"Қазмұнайгаз" басшылығы: Үстемақы мен сыйақыдан бас тарту арқылы 2021 жылға қарай бес млрд теңге үнемдейміз
«ҚазМұнайГаз» компаниясының адами ресурстарды басқару жөніндегі атқарушы директоры Дәулетжан Хасанов үстемақы мен сыйақы беруден бас тарту арқылы 5 миллиард теңге үнемдеуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Біз осы жылы өтемақы төлеуімізге орай ақша үнемдейміз деген ойымызда жоқ. Бірақ 2021 жылға қарай біз бұл шаралардан бас тарту арқылы бес миллиард теңге үнемдеуді жоспарлап оытрмыз", - дейді Дәулетхан Хасанов.
Сөзінше, дағдарысқа қарсы стратегияға сәйкес, мемлекеттік ұйым 2021 жылдың соңына дейін барлық үстемақы мен сыйақыдан бас тартпақшы. Бұған қоса сауда жоспарлары қайта қаралып, бірқатар жобалардың ұйымдастырылуы кейінге шегерілді. Осылайша "Қазмұнайгаз" шығын көлемін 149 миллиард теңгеге дейін қысқартыпты. Бұған қоса акционерлерге дивидент төлеу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.
Сонымен қатар мамыр айында «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма шешімімен орталық аппаратта жалақы төлеудің жаңа жүйесі бекітіліпті. Ол жүйе бойынша басшылық құрамының жалақысы 30 пайызға азаяды. Ал басшылық қызметтердің санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буынды менеджерлердің жалақылары 20 пайызға төмендейді. Басқа – қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталады екен.
«Бұл стратегия шығындарды азайтуға және дағдарыстан кейінгі кезеңде мекеменің тез әрі тиімді дамуына мүмкіндік береді. Осы шаралардың аясында Директорлар кеңесінің шешімі негізінде компанияның жаңа құрылымы бекітілді. Оған сәйкес орталық аппараттағы штат 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттердің саны үш есе азайды. Басқарушы директорлар лауазымы жойылды. Осылайша «ҚазМұнайГаз» компаниясының орталық аппараты нарықтағы өзгерістерге тез әрі тиімді жауап бере алатындай жинақы болып, қайта құрылады», - деп қосты Хасанов.
Еске салайық, бұған дейін "ҚазМұнайГаз" дағдарысқа байланысты жаппай қызметкерлерді қысқарта бастағаны айтылған еді.
Қазақстанда 2021 жылға арналған АЕК, ең төменгі зейнетақы мен жалақы мөлшері жоспарланды