Кейбір психологтардың өзіне психолог керек – Депутат

Депутат Бақытжан Базарбек 8 сәуірде Мәжілістің пленарлық отырысында "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасын талқылау барысында кейбір психологтардың жұмысына сын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, қазіргі кезде психологтарға жүгінген азаматтардың кейбірі керісінше, қосымша психологиялық көмекке мұқтаж болып қалып жатады.
Депутаттың пікірінше, әлеуметтік желіде және тікелей эфирлерде кеңес беретін мамандардың арасында кәсіби деңгейі күмән тудыратындары бар.
"Кейбір психологтарды тыңдасаңыз, олардың өздеріне психотерапиялық көмек қажет сияқты. Соған қарамастан, олар курстар өткізіп жүр. Психологиялық көмектің мақсаты – адамның жағдайын жақсарту. Бірақ кейде мұндай “көмектен” кейін адамдар күйзеліске түсіп жатады, тіпті ажырасуға дейін барады", – деді ол.
Сонымен қатар депутат психологиялық қызметті бақылауды күшейту бойынша қосымша шаралар ұсынды.
"Тағы бір ұсынысым, егер адам психологиялық көмек алып, бірақ күтілген нәтижеге қол жеткізбесе, сотқа жүгіну құқығы болуға тиіс", – деп қосты депутат.
Құзырлы орган депутаттың ұсынысын қолдады.
"Моральдық зиян келтіргені үшін әрбір адам сотқа арыз беруге құқылы. Сондықтан егер заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет болса, біз қарастыруға дайынбыз", – деді Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова.
"Кім көрінген психолог болып кетті": Енді психологтар мемлекеттік тізілімге тіркеледі
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Қазақстанда психологтардың қызметін жүйелі түрде реттейтін дербес заң қабылдануы мүмкін. Мәжіліс "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар талаптарды бұзған мамандарға айыппұл қарастырылғанын мәлімдеді. Кінәлі тұлға Қылмыстық кодексі бойынша жауапқа тартылады. Зиянның ауырлығына қарай айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.