Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың Қарын бүрмесін заманға сай әдіспен, үйде пісіріп көріңіз (фото)

Мейрамхананың бас аспазы Алексей Немченко Stan.kz оқырмандарына Қарын бүрменің қалай әзірленетінін көрсетті.

3E0A2932

Осыдан 5 ай бұрын оңтүстік астанамыз жаңа мейрамханамен толықты. Аталған қазақ асханасының орталығында түрлі ұлттық тағамымыз әзірленеді. Қарын бүрме, жаубүйрек, қимай, шыртылдақ, сірне, сүбе сынды тағамдар қымыз, саумал, шұбатпен бірге ұсынылады. Ең басты ерекшелік – тағамдардың заманауи әдіспен әзірленуі. Мейрамхана иесі Мұхтар Сыздықов мәзірге алкогольді ішімдік қосудан бас тартыпты. Ол осылайша қазақ жастарына үлгі болып, оларды ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баулымақ. Бүгін Алматыдағы ең беделді деген мейрамхананың бас аспазы Алейсей Немченко Stan.kz оқырмандарына бүрме қарынды әзірлеу тәсілін көрсетті.

«Менің басты мақсатым – жоғарғы деңгейдегі қазақ асханасын ұйымдастыру. Егер Италия халқының ата-бабасы пицца немесе паста, ал Жапондардың аталары суши жеген деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Ұлттық тағамдар заман талабына сай өзгеріп отырулары тиіс. Тағам әзірлеуде біз осы бағытты ұстандық. Шетелден келген қонақтарға біздің түп-тамырымыздың бар екенін көрсеткім келеді. Қазақ халқы тек малдың соңынан жүрген жоқ. Текемет, түрлі кілем, сырмақ басты. Яғни мейрамхананың ішкі интерьері арқылы осыны көрсеткім келді. Қымызды әзірге Меркі өлкесінен алдырып жатырмыз. Күн жылыса, оны Нарынқолдан алдырмақпыз. Әдетте Нарынқолдың қымызы жаздың соңына қарай керемет дәмге ие болады. Ал түйе мен шұбаттың жайын Кіші жүз жақсы біледі. Сол себепті шұбатты Шәуілдір өлкесінен алдырамын», – дейді “Baursak city” мейрамханасының директоры Мұхтар Сыздықов.

3E0A2965

Аталған мейрамханада жоғарғы санаттағы 4 аспаз жұмыс істейді екен. Олардың барлығының орыс ұлтынан екенін байқадым. Осы орайда, олардың ұлттық тағамдарымызды қайдан үйренгенін сұрауды жөн көрдім.

«Біріншіден, олардың бұл салада алған жүйелі білімі бар. Жасыратыны жоқ, халқымыз баласының аспаз болғанын қаламайды. Біз жоғары білімді ұлтқа жатамыз. Қазір асханамызда жұмыс істеп жатқан жігіттерімізді арнайы шақырттым. Олардың жалақысы мектеп мұғалімінікіне қарағанда 3-4 есе көп. Әрине, ұлттық тағамдарымызды өзімідікілердің дәріптемей жүргені өкінішті. Десе де, осы тұста өзім ұстанған бір саясат бар. Бұл жігіттің төртеуі де өмір бойы менің мейрамханамда жұмыс істемейтіні анық. Есесіне олар қазақтың ұлттық тағамдарының барлығын білетін болады. Осылайша оның кең таралуына септіктерін тигізеді. Айта кететін тағы бір жайт біздің мейрамханамызда ішімдік жоқ. Басқа мейрамхана саласында жүрген әріптестерім осыны ескергенін қалаймын. Біз жастардың өсіп-өркендеуіне үлес қосуымыз керек», – дейді Мұхтар Сыздықов.

Жылы қарсы алған мейрамхана қызметкерлері мені бірден асханаларына кіргізді. Тазалық шаралары толықтай сақталып, тағамды әзірлеуге кірісіп кеттік. Аспаздар өзара әзілдерін айтып шүйіркелесіп те, өздеріне тиесілі тағамдарды әзірлеп те үлгеріп жатты. Ал Қарын бүрменің жасалу әдісін аталған мейрамхананың бас аспазы Алексей Немченко көрсетті.

