Қажылыққа барудың ең қысқа жолы: Меккеге барар алдында нені білу керек?
Мұсылманның бес парызының бірі саналатын қажылық сапарына қалай дайындалу керектігін, оны қалай жоспарлаған дұрыс екендігін бірі білсе, бірі білмес. Stan.kz тілшісі жақында Сауд Арабиясына сапары барысында Мекке қаласында кіші қажылықты өтеп қайтқан еді. Умраның шарттары қандай екенін және Меккеге барудың ең тиімді жолы туралы бүгінгі мақаламыздан оқыңыз.
Фотосурет: Stan.kz
Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі. Мұны шамасы келген әрбір мұсылман орындауы тиіс. Қажылық үлкен және кіші деп екіге бөлінеді. Үлкен қажылық белгілі бір уақыт аралығында (Зуль-Хиджа айында) орындалса, кіші қажылықты жылдың кез келген уақытында өтеуге болады. Бүгін біз кіші қажылық қалай орындалатыны туралы айтып бермекшіміз.
Қажылық Сауд Арабиясының Мекке қаласындағы Әль-Харам мешітінде орындалады. Онда барша мұсылманның құбыласы саналатын Қағба орналасқан. Алдымен Қағбаның салынуы жайлы аңызға тоқталып өтейік.
Фотосурет: islamnews.ru
Қағбаның салынуы туралы аңыз
Қағба – жер бетінде тұрғызылған тұңғыш құлшылық орны. Адам атаның жер бетіне түскеннен кейінгі ең алғашқы ісі періштелердің көмегімен осы Қағбаны тұрғызу болған. Сан дәуірлер артта қалып, уақыт сусып өткен сайын бұзылып, көнерген жерлері талай рет жөнделіп отырған. Қағба жер бетін Нұһ топан суы басқанға дейін ғибадатхана міндетін атқарып келген еді. Алайда жер бетін басқан топан судан кейін, өкінішке қарай, бұл қасиетті құлшылық орнының ең болмаса қираған ізі де білінбей, адамзатқа беймәлім күйде қала берді.
Бірақ жер шарының кіндігі іспеттес болған жер бетіндегі алғашқы ғибадат орнын Алла Тағала кейінгі мұсылман құлдарына беймәлім қалдырмады. Бұл қасиетті құлшылық орнын мұсылмандарға құбыла етіп, қайта жөндеу ісін Ибраһим пайғамбар мен баласы Ысмайылға табыстады. Ибраһим (а.с.) мен ұлы Ысмайылдың қазіргі таңдағы қасиетті Қағбаны қайта тұрғызулары былай еді. Ысмайыл (а.с.) зәмзәм суының маңайында өсіп тұрған ағашты көлеңкелеп, оқ жонып отырған-ды. Бір мезет сонадайдан өзіне қарай келе жатқан әкесі Ибраһимді (а.с.) байқаған ол дереу атып тұрып, алдынан куана жүгіріп шықты. Көптен көріспей, сағынысқан әке мен баланың құшақтары айқаса кетті. Баласының шашынан сипап, маңдайынан иіскеп, мауқын басқан әке мен әке мейіріміне шөлдеген бала арасында артынша төмендегідей әңгіме ізін тапты.
– Балам, Алла Тағала маған үлкен міндет жүктеп отыр.
– Әке, ол қандай міндет? Алла Тағала жүктеген міндетті тезірек атқарғаныңыз жөн болар.
– Бірақ оған сенің көмегің керек, балам.
–Әке, мен қашан да өзіңізге қолғабыс етуге әзірмін. Ондай абыройлы істен маған да үлес тигені Алланың маған оң қарағаны шығар, – деді Ысмайыл іштегі қуанышын жасыра алмай.
Әке де баласынан осы жауапты күткендей:
– Ендеше, дәл мына тұстан Алланың әмірін орындап, кұлшылық орнын салайық, –деді күллі әлемдегі мұсылмандардың ғибадат орнына айналған қасиетті Қағбаның орнын көрсетіп.
