"Қажы емессің бе?!": Меккеден оралған Қарақат Әбілдина орамал тағуға қатысты пікір білдірді
Танымал әнші Қарақат Әбілдина орамалға қатысты оқырман сұрағына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://vk.com/photos385241230
Өнер иесі жаңа жыл қарсаңында отбасымен бірге қажылық сапарға аттанған еді.
“Міндетті түрде орамалға келемін. Инша Алла! Сән үшін емес, саналы түрде келемін. Жаратушымның әмірі жүрегіме түскен кезде келемін. Бір киіп, бір шешетін орамал ойыншық емес! Талайларды көріп жүрміз, ондайлардың қатарынан болғым келмейді. Бұл әйел заты үшін өзекті тақырып, өте күрделі қадам. Әсіресе біз өмір сүріп жатқан қоғамда өте маңызды. Адам бірінші сырт келбетін бүтіндеуден бастамас бұрын, ішкі әлемін, руханиятын иман байлығымен толықтыруы керек! Саналы түрде дегеніміз – сол. Ілім, білім жинап, ақылмен шешім қабылдаса қайырлысы сол болмақ. Бұл – менің пікірім. Қате шығар мүмкін?! Мысқылдап жазған пікіріңізге қысқаша жауабым осы. Алла түзу, қайырлы жол берсін!”, – деп жазды әнші.
Айта кетейік, өнер иесі 16 жылдан кейін Меккеге барғанын айтқан еді.
“2007 жылы қасиетті жерге алғаш келген едік. Екінші ұлым, Имашыма 3 айлық аяғым ауыр болатын. Тұңғышымыздан кейін сегіз жыл бала тұрмады. Сол жылы Бекболатымыз бір қауіптен аман қалып, әкемнен айырылып жан дүнием боп-бос, әбіржіген кезімде ұлық Алла өзі шақырғандай жолымыз түседі. Алғаш Әл-Харамға қадам басып, қағбаны көзіммен көрген кездегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын”, – деп жан сырын ақтарған еді.