"Жаңа инфрақұрылым ғана емес, заманауи жүйе": "Келешек мектептері" жобасының миссиясы жылдан жылға жетіліп келеді

2023 жылдан 2025 жылдың соңына дейін "Келешек мектептері" ұлттық жобасының аясында 217 заманауи мектеп салынды. Бұл мектептер 460 мың оқушыға арналып жасақталған. Соның ішінде 183 мектепте 218 мыңға жуық оқушы білім алып, онда 17 мыңға жақын педагог еңбек етіп жатыр. Бүгінде бұл жоба заманауи инфрақұрылымымен ғана емес, жаңа білім жүйесімен де ата-ана мен мұғалімдер арасында да сұранысқа ие. Stan.kz сайты Оқу-ағарту министрлігінің Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқармасы басшысы Жайық Махсұтовпен сұхбаттасып, ұлттық жобаның жайын білді.
Біраз уақыт бұрын "Жайлы мектеп" деген атаумен басталған бастама "Келешек мектептері" деп аталып, жаңа атаумен жұмысын жалғастырып отыр. Осы жобаның аясында Қазақстанда 6 жылда 1 миллионнан аса оқушы сыятын барлық саны 1000-нан асатын мектептер салынған. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы – осы ауқымды бастаманың маңызды жалғасы. Биыл да жоба әлеуетті жоспарларын қолға алмақ.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқармасы басшысы Жайық Махсұтовтың сөзінше, жобаның басты мақсаты – Қазақстанның барлық өңіріндегі балалар оқып, білім алатын, жетілеті білім беру ұйымдарын жаңа форматқа сай құру. Осылайша жоба жаппай сапалы білім стандарттарын енгізе отырып, әр оқушыға жан-жақты дамуға және өзінде бар потенциалды толық ашуға теңдей мүмкіндік жасауды көздейді.
Мектептердің біразы ауылда салынып жатыр
Жайық Махсұтов жоба аясында қолға алынған мектеп жобаларының біразы ауылдық жерге тиесілі екенін айтып берді. Оның айтуынша, осылайша ауылдың балаларын заманға сай келетін біліммен қамту басты назарда.
"Бұл жоба Қазақстандағы оқушыларға олар қайда тұрып жатқанына қарамастан сапалы, заман талабына сай білім беруді мақсат етеді. Тіпті ауыл балаларына да мүмкіндік жасалған. Атап айтқанда, "Келешек мектептері" жобасымен салынған мектептердің жартысына жуығы, 40%-ы ауылдық жерлерде. Осының арқасында ауылдың 200 000-нан астам баласын жайлы әрі сапалы, сонымен қатар бүгінгі бар технологиямен жабдықталған оқу орындарында білім алуын қамтамасыз ету көзделген", – деп атап өтті басқарма басшысы.
Маманның сөзінше, жоба аясында жабдықталған мектептердің ең бірінші артықшылығы –жаңадан салынған мектептерде білім алушыларға жайлы әрі эргономикалық кеңістік жасалған. Бұл мектептердің пішіні мен құрылысы ұқсас әрі басқа қарапайым мектептермен салыстырғанда көлемі жағынан 20% үлкен. Сонымен қатар техника жарақтары да 4 есе жақсартылған.
Ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту да ескерілген
Ұлттық жоба аясында жоспармен құрылған жаңа мектептерде қауіпсіздік жүйесі де айрықша ескерілген. Оқу ордаларында бейнебақылау камералары және кіріп-шыққандарды қадағалайтын жүйелер бар. Оған қоса бастауыштың балалары бөлек, жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл форматтың бәрі оқушылардың қауіпсіз ортада жүріп, ештеңеге алаңдамай оқу оқуына жол ашып отыр.
"Мектеп табалдырығын аттаған кез келген оқушыға, оның ерекшелігіне қарамай жағдай жасалып отыр. Бұған қоса ерекше қажеттілігі бар балаларға да арнайы санитариялық кабинеттер, кең кеңістіктер, пандус, лифт, қажет нұсқаулық белгілері, психолог маман, логопед және дефектолог мамандардың кабинеттері бар. Мектептегі интерактивті технологиялар және зертханалар арқылы мұғалімдер әр оқушысының неге қызығатынын, қандай іске қабілетті екенін байқап, соған қарай тұлғалық дамуын қолға ала алады", – дейді маман.