Осылайша, Алла Тағаланың өздеріне белгілеп көрсеткен жерінен Қағбаның қайта салынуын бастап та кетті. Ысмайыл тас тасып, әкесі Ибраһим (а.с.) қасиетті үйдің қабырғасын қалай бастады. Жұмыс оңға басып, құрылыс биіктеген сайын Ибраһим (а.с) үшін тас қалау қиынға соқты. Екеуі өзара ойласып, Ысмайыл әкесінің аяғының астына текпешік-саты тәріздес ұзынша, биік тас әкеліп қойды.
Ибраһимнің (а.с.) аяғының ізі түскен бұл тас қазіргі кезде "Мақаму Ибраһим" деп аталып, қажылықта сол тұста арнайы намаз оқылып, ерекше зиярат етілуде.
Мұсылмандар үшін жер бетінде Қағбадан қасиетті екінші бір орын жоқ. Өйткені бұл киелі ғибадат үйі Ұлы Жаратушымыздың әмір етіп, Жебірейілдің (а.с.) жобасын көрсетуі арқылы салынған.
Қағбаның төрт қабырғасы қаланып, кезек бүгінгі "Хажарул-Әсуад" деп аталатын қасиетті қара тас тұрған бұрышқа жеткенде, Ибраһим (а.с) ұлы Ысмайылға тауафтың басталатын орнын білдіретін белгі ретінде бір тас әкелуін тапсырды. Ысмайыл әкесінің тапсырмасын орындау үшін тас іздеп тауға кеткенде, Жебірейіл періште Ибраһимге (а.с.) жұмақтан тас алып келіп, Қағбаның бұрышына сол тасты қою керектігін жеткізеді. Риуаяттар бойынша әуелде қардай аппақ, көргендерді таңғалдырған бұл қасиетті тас жұмақтан әкелінген екен. Бірақ кейіннен уақыт өте келе адамдардың күнәһар қолдары тие-тие кара тасқа айналыпты.
Қасиетті қара тасты Қағбаның бұрышына орналастырумен Қағбаның құрылысы толық аяқталып, Ибраһим (а.с.) мен ұлы Ысмайыл Раббыларына қол жайып былайша дұға жасап, тілек тіледі:
"Раббымыз! Бізден (бұл істеген ісімізді) қабыл ал! Сен (тілегімізді) естуші және білушісің. Ей, Раббымыз, екеумізді де өзіңе ғана бойұсынушы қыл. Ұрпақтарымыздан да өзіңе ғана бойұсынушы үммет жасай гөр. Әрі бізге қажылық амалдарымызды көрсетіп, тәубемізді қабыл ал! Әлбетте, Сен тәубемізді қабыл алушы жане мейірім етушісің. Ей, Раббымыз, ұрпағымыздың ішінен оларға аяттарыңды оқитын, Кітабынды және тағылымдарыңды үйрететін, оларды (шірктен) тазалайтын елші жібере гөр. Күмәнсіз, сен шексіз құдірет иесі Fазизсің. Әр істі орынды істейтін, еш нәрсені босқа істемейтін Хакимсің".
Бүгінгі таңда көріп отырған Қағба Ибрахим (а.с.) мен Ысмайыл (а.с.) пайғамбарлар салған ғимаратқа мүлдем ұқсамайды. Уақыт өте келе табиғи және техникалық апаттарға байланысты ол қайта құруды қажет етіп тұрды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің заманында оған пайғамбарлық міндеті келмей тұрып Қағбаның күрделі қайта құрудан өткені бәрімізге белгілі. Бұл пайғамбарымыздың Қара тастың астына мата қойып, сол арқылы әр тайпаның көсемі көтере алатындай етіп ұсыныс жасап, үлкен қантөгісті болдыртпаған оқиғасымен дәлме-дәл келеді. Сол кезден бастап күрделі құрылыс жұмыстары бірнеше жүз жылда бір рет өткізілетін болды. Соңғы құрылыс 1996 жылы өткізіліп, үлкен жұмыстар атқарылды: тастары, шатыры ауыстырылып, іргетасы бекітілген.
