кеткені емес, заң алдында жауап бергені керек», – деп ашынады тұрғын.

Отадан кейін Айбану 10 күнге жуық жансақтау бөлімінде жатты. Бүгінгі таңда әлі күнге дейін ауруханада ем алып жатыр. Нәрестесінен айырылған анамен психолог мамандар жұмыс жасап жатыр. Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасарымен сұхбаттатық.

«Біз Айбанудың жатырын алып тастауға мәжбүр болдық. Егер бұл қадамға бармасақ біз одан да айырылып қалатын едік. Әрине, уақытында кесір тілігі жасалғанда, баланы аман алып қалуға болатын еді. Бұл ретте дәрігердің кінәсі екені рас. Ол босанудан кейінгі жағдайды алдын-ала зерделей білмеген», – дейді Бақытгүл Мұсағалиева.

Осылайша дәрігерлер өз тараптарынан кеткен кемшілікті мойындап отыр. Ал, жәбірленуші тараптың туыстары құқық қорғау органдарына шағым түсіріп, кінәлі адамның заң алдында жазасын алғанын талап етеді.

Тағы да оқыңыз:

Астанада сауда орталығының алдында қанды оқиға болды

Алматы–Қапшағай жолында үш көліктің астында қалған әйелдің басы жұлынып кетті

Президент бекіткен латын әліпбиі қандай болмақ?

Талқылау