Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Келін - күң емес": Меруерт Түсіпбаева енесі күн көрсетпейтін келіндерге кеңес берді

Меруерт Түсіпбаева келінін күң санайтын енелерге қарсы шықты. Әнші қоғамда біреудің өбектеп өсірген қызын үй қызметшісі ретінде көретін енелердің бар екеніне қынжылды. Ол жалғыз ұлын үйлендірген соң, онымен бірге тұрмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар" арнасының "Айнаline" бағдарламасына сілтеме жасап. 

"Мен ешқашан баламның келінін жұмсап, күң көрмеймін. Қазақта былай: "о, келін келді ме, тізіліп отырайық, үй қызметшісі келді" дейді. Ол да біреудің өбектеп өсірген қызы ғой. Қазақ қызды жат жұрттық деп еркелетіп өсіреді. 

Келін үйді тазалап, шай құйып, тамақ пісіруі керек деген қате ұғым. Келінді жақсы десең жақсы, жаман десе жаман болады", - деп мәлімдеді әнші.

Түсіпбаеваның артынан ерген жалғыз ұлы бүгінде 21 жасқа қадам басқан. Әнші ұлы отау құрған соң, онымен бірге тұрмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Түсіпбаева енесі күн көрсетпейтін келіндерге бөлек тұруға кеңес берді. 

"Енең күн көрсетпей жатса, сені сыйламаса, онымен бірге тұрма, "сау бол" деп есікті жап та кете бер. Өмір бір-ақ рет беріледі. 

Мен ертең есейемін. Балам, сені бақтым, енді менің аяғымды жылы суға сал деп қалай айтасың? Мен де жалғыз тұрмаспын. "40 ұлың болғанша, жаныңда бір шалың болсын" деп айтады ғой. Мен заманауи адаммын, қазіргі уақытта отқа, суға қарап отырған жоқпын. Әлі жаспын. Келін келсе, үй де, көлік те дайын. Екі қалада екі үй бар. Баламды сүйсе, сыйласа болды. Ең бастысы, келінім балама адал болса болды. Жүрсін, көрсін, тұрсын. Бірге тұрмаймыз", - деп ағынан жарылды Түсіпбаева. 



Әнші келінін қызындай көретінін, оған көмектесуге дайын екенін айтты. 

"Әрине, сыйласып, дос болса, ол керемет. Мен ойлаймын, ертең келін түссе, бірге қыдырып, шетелге барып жүреміз деп... Келініме көмектесемін, бала қарасамын, қызым деймін. Өз балама қараған жоқпын, анам қарады. Егер мен келінге тиісе берсем, шұқи берсем, балам бақытсыз болады. Сондықтан ене ақылды, дана болу керек. Жас адамды ақырындап тәрбиелеп алуға болады", — дейді әнші.

Талқылау