Умра немесе кіші қажылық қалай орындалады?
Ниет. Құрлық арқылы Меккеге баратын қажылар ихрам киіп, миқатпен сол жерде ниет етеді. (Топ басшысы миқаттың орналасқан жерін хабарлауы керек). Миқат – Қажыға немесе умраға баратын адамдардың ихрамға оранбай өтуге болмайтын жерлері.
Ихрам – қажылық жасаушы ер адамдар киетін екі ақ матадан тұратын киім.
Меккеге әуе жолымен баратын қажылар миқат үстінде умраға ниет етеді. Миқатқа 15 минут қалғанда және миқаттан ұшып өтіп бара жатқан кезде борт капитаны қажыларға бұл туралы хабарлайды. Ниет жүректе болса жеткілікті, бірақ оны сөзбен жеткізген абзал. Ниеттің сөзбен айтылуы:
"Аллаһумма ләббәйка умратан".
Умраға ниет еткеннен кейін қажылық кезінде ерлерге дауыстап, әйелдерге іштей тәлбияны қайталау ұсынылады:
Ляббайка-Ллахумма, ляббайк. Ляббайка ла шарика ляка, ляббайк! Инна-л-хамда уан-ни 'амата ләка уа-л-мүлк, лә шарика лаһ! (Мағынасы: Міне, мен сенің алдыңдамын, Уа,Алла! Міне, мен сенің алдыңдамын! Міне, мен сенің алдыңдамын! Сенің серігің жоқ! Саған мақтау, рахым мен құдірет саған тән! Серік жоқ!)
Меккеге келіп орналасып және аз уақыт демалған соң қажылар умра жасау үшін әл-Харам мешітіне Қағбаға баруы керек. Қажылардың қағбадағы бірінші әрекеті – тауаф жасау (Қағбаны жеті рет айналып өту).
Фотосурет: Stan.kz
Тауаф. Тауаф Қағба қабырғасындағы қара сызықпен белгіленген жерден басталып, жарқыраған жасыл белгімен белгіленген жерде аяқталады. Тауаф кезінде оң иықтың ашық, сол жақ иықтың ихраммен жабылуы абзал. Әр айналымның басында қажы Қағбадағы қара тасқа оң қолын көтеріп және басын бұрып:
"Бисмилләһ, Аллаһу әкбар!" – дейді.
Тауаф кезінде Алла Тағалаға дұғалар арқылы жүгіну керек. Құран оқуға болады. Йемен бұрышы мен Қара тас арасындағы әр шеңбердің соңында қажы мына дұғаны оқиды:
"Раббана! Ати-на фи-д-дунья хасанатан уа Фи-л-ахирати хасанатан, уа қина 'азаба-н-нар! (Раббымыз! Бізге дүниеде де, ақыретте де жақсылық бер және тозақ азабынан сақта!)
Егер қажы өзінің қанша айналымды аяқтағанына күмәнданса, мысалы, үш немесе төрт рет айналса, онда ол үштен, яғни сенімді болған саннан бастап, жалғастырады.
Тауаф біткеннен кейін қажы мүмкіндігінше "Мақам Ибраһим" жерінің артында екі рәкат намаз оқиды, бірақ бұл басқа қажылардың тауаф жасауына кедергі болатын болса, бұл намазды мешіттің кез келген жерінде оқуға болады. Бұл намазда екі иығына ихрам киген жөн. Сүннет бойынша бірінші рәкатта "Кәфирун" сүресін, екіншісінде "Ықылас" сүресін оқиды.
Фотосурет: Stan.kz
Зәмзәм суын ішу. Намаздан кейін қажы жол бойында зәмзәм суын ішіп, әс-Сафа төбесіне қарай бет алады.
