Келер жылдан бастап қала және аудан әкімдерінің жұмысы жаңа KPI бойынша бағаланады
Фото: t.me/KZgovernment
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімдіктері мен министрліктерге халықты тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алсын", – деп тапсырды премьер-министр.
Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын құруға база назар аудару қажет екені атап өтілді.
Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2025-2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректі мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесіне орналастыруды қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Бұған қоса премьер-министр 2026 жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізуді тапсырды.
Ал цифрлық даму министрлігіне жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыру тапсырылды.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