3E0A2707

1. Қазыны кесеміз.

3E0A2717

2. Қойдың етін кесеміз.

3E0A2726

3. Бүрме қарын 3 сағат бойы қайнайтындықтан, көкөністерді үлкен етіп тураймыз.

3E0A2729

4. Сәбізді кесеміз.

3E0A2922

5. Ақжелкенді аса қатты майдаламаймыз.

3E0A2745

6. Бұрыштың жасыл, қызыл, сары түстілерін де қосамыз.

3E0A2750

7. Бірнеше картоп қажет.

3E0A2754

8. Қызанақты да үлкенірек етіп кесеміз.

3E0A2779

9. Жоғарыдағы көкөністердің барлығын бір ыдысқа салып араластырамыз. Қажет мөлшерде дәмдеуіштер қосамыз. Қарын бүрме аталған мейрамхананың фирмалық асы болғандықтан, қандай дәмдеуіштер қосатынын айтудан бас тартты. Осы орайда, оларға түсіністік танытып, артық сұрақ қоймадым.

3E0A2803

10. Жақсылап араластырылған көкөністерді қарынның ішіне саламыз.

3E0A2810

11. Кішкене сорпа құямыз.

3E0A2817

12. Қарынның ашық бөлігін жіппен тігіп шығамыз.

3E0A2839

13. Оны асхана целлофанымен нығыздап ораймыз.

3E0A2851

14. Қарын бүрмені сорпада емес, суда қайнатамыз.

3E0A2865

15. Қарын бүрме 3 сағат қайнауы тиіс.

3E0A2888

16. Үш сағаттан кейін үстіне май құйып, жақсылап қуырамыз.

3E0A2902

17. Безендіруге арналған бұрыштарды да қуырамыз.

3E0A2893

18. Безендіруге черри қызанағы мен салат жапырағын пайдаланамыз.

3E0A2938

19. Әдетте дайын болған тағамды даяшыға Алексейдің өзі ұсынады.

3E0A2947

20. Даяшы ұлттық тағамды “иесіне” табыстайды.

3E0A2985

21. Осымен Қарын бүрмеміз дайын. Астарыңыз дәмді болсын! Суреттегі “Қарын бүрмені” Baursak city мейрамханасынан небәрі 3 000 теңгеге ала аласыздар. Мұнымен қатар, аталған мейрамханада аптаның жұма-жексенбі күндерінде кешкі сағат 19:00-ден, 22:00-ге дейін өнерпаздар әртүрлі аспаптың күмбірімен құлағыңыздың құрышын қандырып қазақ халқының ұлттық музыкасымен сусындатады. Қазақстандық жұлдыздармен дастархандас болуыңыз да ғажап емес. Өйткені ашылғанына аз уақыт болса да, танымал тұлғалар аталған мейрамханаға келуді әдетке айналдырған.

«Мен Алматы қаласында туып-өстім. Қазақ асханасымен өмір бойы байланыста болдым. Оның үстіне ата-әжелерім маған өздерінің білгендерін үйретіп кетуге тырысты. Уақыт өте келе халқымыз ұлттық тағамдарымыздың әлдеқайда дәмді екенін біле бастады. Жалпы өзім бұл салады 16 жылдан бері жүрдім. Қазақтың ұлттық тағамдарын асқан махаббатпен әзірлеймін. Оның кез келген түрін жасай аламын», – дейді аспаз Алексей Немченко.


Жіберіп алмаңыз:

Қазақтың мына ұлттық тағамы сіздің дәм сезу рецепторларыңызды “жарары” анық

Қаназдық ауруына таптырмас ем болған сірне тағамын әзірлей аласыз ба?

Дәмі тіл үйіретін “майсөк” тағамының қалай жасалатынын білесіз бе?

Ер азаматтардың күш-қуатын арттыратын “Жаужүрек” тағамын әзірлей аласыз ба?

Талқылау