Сафада мына аятты оқу керек:
"Иннәс сафә уәлмәруәтә мин шәъаириллаһи [cалә] фәмән хәжжәл бәйтә әуи ътәмәрә фәлә жунәхә ъаләйһи әй йәттаууәфә биһимә [жим] уәмән тәтаууәъа хайрән фәинналлаһа шәкирун ъалиим” (Мағынасы: “Расында, әс-Сафа мен әл-Маруа – Алланың белгілерінен. Кімде-кім үйге қажылық немесе умра жасаса, оларды айналып өтуге рұқсат етіледі. Ал кім өз еркімен жақсылықты таңдаса, Алла Тағаланың Шөлдерді сыйлаушы және Білуші”). (Бақара сүресі, 158-аят).
Содан соң Қағбаға бұрылып, мына дұғаны оқыңыз:
"Лә иләһә иллә-Ләһу уахдаху лә шарика ләһу, лаху-л-мүлку, уа лаху-л-хамду уа хуә ‘ала кулли шайын кадир! Лә иләһә илләһә уәһдәһу, әнжәза уа ‘дәһу, уә насара’ абдәһу уә хазәма-л-әһзабә уәһдәһ! (Мағынасы: Алладан басқа тәңір жоқ, оның серігі жоқ, билік Оған тән, мақтаулар болсын, Ол құдіретті! Уәдесінде тұрған, құлына көмектескен және (дұшпан) тайпаларды жалғыз жеңген Алладан басқа тәңір жоқ.).
Фотосурет: Stan.kz
Сай. Содан кейін қажы Сайды бастайды. Сай дегеніміз әс-Сафа төбесінен әл-Маруа төбелеріне қарай және кері қарай қозғалыс. Төбеде жасыл шаммен белгіленген жол учаскелерінің арасында ер адамдар жүріс қарқынын тездетуі керек. Әл-Маруаға жеткен қажы Қағбаға бұрылып, әс-Сафада оқылған аят пен дұғаны қайталайды (жоғарыдан қараңыз). Содан кейін қажы қайтадан әс-Сафаға оралып, аталған аят пен дұғаны оқиды. Бұл әрекет жеті рет қайталанады. Әс-Сафадан әл-Маруаға дейінгі жол бір айналып болып саналады, ал кері жол да тура солай бір айналым саналады. Осылайша, қажы Сайды әл-Маруада аяқтап, оған төртінші рет жетеді. Рәсім барысында дұғалар, қасиетті аяттар мен зікірлерді оқыған жөн. Әл-Маруаға соңғы жетінші рет жеткен қажы жоғарыдағы аяттар мен дұғаларды оқымай-ақ, әс-Сафа мен әл-Маруадан кете алады. Сай аяқталды деп есептеледі және қажы шашын қысқарту рәсімін жасай алады. Ерлер шашын қысқартады немесе қырады, ал әйелдерге шашының ұшын бір саусаққа дейін қысқарту қажет. Бұл кезде умра аяқталған болып саналады.
Мешіттен шыққан соң алдыңыздан шаштараздар шығады. Саудаласып, жақсы бағаға шашыңызды алдырсаңыз болады. Шаш алдыру шамамен – 10 риал (1275 теңге). Шаштараздарға түсіндіру үшін мына сөздерді айтыңыз. Макина – шашты түбімен машинамен алдыру. Макас – қайшымен аз ғана алдыру. Мус – шашты ұстарамен түгелімен алдыру. Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша шашты түбімен алдырудың сауабы көп деп есептеледі.
Ихрам жағдайында тыйым салынған нәрселер:
• Шаш пен тырнақ алу.
• Денеге немесе ихрамға хош иіс жағу.
• Ерлерге бас киім кию.
• Отбасын құру немесе құдандалы болу.
• Отбасылық жақындық пен сүйіспеншілік.
• Ерлерге тігілген киім кию.
• Аң аулауға шығу
Осы тыйымдардың бірін бұзған адам білместіктен, ұмытшақтықтан немесе мәжбүрлеуден істесе, кешірім болып саналады. Кімде-кім мұны әдейі істеген болса, кәффарат ретінде не істеу керектігін түсіну үшін имамдардан немесе ғұламалардан сұрау керек.