"Келешек мектептері" ұлттық жобасының концепциясында мектеп деген – қазіргі заман баласының қажеттілігіне толық жауап беретін, білім беріп қана қоймай, үлкен өмірге жол сілтейтін жаңа буын келешек мектеп моделі.
"Бұл модель барлық мектептің дамуға деген құлшынысына негіз болмақ"
"Бұл мектептер болашақта оқу орындарының моделі жаңаша өзгерістерге қадам бастайтынына негіз болып отыр. Алдын ала ойластырып жасалған стандарттар, оқыту әрі дамыту әдістері, оған қоса басқарудағы тыянақты шешімдер бүкіл Қазақстанда өзге оқу орындарына да енгізіледі", – деп түсіндірді Жайық Махсұтов.
Қазір "Келешек мектептері" заманауи білім беру технологияларын енгізудің пилоттық алаңына айналып отыр. Бірқатар мектептерде оқу процесіне жасанды интеллект элементтері енгізіліп жатыр. Бұл мұғалімдердің жүгін жеңілдетуге, оқу процесін жекелендіруге, бағалау жүйесін жетілдіруге және оқушылардың оқу жетістіктерін нақты әрі жүйелі бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, кейінгі үш жылда "Келешек мектептері" ұлттық жобасымен 217 заманауи мектеп салынған. Дәл осы мектептер үздік оқыту технологияларымен, цифрлық жаңа инфрақұрылыммен және инновациялы әдістермен жабдықталып отыр.
"Инфрақұрылым ғана емес, басқару, білім беру сапасы да жолға қойылып келеді"
"Келешек мектептерінде" білім сапасы мен табиғи орта құруға да көңіл бөлінеді. Оның ішінде мектептегі білім мен тәрбие сапасының басты кілті – басқару қабілеті. Осыған орай басқарулшылық жүйені күшейту жағы да қолға алынған. Министрліктің мәліметінше, қазір арнайы басқару корпусы қалыптасқан. Оған директорлардан 183, ал директор орынбасарларынан 800-ден астам маман мүше болып отыр. Мұндай құрамда тәжірибесі мол басшылармен қатар, жаңа буыннан көшбасшылар да бар. Қазір осы мектептерде білім сапасын басқарудың жаңа мәдениеті қалыптасып келеді.
"Педагогтердің кәсіби дамуы – басты басымдықтарымыздың бірі. Сондықтан басты назар мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына, коучинг пен менторлық тәжірибені кеңейтуге бағытталмақ. Былтыр 7 мыңнан астам педагог заманауи LMS платформасы арқылы пән бойынша біліктілігін арттырды. Сонымен қатар 1600-ден астам педагог пәндік семинарларға қатысты. Бұл курстарда физика, химия, биология, информатика пәндері, жасанды интеллект негіздері, мектеп зертханаларын тиімді пайдалану дағдылары қамтылды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасады", – делінген Оқу-ағарту министрлігінің бізге берген мәліметінде.
Ал мектептегі тәрбие жұмысы "Адал азамат" бірыңғай тұжырымдамасының аясында жүзеге асып отыр. Бұл тұжырымдамада білім беру мен тәрбие біртұтас процесс ретінде қарастырылып, оқушылардың академиялық білімін ғана емес, олардың тұлғалық дамуын, құндылықтық бағдарын және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен бірге мектеп табалдырығында экология мәдениетті қалыптастыруға ерекше ден қойылады.
"Оған қоса жобаның маңызды бағыттарының бірі – ертерек кәсіби бағдар беру. Бұл бағыт бойынша оқушылар бастауыш сыныптардан бастап түрлі мамандықтармен танысады, ал жоғары сыныптан бастап бейіндік бағытта оқыту, тәлімгермен бірлескен жүйе және жеке оқытуға енгізіледі", – деп түсіндірді министрлік мамандары.
Осылайша "Келешек мектептері" жобасы аясында оқушылар кәсіби бағдарын ертерек танып, түрлі мамандықтардан хабар алып шығады”.
"Ай сайын ит-мысықты асырауға 8 миллион теңге жұмсаймын": Қазақстандық панажай иелері далада қалған жануарларды қалай асырайды