Фотосурет: Stan.kz
Қасиетті мекенге қазақстандықтар қалай бара алады?
Қажылық сапарын өтеуді ұйғарсаңыз сізге қуанышты жаңалығымыз бар. Жақында Air Astana әуекомпаниясы Алматы – Жидда (Сауд Арабия қаласы) бағытында тікелей рейстерін ашты. Әуе рейстері қазан айында сәрсенбі және жексенбі күндері орындалады. Ал 1 қарашадан бастап ұшу сәрсенбі және сенбі күндері, желтоқсаннан бастап қосымша дүйсенбі күндері жүзеге асырылмақ.
Бұл бағыт бойынша 166 орны бар Airbus A321 LR жайлы әуе кемелері қатынайды. Ұшу ұзақтығы – 6 сағат 50 минут, қайтатын рейс ұзақтығы 5 сағат 45 минутқа созылады.
Қызмет құнынан басқа барлық төлемдерді қосқанда эконом-кластағы әуе билеттерінің ең төменгі құны 320 мың теңге, бизнес-класта 760 мың теңгеден асады.
Бұл бағаға ұшақ бортында екі мезгіл тамақтану, түрлі сусындар және т.б. тәттілер мен тіскебасарлар кіреді. Сондай-ақ ұзақ сапар барысында ішіңіз пыспас үшін ұшақ бортында әртүрлі жанрдағы қазақша-орысша таңдаулы фильмдердің топтамасы ұсынылған. Сонымен қатар жолаушылардың ыңғайлылығы үшін құлаққап, ұйықтағанда көзді жапқыш, т.б. сыйлыққа беріледі.
Фотосурет: Stan.kz
Жидда – Сауд Арабиясының Эр-Риядтан кейінгі екінші үлкен қаласы. Қызыл теңіз жағалауында орналасқан қала ежелден Меккеге қажылық сапарына келушілердің портты қаласы болған. Содан бері Жидда қаласын "Мекке қақпасы" деп атайды. Мекке қаласында әуежай болмауына байланысты қажылар алдымен Жидда қаласына келіп, содан кейін Меккеге аттанады. Мекке мен Жидда қаласының арасы 100 шақырымды құрайды. Жидда қаласынан Меккеге жылдам пойыздар қатынайды. Олар сағатына 300 шақырым жылдамдықпен жүреді. Меккеге 25-30 минутта жеткізеді. Пойызға билетті алдын ала мына сайттан сатып алуға болады: www.sar.hhr.sa. Билет құны бір бағытқа шамамен 46 риал (6000 теңге).
Фотосурет: Stan.kz
Қажылыққа барушыларға қосымша кеңестер:
• Қажылыққа алғаш рет келген болсаңыз, алдын ала гид жалдау қажет. Себебі көптеген рәсімдерді дұрыс жасамауыңыз не шатасуыңыз мүмкін. Мекке қаласында оқитын отандастарымыз сіздерге көмектесе алады.
• Өзіңізбен өкшесі ашық тәпішке ала барыңыз.
• Телефон және ақшадан басқа артық заттарды қонақ үйге тастап кеткен жөн.
• Зәмзәм суын сатып алмаңыз. Қазіргі таңда әуежайлардағы жаңа ереже бойынша бөтелкені ұшаққа кіргізбейді. Тек Жидда қаласының әуежайында арнайы қорапқа салынған зәмзәм суын сатып алуға болады. 5 литр зәмзәм суының бағасы – 8 риал (1020 теңге). Бір адам тек 5 литр зәмзәм суын сатып ала алады. Сатушыға паспортыңызды көрсету міндетті.
Қасиетті Қағбаның атмосферасы мүлдем ерекше. Оны көрген көзге ыстық жас үйіріліп, оны сезген жүрек басқа бір ерекше сезімге бөленіп, адамдықтың биігіне қарай серпіліп, бір мезет болсын, мына фәни дүниені ұмытады.